Қытайда Димаштан кейін «Достық елшісі» марапатын алған қазақ қызы

15 Қаңтар 2024

Қытайдың Буыршын ауданында туып-өсіп, кейін 2007 жылы Қазақстанға қоныс ау­­дарған Әлинұр Жеңіс – аспан асты елінде та­нымал тұлға. Қытай уикипедиясы сана­ла­тын Baidu-де ол туралы мәлімет 7-8 бетті қам­­­­тиды. Қазақстан-Қытай арасында көпір жал­­­ғап, түрлі форум мен көрме ұйым­дас­ты­рып, іс-шаралар өткізу ісінде кеңесші қыз­ме­тін атқарған. Екі ел арасындағы дос­тықты ны­ғайтуға үлес қосқаны үшін «Достық ел­ші­сі» наградасымен марапатталған. Әли­нұр­ға дейін ол марапат Ди­маш Құдайбергенге берілген. Бү­­гінде «Ару» деген атпен тұң­ғыш ұлттық кос­­­­метикалық бренд негізін қа­лаған Әлинұр­мен "Turkistan" газеті сұхбаттасқан еді.

Мен 1991 жылы Қытайдағы Алтай қа­­­­ласының маңында орналасқан Буыр­шын ауданында дүниеге келдім. Қы­тайша балабақшаға бардым, мектепті де қы­­­тайша оқыдым. Алайда әкем ұлттық бол­мы­сын көзінің қарашығындай сақтап жүр­ген кісі болған соң, інім екеуімізге «Сыртта қы­тайша сөйлегендерің жетеді» деп үйде тек қа­зақ­ша сөйлеуімізді қатты қадағалады. Ара-тұра қытайша сөйлеп қалсақ, бізді дастарқан басына отырғызбай қоятын. Осылайша, тұр­мыста қолданатын сөздерді жатқа біліп, өза­ра сөйлесетінбіз. 2006 жылы әкем қант диа­­­бетімен ауырып, ем-дом іздеп Қазақ­стан­ға кетті. Атажұртына алғаш рет табаны тиген ол үйге келгенде «Онда тіпті автобустағы жүр­­­­гізуші, дүкендегі сатушы да, бәрі, бәрі қа­зақ екен!» деп таңырқағаны есімде. Сөйтіп, сол сапардан кейін ол кісі «тарихи Ота­ны­мыз­ға ораламыз!» деп шешім қабылдады. Інім екеуміз мектепте оқимыз. Анамның тұ­­рақ­ты жұмысы бар. Қаланың қақ орта­сын­да үлкен үйіміз бар-тын. Жағдайымыз жақсы еді. Анам «Балалар қытайша оқыды. Ол жақ­қа барғанда қиналады» деп әкемді көндіруге ты­рысса да, ол кісі «Ештеңе етпейді. Үйренеді. Ке­туіміз керек» деп нақты шешімін айтты.

