Қоңыр Мандокидің мұрасы

09 Ақпан 2024

Бүкіл саналы ғұмырын мажар халқы мен күллі түркі халықтарының бірлігі мен бауырластығы жолында бағыштаған біртуар тұлға, белгілі түр­колог, тегі қыпшақ мажар ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Қоңыр Иштван Мандокидің туғанына 10 ақпанда 80 жыл толады.

Осы ме­рейлі датаға орай ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, филология ғы­лымдарының кандидаты Маржан Ершудың жаңа кітабы жақында оқыр­ман­дарға жол тартпақ. Бұл кітапта Қоңыр Иштван Мандоки мен қазақ қызы Оңайша – Айша Мақсымқызының сан тарау өмір жолында тоғысқан тағдыры, махаббаты, еңбек жолдары, арман-мұраттары және түркі дүниесінің алыптары мен тарих ше­жіресі туралы баяндалады. Осы кітаптан үзінді беріп отырмыз.

Қоңыр кітап жинады. Кітап оның бағалы қа­зынасы еді. Кітап оның сырласы еді, досы еді. Керек кітабын көргенде кейде қалта­сын­да­ғы қаражаты жетпегенде, қан тапсырып сол кітапты сатып алған кездері де болды. Қоңыр­дың кітапханасы айтулы бай кітап­ха­на болды. Оның шаңырағын аттаған адам тұр­ғын үйге емес, бейнебір Кітап музейіне еніп кеткендей әсерде қалатын. Үйдің биік қа­бырғаларын тұтастай алып тұрған тө­бе­ден еденге жететін шкафтардың сөрелерінде жи­нал­ған кітаптар көптігімен ғана емес, құндылығымен көргендерді таңғалдыратын. Қоңыр кітаптарын каталогтық принцип бойын­ша реттеп жинастырып қоятын. Эн­цик­­лопедиялар, тарих, этимология, фольк­лор, этнография, ономастика, сөздіктер, көр­кем әдебиеттер рет-ретімен орналас­ты­рыл­ған. Шкафтың биік сөрелеріне сатымен өр­мелеп шығудың өзі бір таудың басына шық­қандай әсер қалдыратын. Қоңырдың кітап­ханасында он алты мың шамасында кі­та­бы болды. Кітаптары тіл жағынан отыз шақ­ты тілде жазылған. Қоңыр сол отыздан аса тілді меңгерген полиглот ғалым болатын. Кі­таптарының ішінде ең көне кітап – XIV ға­сырдың басында хатқа түскен «Кодекс Ку­маникустың» көшірмесі, ал жинаған түп-н­ұсқа кітаптары – XVI ғасырда шыққан кітап­тар еді. Қоңыр үшін жинаған әр кітабы құн­ды дүние болатын. Қолжазба деректері, хро­никалар, жыр-дастандар, сөздіктер, кә­сіби әдебиеттер, ғылыми монографияларды зер­делеп оқып отырғанды ұнататын. Түр­кі­та­нушылар Бартольд, Радлов, Немет Дьюла, Ма­лов т.б. бағалы еңбектерін көзінің қара­шы­ғындай сақтады. Кітаптарының жанында жазу үстелі, үш түрлі жазу машинкасы қа­тар­­ласып қойылған. Қоңырдың үш түрлі жа­зу машинкасын пайдалануы оның бір­не­ше тілде жаза алатынының дәлеліндей еді. Кітап­тары көп болса да, Қоңырдың есте сақ­­­­тау қабілетінің ғажап болғаны соншалық, он алты мың кітабының қойылу реті мен қай кітап қай сөреде тұр, қай кітаптың бе­тін­­де не жазылғанын бәрін білетін. Кітап із­деген кезде ойша ойлап, оп-оңай тауып ала қоятынын көргендер таңырқап қарайтын еді. Бұл бір жүйеге түскен жұмыс дейтін еді ол сонда. Қоңыр өнерге де жаны құмар жан бол­ды. Домбырадан бастап, қырғыздың қому­зын, құмықтың сырнайын, башқұрттың қу­райын, түріктің сазын шертіп бірнеше ас­пап­та ойнап, мажар қыпшақ, қазақ, қыр­ғыз, татар, башқұрт, түрік, қарашай, құмық т.б. түркі халықтарының халық әндерін айт­­­­қанды ұнатты. Кітап оқып не зерттеу жұ­мыстарын жазып бітіргенде, ол жан дү­ниесін музыкамен демалдырғандай, сол бір саз­ды әуендерден қуат алғандай бір жасап қа­латын. Қоңыр түркі халықтарының дәс­түр­лі ән өнері мен сазды аспаптары жайлы мағ­лұматтарды да мажар тіліне аударып қана қоймай, олар туралы зерттеу еңбектерін де жазған еді. Шыңғыс Айтматовтың «Жан пи­да» романы, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» повесі мажар тіліне аударылғанда, бұл шығармалардағы жер-су атаулары мен ұғым­дарға түсініктеме жазды. Бұдан байқа­ға­нымыз, Қоңыр қазақ тілі мен қырғыз тілін де өте терең меңгергені көрінеді. Олжас Сү­лей­меновтің «Азия» кітабы Қазақстанда цен­зураға түскен кезде, Қоңыр дереу бұл кі­тап­ты мажар тіліне аударып, жарыққа шы­­­ғарып жіберді. Ол Олжастың поэзиясына ға­шық еді. «Арғымақ», «Ақпандағы бағлан», «Бөл­тіріктер» атты өлеңдерін жаттап алып, ерек­ше шабытпен оқыған көрінеді.

