Қазақстан мен Оңтүстік Корея жоғары білім беру саласында бірлескен жобаларды дамытуға ниетті

22 Ақпан, 2024

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі мен Корея Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.

Жұмыс кездесуінің күн тәртібі – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Кореяның университеттері, ғылыми институттары арасындағы қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ Түркістан облысында Woosong University филиалының ашылуы.

Қонақтарды қарсы алу барысында Саясат Нұрбек өз алғысын білдіріп, ведомствоның ғылым және жоғары білім саласындағы Қазақстан-Корей ынтымақтастығын дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім беру саласында жүргізіп жатқан реформаларын, жобаны таныстырып, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуына, «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Корея, шын мәнінде, орта державаның тамаша үлгісі болып табылады. Корей университеттері соңғы онжылдықтарда айтарлықтай жетістіктерге жетті, әсіресе KAIST – Кореяның ғылым мен технологияның озық институтын айтар едім. Біз ынтымақтастық үшін корейлік ЖОО-ның тізімін кеңейткіміз келеді, осы мақсатта fellowship program-ды іске қостық. Бұдан басқа, «Болашақ» халықаралық стипендиясы бар, оның аясында біз зерттеушілерімізді әлемнің жетекші оқу орындарына жібереміз. Бірнеше корей институттарымен, зертханаларымен жұмыс істегенде бізге Сіздің қолдауыңыз қажет болады», - деді С. Нұрбек.

Өз кезегінде ҚР-дағы Корея Республикасы елшілігінің өкілдері ҚР Ғылым және жоғары білім Министрлігінің жоғары білім беруді интернационалдандыру бойынша жүргізіп жатқан жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ, Елші мырза қазақстандық және кореялық университеттер арасындағы байланысты нығайтуға толық дайын екенін білдірді.

«Біз білім беру саласындағы ынтымақтастыққа мүдделіміз. Білім – бұл елдің дамуы үшін өте маңызды инвестиция. Кореяда біз оны келесі 100 жылдағы инвестиция деп атаймыз. Сондықтан білім біз үшін өте маңызды бағыт және біздің елде бұл ата-аналардың негізгі басымдығы болып табылады. Бізде көптеген университеттер бар. Жалпы, жоғары білім алуға өтініш берген студенттер саны азайып келеді. Бұл демографияның төмендеуіне байланысты. Сондықтан шетелдік студенттерді тарту мүмкіндіктері кеңейді. Біздің сіздермен ынтымақтастығымыз дұрыс бағытта жүріп жатыр. Қызылордада Сеултехтің жоғары жасанды интеллект мектебінің ашылуы, сондай-ақ Baitursynuly University мен Dong-Eui арасында автомобиль саласы үшін кадрлар даярлау туралы Меморандумға қол қою қазақстандық жастардың корей біліміне қызығушылығын артады», - деді Чжо Тэ-ик.

Кездесу барысында Woosong University филиалын құруға ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ тараптар қазақстандық студенттердің зауыттарда тағылымдамадан өтуі үшін Hyundai және Kia сияқты мықты өнеркәсіптік корпорацияларымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея жоғары білім беру саласында бірлескен жобаларды дамытуға ниетті