Со­дан соң анам екеуі үй-жайды реттестіру үшін Қазақстанға кетті. Сөйтсек, ол жақтағы та­ныс кісілер екеуін алдап-сулап, оларға құ­жаты реттелмеген, Астана шетінде құ­ла­ға­лы тұрған саяжайды сатып алуға көн­ді­ріп­ті. Осылайша, 2007 жылы Қазақстанға көшіп кел­дік. Көшкенде де, бұрынғыдай көш­пен­ді­лер ізімен керуен жолға шықтық. Әкем бір газель көлігін сатып алған еді. Соның үстіне бү­кіл жүкті тиеп, үш күн, үш түн жол жүріп, Зай­санның шекарасын басып өтіп, төртеуміз түнделетіп Астанаға жеттік. Әлі есімде, інім екеуі­міз көліктің ішінде неше түрліні айтып, ар­мандап келе жатырмыз. Ал анам болса, жүк­тің үстіне мініп алған. Сол кезде Аста­на­ға таяған кезде өңірдің келбетін айшықтап тұр­ған көше шамдарын көргенде қуанышым қой­ныма сыймай, көліктен ұшып кетуге сәл қал­ғаным есімде. Әкем жолға шығарда «Ас­та­на деген Бейжің секілді. Бейжің секілді жер­ге бара жатырмыз. Онда үлкен үйіміз бар. Бәрі жақсы болады» деп қуантып қойды. Әкем­нің сол айтқанына сеніп, атамекенге жел­пініп, рухтанып келдік. Сол кезде алды­мыз­дан бір алыс туысымыз шығып, бізді то­­сып алған еді. Әкем «Астанаға ағаларың­ның керемет көлігіне мініп, кіріңдер» деп інім екеуімізді сол кісінің көлігіне мінгізіп ж­і­берді. Әкемнің айтқанына сеніп, «Расымен де, ертегідей әлемге еніп келе жатырмыз ба?» деп Астананың жарық көшелеріне тамсанып ке­ле жатып, сәлден соң жарығы жоқ бір ауыл секілді жерге бара жатқанымызды байқадым. Алыс жолдан шаршап келген соң, жерге тө­сек салып, жатуға қамдандық. Телефо­ным­ның жарығымен үйдің ішін тексеріп жүр­генім­де еденде бірдеңе жыбырлап жүргенін аң­ғардым. Анама айтсам, «Болды, ұйықта» деп дүрсе қоя берді. Таңертең қарасам, әлгі үй­де тарақандар қаптап жүр екен. Ондайды көрмеген біз шу шығарып, ата-анамызға «Өз үйімізге қашан барамыз? Мынау қандай жер? Не үшін келдік мұнда?» деп сұрақты төпе­лет­­­­кенімізде, әкем: «Өз үйің осы. Болды» деп үзіл­ді-кесілді айтқан болатын. «Сіз айтқан зәу­лім, үлкен үй қайда? Керемет жер қайда?» деп біз де қояр емеспіз. Сөйтсек, әкем қазіргі Нұр­лы жол вокзалының маңындағы қираған үйлердің біреуін сатып алса керек. Қы­тай­дағы үлкен үйімізге қайтқымыз келіп, бір­не­ше күн бойы жылап, байбалам салдық. Ес­ті­геніміз бір ғана жауап: Осында қаламыз. Сөй­тіп, інім екеуіміз көндігіп, №57 мектепте оқи­тын болдық. Алғашында сабақта түк тү­сін­бей, қатты қиналдық. «Китаянка» деп ма­­зақтағандармен де арпалыстық. Екеуі­міз оқығымыз келмей, екі ай бойы сан­да­лып жүрдік. Бір күні үйде ата-анамның біз­ге бола ұрысқан сөздерін құлағым шалып қал­ды. Анам «Екі баламды алып кетемін. Біз бұ­лай өмір сүре алмаймыз. Қиналып кеттік» деп өкпе-назын айтып жатыр екен. Содан соң түні бойы ұйықтамай, болған жағдайға тал­дау жасадым. Інімнің сабағы мәз емес, ме­нің де үлгерімім нашарлап кетті. Қазақта «Ал­дыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба со­лай жүреді» дейді ғой. Мен бұлай жүре бер­мей, алдымен өзім түзеліп, сосын ініме жол көр­сетуім керек екенін, сосын отбасымды ырың-жырыңнан сақтап қалу үшін әрекет етуім керек екенін түсіндім.

Ертесі мұғалім­дер­мен жеке жолығып, қосымша сабақ алуға ниетті екенімді айттым. Мен ол уақытта қазақша тек аты-жөнімді жаза алатынмын. Қал­ғанынан бейхабармын. Сөйтіп, 1-сы­нып­қа барып, қазақ тілін оқыдым. Бір аптадан соң үшінші сыныпқа секірдім. Сосын бе­сін­ші, алтыншы сыныпқа көштім. Қазақстанда бұл жүйе жарты күн оқытылады екен ғой, ал Қытайда толық күн беріледі. Жарты күн өз сабағымды оқимын, ал қалған жарты күн бас­қа сыныптарға барып, қазақ тілі мен әде­биетін оқимын. Қалған сабақтардың бағ­дар­ла­масы бір болған соң, онша қиналмадым. Сөйтіп жүріп, үлгерімім жақсара бастады. Жас­­сың, максимализм деген «өршіп» тұр. «Сы­нып тәлімгері боламын», «Мектепте та­ны­мал боламын» деген мақсат қойдым. Та­нылудың бірден-бір жолы – би билеу. Биге ике­мім болғандықтан, мектептегі іс-шара­ларда «Қара жорға», «Аққу» биін билеп, көп­ші­лікті таңғалдырғаным бар. Осылайша, мек­тепте белсенділердің бірі болып, артын­ша өзім мақсат еткен сыныптың тәлімгері де болдым. 