Қоңыр жасынан еңбекқор, бейнетқор бол­ды. «Әлем әдебиеті» энциклопедиясына түр­кі жұртының жүздеген қаламгерінің шы­ғармаларын аударып, олардың еңбектері тура­лы көптеген ғылыми-танымдық мақала жазып, мажар халқына таныстырып оты­ру­ды өзіне бір қасиетті борыш санады. Тіл үй­ренуде Қоңырдың өзіндік методикасы бол­ған. Ол методикасы қарапайым ғана, егер бір елдің тілін үйренгің келсе, сол халықтың әні мен әуенін игеріп алар болсаң, тілді үй­ренуің оңай болады деген. Қоңыр аударма жұ­мыстарымен шұғылдану барысында, мәтін­мен жұмыс жасағанда, аспаптар сазына да ден қойып, тыңдап отыруды ұмытпаған. Қоңырды дүниенің төрт бұрышынан: Аме­ри­кадан, Жапониядан, Қытайдан, Мәс­кеу­ден, Моңғолиядан, Түркиядан, Қазақстаннан, Гер­маниядан т.б. жерлерден Будапештке ар­найы іздеп келетін түркітанушы ғалымдар, та­рих­шылар, жазушылар, аудармашылар, із­денуші аспиранттар, студенттер көп бол­ған. Бәріне уақыт тауып, бәрінің бабын тауып күту де – Қоңыр мен Оңайшаның сүйік­ті бір ісіндей болып кеткен екен. Қо­нақ­жайлық та бұл шаңырақтың киелі ісін­дей болған білгенге. Америкалық белгілі түр­кі­танушы ғалым, Қоңырдың үміт күткен шә­кірті Юлай Шамилоғлы өзінің студент ке­зін еске алып: «Қоңыр ағайға шәкірт бо­лып жа­нында жүрдім. Айша апайдың кере­мет дәм­ді мантысын жейтін едік» деп сағы­ныш­пен еске алады.
 «Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып, 
Көзін сулап, қалып еді қамығып, 
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп – 
Қоңырқай ой маза берер емес түк.
Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...
Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім. 
Қоңыр күзде қоңыр шаруа – күйбеңмен.
Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда –
Шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде 
Қоңырайып отырамын үстелге...»
Қоңыр Жұмекен ақынның бұл өлеңін ерек­ше тебіреніп оқыды. Жұмекен ақын жа­ны­м­ның дірілін қалай тап басып айтқан деп те ойлайтын. Қоңыр деген сөз о бастан қа­зақ­­тың ұлттық мінезі мен рухына сіңіп кет­кен төл сөзі еді. Қоңыр Мандокидің «Қа­зақ тілі – қыпшақ тілі, Қазақ менің бауырым» де­ген сөзінде үлкен ой жатыр. Қоңыр қа­зақ­тың рухани әлемінде өткен ғасырдың 70-жыл­дары құбылыс болды. Тарихтың қа­тал сынағы әсерінен, Еділ, Жайық бойынан ел ауып, Еуропада қоныс тепкен қыпшақ ба­баларының тасқа жазған арманын жеті ға­сырдан соң қайта жалғап, атажұртқа табан ті­реп келуі, екі елдің арасына алтын көпір ор­натуы Қоңыр Иштван Мандокидің тарихи ер­лігі еді. Қоңыр қыпшақ фольклорынан «Қып­шақ гимнін» реконструкцияласа, шә­кірті, музыкатанушы Кобзош Киш Тамаш гимн­нің музыкасын жазды. «Én vagyok a Kunsági fi» – «Мен – Қыпшақтың ұлымын» ат­ты қыпшақтар гимні рухты бір ән болып шық­ты. Тыңдағанға жігер беретін. Күш бере­тін. Осылайша, қыпшақ рухы ән боп тарап, мың­даған жүректе жалын отын тербетті. Жыр рух қуаты ғой қашанда. Түркілік алып им­периялар – Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай ор­да­сы мемлекеттерінің заңды жалғасындай қа­зақ хандығы өз алдына отау тіккен орта ға­сырлар шенінде-ақ Батыс Қазақстан ай­мағы ұлттық әдебиеттің алтын бесігіне ай­нал­ғаны тарихтан аян. Асан Қайғы, Дос­пам­бет, Жиембет, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет жы­раулардың кіндік қаны осы топыраққа там­ған. Тұяғының ізі қалған. Асан Қайғының жыр­ларында Еділ, Жайық, Ойыл, Жем сияқ­ты жер-су аттары кездессе, Қазтуған жырау:
«Алаң да алаң, алаң жұрт,
Қарғадай мынау 
Қазтуған батыр туған жұрт.
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт.
Қайран да менің Еділім» 
