Құрметті қандастар!
Өздеріңізге белгілі «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамына елге көшіп келген қандастарға ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету құзыреті берілген. Қандастарға қатысты құжаттандыру және басқа да әлеуметтік-экономикалық мәселелер басқа құзыретті органдар өкілеттілігінде.
Моңғолиядан Павлодар облысының аумағына қоныс аударған қандастарымыздың құжаттарын заңдастыру (легализациялау) мәселесі әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері талқыланып жатыр.
Бұл мәселе бойынша ҚР Мәжіліс депутаты Унзила Шапақ, бір топ депутаттармен және ҚР Ішкі істерінің вице министрімен арнайы талқылау өткізген болатын.
Сондай ақ, Отандастар қоры тарапынан аталмыш мәселе бойынша ҚР Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктеріне арнайы хаттар жолданды.
Бұл жерде, соңғы уақытты көші қон саласында орын алған біршама өзгерістерге байланысты, виза ұзарту, тұрақты тіркеуге рұқсат алу және ықтияр хат рәсімдеу барысында қиындықтар туындап отыр.
Атап айтқанда, өңірлік полиция департаментінің көші қон қызметі қандастардың туу туралы куәлігі, паспорты, соттылығы жоқ деген анықтамалары міндетті түрде легализациядан өткеннен кейін ғана қабылданатындығын жеткізген.
Осы ретте, виза ұзарту, тұрақты тіркеуге рұқсат алу және ықтияр хат рәсімдеу ҚР Ішкі істер министрлігінің, ал құжаттарды заңдастыру (легализациялау) мәселесі ҚР Сыртқы істер министрлігінің құзыретіне жататындығын ескерулеріңізді сұраймыз. Сондықтан, құзырлы мемлекеттік органдардан заңнамалық негізделген түсіндірмелік ақпарат алынғаннан кейін нәтижесі бойынша қандастарды қосымша ақпараттандырамыз.