Үлгерімі жақсылар университетте грант­та оқуды армандайды ғой. Сол се­кілді мен де сол арманның жетегінде жүр­дім. Бірде әкем «Сен түгілі, Қазақ­стан­да­ғы­лар­дың өзі грантқа түсе алмайды. Грантқа түс­­сең ғана оқисың, мен сені ақылы бөлімге оқы­та алмаймын. Жағдайымыз көтермейді» деп кесіп айтты. Сосын ол тиімді жағын са­ра­лап «Сен оданша шаштараздың, аспаздың оқуын оқы. Қолынан іс келетіндер лағман соз­са, біреудің шашын қиса, жақсы ақша та­­бады екен» деді. Негізі, Қытайдан келгендер кө­біне шаштараз болып жұмыс істейді ғой. Бол­маса, асханада еңбек етеді. Алайда мен ол кезде болашағымды мүлде басқа кейіпте көр­ген едім. Сосын әкеме «Әке, сіздің есіміңіз – Жеңіс қой. Жеңістің қызы талай жеңіске же­­теді. Мен жоғары білім алып, елеулі адам бо­­ламын. Ал бірақ өзімді сіз айтып тұрған са­­л­ада көре алмаймын» дедім. Әкем «Олай бол­са, грантқа өз күшіңмен түс» деп мені ақы­лы бөлімде оқыта алмайтынын тағы бір ес­ке түсірді. Сол кезде бір туыс әпкем Л.Гу­ми­лев атындағы ЕҰУ-де оқып, жатақха­на­сын­да тұратын. Мен әпкеме жиі барып, жа­тақ­­хананың жуыну бөлмесіне түсетінмін. Сол уақытта «Осындай жатақханада тұрсам ғой, шіркін. Ішінде осындай жуынатын бөл­ме­сі болса...» деп қиялға ерік беретінмін. Қы­­­­тайдағы үйде күнде суға түсіп, қолайлы жағ­дайда тұрып, аяқ астынан саяжайға кө­шіп, 60-70 жылдарға кері кетіп қалғандай күй кешіп жүрген соң, жатақханаға барғанда тө­бем көкке бір елі жетпей жүретін. Әпкем­нің арқасында бас корпусқа кірген соң, онда тө­селген қызыл кілем мен Күлтегін ескерт­кі­шін көріп, сонда оқып жүргенімді елес­те­тетін едім. Сөйтіп, 8 ай бойы дайындалып, шы­ғармашыл мамандық – суретшінің оқуы­на грантқа түстім. Біріншіден, әкемді ұятқа қал­дырмай грантқа түсуді көздедім. Екінші­ден, әлгі жатақханада тұру маған арман бол­ды (күліп). Алайда оқуды бітірген соң, өзім­ді суретші әрі мұғалім ретінде көре алма­дым. Дипломат болуды мақсат еттім.

Сөйтіп, халықаралық қатынастар факультетінің магистратурасына оқуға түстім. Оны бітірген соң, Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұ­рып, Қытай мен Қазақстан арасында жүре­тін дипломат болғым келді. Жастық жалын ғой, соңына дейін сол арманымды іске асыру үшін көп талпындым. Алайда, қандастарға он­дай жерлерге бірден кіру қиындау екен. Оған қоса, орысшам да мәз емес. Сөйтіп, саясатпен айналысу деген арман тасада қа­лып қойды. Дегенмен ішімде елге көмек­тесу, пайдалы іспен айналысу деген түй­сік маза бермеді. Алдымен өзімнің қаржылық жағ­дайым­ды жақсарту керек екенін жақсы тү­сіндім. Бастапқыда, қыруар қаржы тауып, байы­ғым келгенін жасырмаймын. Универ­си­тетте жүргенде оқудан тыс уақытта той­лар­ға шығып, би билеп, тіл орталығында қытай тілінен сабақ беретінмін. Қытайдан ұсақ-түйек заттар әкеп, жатақханада сауда жа­сайтынмын. Осылайша, тиыннан тиын құ­рап, алғашқы көлігімді сатып алдым. Өзім­ді бағым бар жанмын деп есептеймін. Өйт­кені магистратура бітірген соң, нақты немен ай­налысатынымды білмей дал болып жүр­генде қытайлармен әріптестік қарым-қа­тынас орнатып, ірі компанияға жұмысқа тұр­дым. Жас болған соң, еш жұмысты қиын­сынбадым, аударманы да, ауыр жұмысты да, бәрін істедім. Күндіз-түні дамыл таппай, тын­бай еңбек еттім. Сосын көп аймақта инвес­тиция салуға болатынын түсінген соң, жеке кәсіпкерлікпен айналысамын деп шеш­тім. Әлгі компанияда сегіз ай жұмыс істеп, қа­ра­жат пен тәжірибе жинап алған соң, кә­сіпкерлікке бет бұрдым.