Қайран да менің Еділім» деп жырлайды. Қаз­туған жырау жырлаған қайран Еділдің алып көмбе – кеудесінде халықтар тағдырының сан ғасырлық тарихы сақтаулы. Орта ғасыр­лар­да, тіпті, одан да бұрын өмір сүрген түр­кі­лердің өр бейнесі қандай еді? Түркілердің жарты дүниені билеп, өркениеттің алдында тұрған шағы. Қоңыр өзін мажар да емес, қып­шақ та емес, қазақ та емес, түркі болып се­зін­гені анық. «Қоңыр Мандоки бейне бір сол түркілер заманының ХХ ғасырға жібер­ген елшісі» сияқты деген сөзді оның заман­дас­тары да айтқан екен кезінде. Сондықтан оны бүкіл түркітектес халықтардың бәрі де – түрік, қазақ, құмық, қарашай, ноғай, саха, чуваш, қыр­ғыз, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, авар да аға тұтты, іні көрді, бауыр санады, туыс­қанындай сағынып күтті, жолына кілем төседі, басына жастық жастады, астына ат берді. Қоңыр кейде жас баладай арманшыл еді. Кейде данагөй қарттай тым тәубашыл еді.
Қоңырдың арманы XIII ғасырда тағдыр тәл­кегімен «ел ауып» Дунай бойына қоныс­тан­­ған қыпшақтардың тарихы жайлы баян­дайтын бір алып палуан кітап жазу еді. Сол за­манда да ел ішінде алауыздық көп болса да, түркілер ауызбірлігі арқасында күш-қуа­ты тасып, Еуропада мерейі үстем болғанын ай­ғақ­тайтын деректер де тапты. «Архивтік ма­териалдардың төрттен үшін жинап бол­дым. Солтүстік Қап тауындағы (Кавказ) қып­шақтілді ағайындар: дағыстан, құмық, қара­шай, ноғай, балқарларды аралап, көп дерек­тер жинадым. Енді Алматыға көшіп барып, бақшасы бар үлкен үй сатып аламын. Сол араға алты қанат киіз үй тіктіріп, тап­жыл­май отырып бірнеше том болатын қып­шақ­тар тарихынан сыр шертетін палуан кі­та­бымды жазып шығып, қазақ-қыпшақ­тар­дың шаң басқан, көмескі тартқан тари­хын қайта тірілтіп, сол халықтың өзіне тар­ту етсем», – деп армандады. Болашаққа құр­ған жарқын жоспарларынан Қоңырдың қа­зақ елі – атажұртына, түркі әлеміне деген үл­кен құрметі мен түркілік танымының биік­тігін көреміз. Әдебиет пен өнер ел мен ел­ді жақындастырады. Қазақ әдебиеті мен ма­жар әдебиеті арасындағы байланыстың ор­науына да Қоңыр Иштван Мандоки көп еңбек сіңірді. Будапешттен жетпісінші жыл­да­ры мажар тілінде қазақ ақындарының «Да­ла қырандары» атты антологиясының жа­рыққа шығуына себепші болған Қоңыр еді. Бұл антологияға Абайдан бастап Олжас Сүлей­меновке дейінгі ақындардың жырлары енді. Қазақ ертегілері мен қазақ әңгімелерінің маз­мұнды жинақтарының мажар тілінде жа­рық көруі де Қоңырдың маңдай тері, ең­бегі еді. Мажар халқын қазақ ауыз әдебиеті үлгі­лерімен, Абай, Махамбет, Жамбыл, 
І.Жан­сүгіров, Н.Байғанин, Ы.Алтынсарин шы­ғармаларымен таныстырып, ғылыми-та­нымдық мақалалар жазып, мажар баспа­сө­зін­де жариялады. Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы мен «Бәйгелі сәйгүлік» атпен қа­­­­­зақ­­тың танымал жазушыларының әңгімелер жинағын мажар тіліне аударып, аударма са­­­ласында да сан салалы қызмет етті. Әлемге та­нымал болған түркітанушы Қоңыр Ишт­ван Мандоки неліктен Қоңыр деген есімді таңдады деген сұрақ туады. Қыпшақтардың Тоқ­соба руының Құлан ата әулетінен шық­қан Қоңыр деген кісі батырлығымен аты шық­қан адам екен. Тоқсаба – он екі ата Бай­ұлы, Байбақты ру бірлестігінен шыққан ру. Ел аузында Тоқсобалардың атақонысы қа­зіргі Орал облысы, Жымпиты ауданы деген де­­­­ректер бар. Қоңыр Иштван Мандокидің өзі сол Тоқсобадан шыққан Қоңыр батырдың ұр­пағы боламын деп жазған. Иштван Ман­доки Тоқсоба деп те жазған өзінің ертеректегі жаз­баларына. Ол өзінің азан шақырып қой­ған Иштван деген атына Қоңыр бабасының атын екінші есімі қылып паспортына жаз­дыр­тып алып, қазақ табиғатына жақынды­ғын бір танытты. Қоңыр осылайша ата-баба­сы­ның тамырымен табысқандай болды.

