ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Мичиган мемлекеттік университетінің өкілдерімен стратегиялық серіктестік мәселелері бойынша кездесуі өтті.
Мақсаты – жоғары білікті педагог кадрларды даярлау бойынша меморандум әзірлеу мүмкіндігін қарастыру.
Мемлекет басшысы атап өткендей: «Білікті оқытушыларды даярлау басым міндет болып қала береді. Педагогика – ғылымның маңызды салаларының біріне айналды. Сондықтан бұл салада түбегейлі жаңа тәсілдер қажет». Президенттің тапсырмаларын орындау аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі АҚШ-тың жетекші университетімен келіссөздер барысында педагог кадрларды даярлаудағы серіктестік мәселелерін көтерді. Осыған байланысты Мичиган мемлекеттік университетінің филиалын құру мәселесі де өзекті болып отыр.
«Бірінші кезеңде педагогиканың назары мұғалімдерді даярлау болды. Қазір мектептер кадр тапшылығын сезінуде, әсіресе Елордада халық саны артып келеді, сапалы білімге деген сұраныс жоғары. Мемлекеттік мектептерден бөлек, бізде әртүрлі халықаралық мектептер бар және олардың барлығына білікті мұғалімдер қажет. Бүгінгі таңда, педагогикалық білім беруде институционалдық трансформация жүргізілуде. Педагогтерді даярлау сапасын арттыру үш бағыт бойынша жүргізіледі. Осылайша, өңірлерді олардың қажеттіліктеріне сәйкес педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда», - деп атап өтті С. Нұрбек.
Ведомство басшысы Мичиган мемлекеттік университетінің өкілдеріне гибридті оқыту, мектеп мұғалімдерінің көшбасшылығы, жоғары оқу орындарының әкімшілік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағыттары бойынша стратегиялық серіктестік бойынша меморандум әзірлеу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс жасады.
Өз кезегінде америкалық тарап кездесуге ризашылығын білдіріп, Қазақстанмен әлеуетті ынтымақтастыққа деген қызығушылығын атап өтті.
«Жаһандық ауқымда біз де Қазақстанның өңірлік көшбасшыға айналғанын көріп отырмыз. Біз мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналысып, нақты зерттеулер жүргіземіз. Сонымен қатар инклюзивті білім беру қолға алынған. Біздің тарапымыздан гибридті модель, сертификаттау бағдарламасы және т.б. мүмкіндіктер қолжетімді. Егер Мичиганға ұзақ мерзімді немесе қысқа мерзімді бағдарламаларға келгісі келетін нақты мектеп жетекшілері, мұғалімдер болса, онда біз министрлік серіктестігінің тұрақты мүшесі бола аламыз. Барлық егжей-тегжейлерді талқылай отырып, біз сіздер үшін нақты жоба жасаймыз», - деді Мичиган мемлекеттік университетінің білім беру саласындағы Колледжінің жаһандық өзара іс-қимыл жөніндегі аға кеңесшісі Сакил Малик.
Осыған байланысты педагог кадрларды даярлауды жүзеге асыратын қазақстандық жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық маңызды рөл атқарады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар меморандум жобасын және оны іске асыру жөніндегі жол картасын әзірлеу туралы уағдаласты.