Сол уақытта екі ел арасында «Бір белдеу – бір жол», «Нұрлы жол» секілді жобалар іске қосылған соң, «Неге екі ортада көпір болмасқа?» деп мақсат еттім. Кәсіби дипломат болмасам да, ха­лық­тың дипломаты болайыншы деп «Ерен» де­ген атпен компания құрдым. Біріншіден, інім­­нің есімі – Ерен, сосын ерен еңбек сіңіру мақ­сатында осылай атадым. Сөйтіп, студент қы­з­дарды жұмысқа алып, таныс инвес­тор­лар­мен серіктестік орнатып, аударма жасап, екі ел арасында түрлі форум мен көрме ұйым­дастырдым. Бірақ маңызы жоғары мем­лекеттік жобаларды келісуге ұзақ уақыт ке­те­тін болғандықтан, қызметкерлердің ай­лы­ғын, кеңсенің жалдау құнын төлей алмаған соң, мұны доғарып, саудаға көштім. Тағы сол түрлі форумда делегаттармен жұмыс істедім. Қайыра айтқанда, екі ел арасындағы заңды түрде жасауға болатын қызметтің көбін істе­дім. EXPO кезінде серіктесіммен бірлесіп, рес­ми демеуші болдық. Ұйымдастыру­шы­лар­мен жолыққанда «Қытайдың барлық об­лы­сына жарнамалап шығамын. Өз қаражатыма істеймін» деп, келісімшарт жасасып, ақы­рын­да жанталасып жүріп 40 күн ішінде Қы­тай­дың 26 облысында көрме мен форум ұйым­дастырдым. Күні-түні жұмыс істеп, жар­ты жолда ақшам бітіп қалса, серіктес­терім­нен қарызға алып, бастаған ісімді абы­рой­мен аяқтадым. Осындай қадамдардан соң, жақсы ақша таба бастадым, жағдайым өз­герді. 

Негізі, мен мұның бәрін танымал болу үшін істегенім жоқ. Жүрек қалауым сол болды. Алайда мені Қытайдағы көпшілік та­ни бастады. Олар мен екі ел арасындағы іс-шараларда жүгіріп жүргенімді көреді ғой. Сон­дағы бар мақсатым – қытайлар Қазақ­стан туралы мәліметті дұрыс түсінсе екен де­ген ой. Сол үшін бәрін өзім аударып, ауы­зым талғанша өзім айтып беретінмін. Қытай ме­кемесі мені «Достық елшісі» деген награ­да­мен марапаттады. Жауапты өкіл­дер маған дейін бұл марапаттың бір-ақ адам­ға беріл­генін айтты. Мәдениет саласы бойын­ша Димаш Құдайбергенге де табыс­та­ған екен. Ал маған экономика бойынша бұйы­рып тұр. Сол атақты алған кезде «Еңбе­гім зая кетпе­гені ме? Мені де мойындайды екен ғой» деп бұрынғыдан бетер құлшынып жұ­мыс істеуге бел будым.

