Қазақстанда Канада техникалық жоғары оқу орындарын ашу талқыланды

19 January, 2024

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Канаданың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алан Хамсонмен кездесті.

Сондай-ақ, кездесуге елшіліктің сауда жөніндегі кеңесшісі Эдуард Уот, елшіліктің екінші хатшысы Юргите Рушкит, Қазақстан тарапынан – ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің өкілдері қатысты.

Министр Алан Хэмсонға екі ел арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін ризашылығын білдіріп, Канадамен одан әрі өзара тиімді серіктестікке әзір екенін білдірді.

«Бүкіл әлем бойынша жоғары білім беру саласындағы бәсекелестік қарқын алуда, осыған байланысты біздің еліміз қазақстандық студенттердің Қазақстанда да, шетелде де сұранысқа ие болатын білім мен дағдыларды алуы үшін нақты шаралар қабылдауда.

Мәселен, 2024 жылдың басында бізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 8 филиалы жұмыс істейді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Ұлытау облысына сапары аясында 2022 жылғы 16 маусымда Жезқазған қаласында мемлекеттік техникалық университет ашу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Бүгінгі таңда канадалық жоғары оқу орындарының консорциумымен әріптестікте профессор-оқытушылар құрамымен, білім беру бағдарламаларымен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтап жатырмыз», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, қазір ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арасында Жезқазған қаласындағы техникалық Университеттің жұмыс істеуі бойынша меморандумға қол қойылуда. Бүгінгі таңда Ұлытау облысының әкімдігімен кампус салу үшін 25 гектар жер қарастырылған.

Өз кезегінде Канаданың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алан Хансон Канада үкіметі канадалық жоғары оқу орындарының қазақстандық жобаға қосылу идеясын қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ елші канадалық университеттермен келіссөздер жүргізуге және оларды іріктеуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді:

«Білім беруді, ғылымды және цифрлық технологияларды дамыту, жастар үшін ең жақсы жағдай жасау үшін ортақ күш-жігерді біріктіру екі елдің көптеген маңызды салаларына жағымды әсер етеді. Мен осы жаңалықтардың бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Мұндай жобалар білім беру, зерттеу, студенттерге қызмет көрсету және аймақты танымал ету саласында үздік идеялар әкелетініне сенімдімін.

Канада мен Қазақстан көп жағынан ұқсас: ауыл шаруашылығы, мұнай және газ, пайдалы қазбаларды өндіру және білім беру. Біздің елдеріміз арасында үлкен синергия бар деп айтуға болады, сондықтан біз үшін сізбен ынтымақтастықты нығайту өте маңызды».

Кездесу соңында тараптар канадалық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандум жобасын әзірлеу және дайындау туралы уағдаластыққа келді.

Қазақстанда Канада техникалық жоғары оқу орындарын ашу талқыланды