2023 жылы қоныс аудару жобасына 200-ден астам отбасы қатысты

25 January, 2024

2023 жылы 214 отбасы жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударушылар мен  қандастарды және олардың отбасы мүшелерін  бейімдеу және интеграциялау бойынша қызметтер көрсету жөніндегі пилоттық жобаға қатысты.

Пилоттық жобаға Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан қоныс аударушылар қатысты.

Пилоттық жобаға қатысушылардың бірі ҚХР-дан қоныс аударған – Майна Калимаштың отбасы болды. Қандастарды қабылдау жөніндегі комиссияның отырысында Майнаның отбасын өңірлік квотаға қосып, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған шығынтарды өтеу туралы шешім қабылдады.

«Мен ҚХР-дан көшіп келдім, енді Шығыс Қазақстан облысында қоныстануға шешім қабылдадым. Өскемен қаласының мансап орталығы қызметкерлерінің арқасында бізге тиісті барлық мемлекеттік қолдау көрсетілді», – дейді қоныс аударушы.

Майнаның балалары Өскемен қаласының орта мектебінде білім алатын болды. Ал заң мамандығы бойынша жоғары білімі бар Майнаның өзін жұмысқа орналастыру қарастырылуда.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударушылар және  қандастар мен олардың отбасы мүшелерін  бейімдеу және интеграциялау бойынша қызметтер көрсету жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. 2024 жылы бұл тетік еліміздің басқа да еңбек күші тапшы өңірлерінде кеңінен қолданылатын болады.

2023 жылы қоныс аудару жобасына 200-ден астам отбасы қатысты