Сол кезде Қазақ­стан­ға біраз өндіріс алып келемін деген жос­пар болған, алайда карантин бүкіл жос­пар­дың күлін көкке ұшырды. Сол аралықта анам­нан айырылып қалдым. Өмірдің мәнін жо­ғалтып алғандай болдым. Жарты жыл күй­­зелісте жүрдім. Содан соң анамның қай­тыс болардан бұрын көлікте отырғанда айт­­­қ­ан сөзі есіме түсті. Бірде анамды саудаға үйрет­пек болып, көше аралап, тауар сатуға көш­тік. Жаңбырлы күні аялдамада отырға­ны­мызда анама армандарымды айтып, екеуі­міз қиялға ерік беретін едік. Әлгі көлікте отырғанымызда анам «Сары қызым, есіңде ме? Сол аялдамада жаңбырдан қорғанып отыр­­ған кезде жүйткіп жатқан көліктің біреуін қарап, «Менің көлігім кетіп бара жа­тыр» деп қиялданушы едің ғой. Арада жыл­дар өткен соң, дәл сол көлікті салонға барып, сатып алдың. Мына «батпақ жолды кешпей­мін, мына қисық үйде тұрмаймын» деуші едің ғой. Жақсы жерден пәтер сатып алдың. Арман­дарыңа бірте-бірте жетіп келе жа­тыр­с­ың. Алда небір құлди мен асулар болады. Қиындыққа кезіксең, мойынсұнба. Сен бә­ріңе қол жеткізесің» деп айтқан еді. Сол қуат­ты сөзін есіме түсіріп, еңсемді тіктедім. Кә­сіпкерлікті қайта қолға алдым. Ойлана келе, серіктес тауып, алғашқылардың бірі бо­лып, ұлттық нақыштағы косметика өнім­дерін әзірлеймін деп шештім. Байқап қа­ра­саңыз, бізде ұлттық нақыштағы косметика өнімдері мүлде жоқ қой. Осылайша, «Ару» деген брендпен өнім шығара бастадым.

Тілі­мізді Шанель, Диор деп сындырғанша, әлем жұрты «ару» сөзіне үйрене берсін деген мақ­сатты көздедім. Оған қоса, мұқабасына ба­сын­да сәукелесі бар, ұлттық киім киген қыз­дың бейнесін салдырттым. Жай ғана өнім­ді емес, сонымен қатар ұлттық мәде­ние­тімізді де насихаттағым келді. Сөйтіп, 2022 жылы Қазмедиада ашылу салтанатын жасап, өнім­ді саудаға шығардым. Қазір әлемнің 20 елінде қолданып жүрген қандастар наси­хат­таған кезде, тіпті елдегілер «Неткен әдемі!», «Бұл неткен өнім?» деп таңғала сұрайды екен. Ендігі мақсат – әуежайға сатылымға қою. Қазақстанға келген шетелдіктер «Қа­зақстаннан шоколад пен балдан басқа еш­теңе алып кете алмаймыз» деп айтады. Фран­­цуз үйі секілді үлкен сән үйлеріне ба­рып, «Ақшасын беремін. Маған орын беріңіз­дерші» десем, «Бұл танымал бренд емес» деп ба­сын алып қашады. Ұлттық нақыштағы өнім сондай үйлер арқылы танылмаса, қалай танылмақ? Менің орысшам шамалы, алайда жуырда қайтадан қайта барып сөйлесіп көр­мекпін. Алдағы уақытта сырты ою-өрнекпен безен­дірілген далап шығармақпын.

