Satbayev University мен Hyundai Trans Kazakhstan машина жасау саласында мамандар даярлауда

29 December, 2023

Сәтбаев Университеті «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны «Hyundai Trans Kazakhstan» автомобиль зауыты алаңында Көліктік инженерия және логистика мектебінің оқу орталығын ашты.

Оқу орталығының ашылу салтанатына Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев, Hyundai Trans Kazakhstan компаниясының директоры Илья Мельников және Сәтбаев Университетінің студенттері мен кәсіпорын өкідері қатысып, оқу орталығын ашу туралы келісімге қол қойды.

«Hyundai Trans Kazakhstan» зауытындағы оқу орталығының негізгі мақсаты – автомобиль өнеркәсібіне қажетті жоғары білікті мамандарды даярлау, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және олардың нәтижелерін оқу үдерісі мен өндіріске енгізу болмақ.

– Біздің университет ең алдымен студенттер өндірістік тәжірибе жинай алатын орын, – деп атап өтті Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев. – Еңбек нарығының нақты ойыншыларымен ынтымақтастық қарым-қатынас – біздің стратегиямыздың негізгі элементтерінің бірі.

Сәтбаев Университетімен ынтымақтастық қарым-қатынас жасау және инженер-техник мамандардың жаңа буынына практикалық тәжірибе үйрету өте маңызды екенін «Астана Моторс» СЕО бас директоры Бекнұр Несіпбаев баса атап өтті.

Сәтбаев Университеті автомобиль өнеркәсібі саласы бойынша ғылыми зерттеулердің санын арттыруды жалғастыруда. Hyundai Trans Kazakhstan компаниясымен ынтымақтастық аясында студенттерді практикалық тәжірибеден өткізу және университеттің профессор-оқытушылар құрамын өндірістік тағылымдамадан өткізу; сондай-ақ компания қызметкерлерін көлік саласындағы MBA, DBA бағдарламалары бойынша оқыту да жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Сәтбаев Университеті мен Hyundai Trans Kazakhstan өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандум студенттерді тәжірибелік практикадан өткізуді, ғылыми кадрларды даярлау және технологиялық процестерді әзірлеу саласы бойынша ынтымақтастық қарым-қатынасты қарастырады. Биылғы жылдан бастап сондай-ақ бакалавриатқа арналған «Автомобиль көлігі өндірісі және сервисі» білім беру бағдарламасын іске қосу жоспарланды.

Satbayev University мен Hyundai Trans Kazakhstan машина жасау саласында мамандар даярлауда