Еліміз тәуелсіздігін алған тұста, Қоңыр қазақ қоғамындағы мәдени істерге белсене араласып, Қазақстанға жиі келіп тұр­ды. Қазіргі «Қазақ тілі» қоғамы дәл осын­дай атауға ие болуына тікелей Қоңырдың ұсы­нысы себепкер болғанын бүгінде екінің бірі біле бермес. «Қазақ тілі» қоғамын құру мәжілісінде қоғамның атын қалай атаймыз де­ген сұрақ көтерілгенде, елдің біразы «Ана тілі» қоғамы болсын дейді. Сонда Қоңыр бы­лай деп батыл пікірін айтқан екен: «Ана ті­лі деген – жалпы түсінік, ал қазақ тілі деген – жалқы түсінік, ана тілі көп, әр халықтың өз тілі – ана тілі. Ал қазақ тілі әлемде жалғыз. Сон­­дықтан қоғамды «Қазақ тілі» – деп ата­ған дұрыс». Осылайша, «Қазақ тілі» қоғамы бо­­лып аталып кеткен екен.
Мажарстан үкіметі оған жоғары мемле­кет­тік мансап та ұсынды, Елші қызметіне де шақырды. Қоңырды мемлекеттік қызмет, дипломатиялық маңсап қызықтырмады. Ол жан тәнімен сүйген ғылымға адал болды. «Ме­нің жалғыз ғана жарым бар, ол – ғылым» деп Шоқан Уәлиханов айтқандай, ол өзі сүйген ғылым әлемінен шыққысы келмеді. Сон­дықтан жаныма жақын қызмет деп Қоңыр Иштван Мандоки 1991 жылы Ма­жарстан Сыртқы істер министрлігінде кеңес­ші болып қызмет атқарды. Осы қыз­ме­тінде Қоңыр Мажарстан Республикасы Мә­дениет және оқу министрлігі мен Қазақстан Республикасы Оқу министрлігі арасындағы қарым-қатынасты дамыту мақсатында 1991-1994 жылдарға арналған бірлесіп білім беру, ағарту ісі, ғылым саласына назар аудару қа­­жеттігіне ерекше мән беріп, қазақ және мажар тілдерінде екіжақты келісімшарттар­дың нұсқасын жасап, екі ел өзара бірлесіп жұ­мыс істеуге арналған жобаларды дайын­дап ұсынды. Бұл ұсыныстары қолдау тауып, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ал­ғашқы мемлекетаралық келісімшарттар­дың арқасында сол жылы екі елдің арасында сту­денттерді алмастырып оқыту, білім, ғы­лым салалары бойынша көптеген жоспары іске асып, қолға алына бастады. Бүгін де бұл игі­лікті жобалар екі ел тарапынан қолдау тауып жалғасып келеді.
                   

Маржан ЕРШУ

Дереккөз: "Түркістан" газеті

Қоңыр Мандокидің мұрасы