Былтыр Қытайда карантин толығымен аяқталған соң, мені сонда өтетін түр­лі іс-шараға шақыра бастады. Жуырда Ханч­жоу университеті ұйымдастырған ивентке ба­рып қайттым. Ондағы Орталық Азияны зерт­теу факультетінде Қазақстантану кафед­ра­сы ашылған екен. «Достық елшісі» мара­па­тым болған соң, мен осылай достық на­си­хат­­талатын, екі ел арасындағы эконо­ми­ка­ның дұрыс құралуын көздейтін кештердің куә­гері болып жүремін. Көп жобада кеңесші қыз­метін атқарамын. Негізі, Қытай нары­ғын­да танымалмын. Олардың Baidu деп ата­­­ла­тын уикипедиясында мен туралы көп мәлімет бар. Олар соған қатты сенеді. Өт­кен­де Шанхайда әлемдік жастар фору­мына Азия­ның атынан шақырылдым. Онда ал­ды­мен қазақша сөйлеп, сосын қытайша жал­ғастырдым. Тек онда ғана емес, үлкен іс-шараларда алдымен қазақша сөйлеймін. Ал­дымен қазақ екенімді білдірткім келеді. Екін­шіден, Қазақстан деген дербес елдің әлеуе­тін танытуды көздеймін. Мемлекеттік тіл­ді де дәріптеймін. Жиынға жиналғандар бө­тен тілді естігенде «Бұл қандай тіл?», «Қа­зақ­ша ма? Қазақстанда орысша сөйлемейді екен ғой онда» деп айтып жатады. Мен екі ел арасында талай форум өткізгенде, қы­тай­лар маған «Орысша аударма жасаймыз» деп ай­тады. Тайталасып, қазақша әзірлеудің маңы­зын түсіндіріп жатсам, «Онда бәрі орыс­ша түсінеді ғой» дейді. «Сіздер Ресейге ке­ліп тұрған жоқсыздар ғой. Қазақстанда қа­зақ­ша әзірлейміз»деп алған бетімнен қайт­пай тұрып аламын. 

Жалпы, мен қайда жүрсем де, қазақ еке­німді танытып жүремін. Қытай­дың саябақтарында іс-шара болып жатса, тоқ­тай қалып, «Қара жорғаны» билей жөне­ле­мін. Сосын «Қамажайды» мың бұрала би­лей­мін. Жолай өтіп бара жатқандар бұрылып «Бұл қай елдің биі?», «Мына қимыл нені біл­діреді екен?» деп көз алмай қарап тұрады. Би­леп болған соң, бұл біздің би, біздің әуен, біз­дің өнер екенін айтып беремін. Өзім ке­зінде елім, жерім деп келген соң, сыртта жүр­генде барымызды айтып, мақтанғым ке­ліп тұрады. Кей кезде «Мен нағыз кәсіпкер емеспін» деп қалжыңдап айтамын. Нағыз кәсіпкер қыруар қаржы табуды көздейді ғой. Ал мен махаббат, сүйіспеншілікпен жүрген кә­сіпкермін бе, түсініксіз (күліп). Ұлт дейсің. Бол­мыс дейсің. Сол ортаға түскенде, іштегі ту­лаған сезім бәрінен биік тұрады. Әр адам­ның түсінігі әртүрлі ғой. «Қыз балаға не ке­рек? Көйлегі көк, тамағы тоқ болса, сол жет­кілікті» деп айтып жатады ғой. Бірақ қо­ғам­дағы орның есейе келе білінеді. Бая­ғыда әкем маған бағдарлап бергендей, біреудің шашын қиып, біреуге тамақ істеу ме­нің орным емес екенін, менің «құным» одан да қымбат екенін дер кезінде түсіндім. Со­лай есептеген соң, қазір әрбіріміз бо­ры­шымызды иығымызға арқалап алып, күні-түні жұмыс істеп жүрміз. Ешкім саған «бұл сенің борышың» деп айтпайды. Мұны өзің ұғынуың керек. Мұны байыбына жетіп, өз-өзін сүйрейтін қыз-келіншектер қатары көбейсе, жаман болмаймыз ғой.

Елге келген кезді еске алсам, басымыздан еш қиын кезең өтпегендей, күліп отырып айтамыз ғой. Дегенмен әкеме бір күні «Әке, сіз дұрыс шешім қабылдапсыз, қиналсақ та, та­рихи Отанға оралғанымыз дұрыс болып­ты» дедім. Қытайда жүрсек, миллиардтаған тұрғынның ішінде көзге көрінбей қалатын едік. Қазіргідей емес, қарапайым жұмыс істеп жүрер едік. Ал атамекенге келіп, өстік-өндік. Көп нәрсенің қадірін ұғындық. Қазақстанға көшіп келгеніме биыл он бес жыл болды. Қазір маған басында үйіріліп тұрған бұлттар бірте-бірте ашылып жатқан секілді. Аспаным ашық болған сайын, көп пайдалы шаруа ат­қарғым келеді. Қазір киіктерді аман алып қалу­дың тиімді әдісін ойластырып, оны әлем­де жоқ өндіріске енгізу жобасына атса­лысып жүрмін. Одан бөлек, елдегі агрошаруа­шы­лықты дөңгелеткім келеді. Алдағы уа­қытта халықаралық балабақша ашу жос­пар­да бар. 

Мақтанбаймын, бірақ батпақ ара­сынан аяғымды сілкіп алып шығып, ары қарай түк болмағандай жүре беретін мінезіме ризамын. «Бұл елде түгім жоқ. Тұра­тын жерім анау. Орысша бір сөз білмеймін. Ата-анамның ақшасы жоқ. Қиналып кеттім» деп отыра кеткенім жоқ. Үнемі ұмтылыс үс­тін­де жүрдім. Сан тарау жолдың ішінен дұры­сын таңдай білдім. Айтпақшы, елге деген ең үлкен алғысым – алты жыл тегін оқы­дым. Сол үшін қатты ризамын! Екі дип­ломды еш жерге жаратпасам да, дым ақша тө­лемей, сауатымды арттырдым. Әкем айтқандай, грантқа түсе алмасам, жолым, бағытым басқаша болар ма еді, бәлкім. Қазір грантта оқудың маңызы кеміген шығар. Алай­да ол заманда университетте тегін оқу биік шыңмен тең еді. Ай сайын түсетін сти­пендияға разылық білдіріп, үнемі шүкіршілік етіп жүретінмін. Үкімет солай қаражат бөл­геніне шүкір деймін, кейбір елдерде мұндай да төленбейді ғой. 

Байқайсыз ба, қазір бәрі қазақшалана бастады. Маған бірден білінеді ғой. Қазір Қазақстанда өмір сүру өте жеңіл. Қазір «Қазақшама қазақша жауап бер» деп талап ететін деңгейге жеттік. Бұрын көпшілікке сұрақ қойсаң, орысша шүлдірлеп тұратын еді ғой. Еркінбіз, қысылмаймыз. Қазақша кон­тент көбейіп келеді. Қазақша жазуы бар киім кию сәнге айналды. Ұлттық нақыштағы мейрамханалар көптеп ашылып жатыр. Қытайда бір азаматтың қазақтың ұлттық киімін көшеге киіп шыққаны таспаланған видео кеңінен таралып жатыр. Осы барғанда ондағылардың жақында хит болған бір қа­зақша әнге видео түсіретінін байқадым. Бұ­рын көрші болса да, қытайлар Қазақ­стан­ды көп біле бермейтін. Картаны ашып, бірден түсіндіретін едім. Қазір бәрі біледі. Бәрі құрметтейді. Бұған – Президенттің қытайша еркін сөйлеуі, Қытай мәдениетін айрықша құрметтеуі бірден-бір себеп. Қытайлар менің қытайшама да таңғалады. Тіпті, «диктор се­кілді сөйлейсің» деп, телевизияға жұмысқа ша­қырды. Мен оларға мұны былай түсін­діре­мін: «Біз санымыз аз болғаны­мызбен, са­па­лы­мыз. Мен қытайшаны беске білсем, бас­қалары араб, парсы, ағылшын тілдерін тез үйренеді. Біздің көп тілді тез үйрене алатын ерек­ше қабілетіміз бар» деп мақтана жөне­ле­мін.

Биыл Қытайда Қазақстан жылы атап өтіледі. Тиісінше, менде мақсат пен жос­пар көп. Мәдени көрме мен түрлі жиын ұйым­дастырмақпын. Одан бөлек, өзім енді жұмысын бастаған кәсіпкерлерге кө­мек­теспекпін. Жуырда бір азамат елде кәмпит шығаратын зауыт ашты. Соған жанталасып, Қытайға шығаруға көмектесейінші деп жүгіріп жүрмін. Одан бөлек, Батыс Қазақстан облысының делегаттарына да өз қалтамнан ақша шығарып, көмектесіп жүрмін. Айтып тұрмын ғой, мен «біртүрлі» кәсіпкермін. Тек осы саланы «беске» білетіндіктен, бұдан бейхабар бауырларға қол ұшын созып, жол көрсеткім келеді.

Жазып алған 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Қытайда Димаштан кейін «Достық елшісі» марапатын алған қазақ қызы