«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қосты

15 Шілде, 2023

Кеше Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучье көлінің оңтүстік-шығыс жағалауында ор­наласқан IQanat High School of Burabay мек­тебінде «Жас Қазақ» жазғы этно-лагері­нің жабылу салтанаты болып өтті. «Отан­дас­тар қорының» ұйымдастыруымен екі аптаға жал­ғасқан бұл лагерьге әлемнің 8 елінен, атап айтсақ, АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қыр­ғыз Республикасы, Өзбекстан, Моңғолия жә­не Ресейден екі жүзге жуық этникалық қа­зақ балалары қатысты.

Шетелде туып-өскен, мектеп жасындағы қазақ­тарға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үндейтін бұл лагерьге келемін деушілер қатары жыл сайын артып келеді. Былтыр дәл осы мектепте өткен жаз­ғы лагерьге 8 елден (Ресей, Өзбекстан, Франция, Моң­ғолия, Иран, Түркия, Қырғыз Республикасы және Қытай) кел­ген 84 оқушы қатысқан болатын. Биыл бұл көрсет­кіш­тің екі есеге артуы 2019 жылы қолға алынған бұл өмір­шең жобаның расында мәні зор, миссиясы үлкен еке­нін аңғартады. Әрі биыл лагерь жолдамасы өз ай­ма­ғында белсенділік танытып жүрген оқушыларға оңай беріле салған жоқ. Оқушылар бірнеше кезеңді қамтитын түр­лі байқауға қатысып, іріктеліп алынды. Жалпы, былтырмен салыстырғанда, биыл лагерь бағдарламасына ен­гізілген өзгеріс көп. Оқушылар асық ату, алтыбақан тебу, садақ ату, киіз үй құру, домбыра тарту, қазақ биін билеуді үйрететін дәрістерден бөлек мобилография кур­сын оқыды. Сонымен қатар Nazarbayev, М.Қозыбаев атын­дағы университет өкілдері елге оралып, оқуға түсе­мін деушілерге таныстырылым жұмыстарын өткізді. Одан бөлек, сегіз ордаға (әр ордада 25-28 баладан) бөлін­ген оқушылар спорттық жарыстарда өзара кім мықтыны анықтап, «Үздік орда» атағы үшін таласқа түсті. Оған қоса, қазақша мақал-мәтел айтудан жарысып, Қазақстан тарихына қатысты тест тапсырмаларын орындады.

«АТАЖҰРТЫМЫЗДЫ ЕРЕКШЕ ҚАДІРЛЕЙТІНІМІЗ ЖҮЗІМІЗДЕН-АҚ БАЙҚАЛЫП ТҰРҒАН ШЫҒАР»

Мақал-мәтел айту сайысында Өзбекстан елінен келген Нұргүл жиналған көпшілікті таң-тамаша етіп, бірінші«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қостыорынға лайық деп танылды. «Мен Ташкент облысы Бостандық ауданына қарасты Айдаралы ауы­лы­нан келдім. Кішкентайымнан төл дәстүріміз бен төл өне­ріміздің маңызын түсініп өскен мен көп мақал-мә­телді жатқа білемін. Негізі, бұл лагерьге бұрыннан келгім келіп жүрген. «Отандастар» қоры карантин кезінде оқу­шы­лар арасында байқау ұйымдастырғанда, жасым кел­мей тұрса да тіркеліп, қа­тысқан едім. Сол кез­де ұйым­дас­тыру­шы­лар маған «Ең жас та­лапкер» номинация­сын берг­ен еді. Былтыр өткен лагерьге қатты бар­ғым келген еді, бір­ақ әкем уайым­дап, жі­бер­мей қойды. Сол кез­де «Әйтеуір бір ба­ра­мын» деп ниет ет­кен едім. Биыл бұл мақ­са­тым орындалып, көп­ші­­лік ауызынан таста­май айтып жүрген жаз­ғы лагерьге келгеніме қат­ты қуа­ныш­тымын. Дәрістер мен сайыстар кезіндегі қызу бә­се­кені айтпағанда, жалпы ла­герь ішіндегі атмосфера ерек­ше. Мен биыл тек бір бағытта өте ме деп ойлаған едім. Сайып келгенде, ла­герь бағдарламасы мен ой­ла­ған­нан да қызықты болып шықты», – дейді Нұргүл.
Айта кетерлігі, ұйымдастырушылар қандастар бір-бірін танысын, етене аралассын деген мақсатпен бір бөл­­меге төрт түрлі елден келген қандастарды орна­лас­тырған. Нұргүл аз уақыт ішінде Моңғолия, Ресей, Қырғыз Рес­публикасынан келген бөлмелестері айнымас досқа айналып үлгергенін айтады. «Өз аймағымызда ұстанатын салт-дәстүрлеріміздің ерекшеліктерін айтып, бар біле­тіні­мізді ортаға салдық. Сегіз елден келген қандастармен дос­тасқан бір бөлек. Бірақ біз бұл лагерьдің арқасында өзі­міз туып-өскен жер – Өзбекстаннан келген өзге оқу­шылармен танысып, достасып кеттік. Мұнда біздің ау­дан­нан алты оқушы, ал Науаиден сегіз оқушы келді. Таш­кенттен келген бірнешеу бар. Бір қызығы, біз бір-бірі­мізді танымаймыз. Сондықтан расында бұл лагерьдің біз­ге берері мол болды», – дейді Нұргүл.
Ерекше атап өтетін жайт, Нұргүл үш апта бұрын Аста­нада өткізілген «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» халықаралық олимпиадасында үздіктер қатарына ілініп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің грантын ұтып алыпты. Қазақстанға келгелі ерекше күй кешіп жүрген ол Қазақстанда оқу арманы орындалғанына әлі сенбей жүргенін айтады. «Атажұртымызды ерекше қадірлейтініміз жүзімізден-ақ байқалып тұрған шығар. Өткенде шекарадан өткенде, жүрегіме атша тулап, жылап жібере жаздадым. Былайғы кезде де теледидардан Қазақ­станның әнұранын ести қалсақ, орнымыздан атып тұрып, бірге шырқаймыз. Онда да көзімізге жас толып қа­лады», – дейді ол ағынан жарылып.
«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қостыМоңғолияның Баян Өлгей өлкесінен келген Айбота да Нұргүл секілді бұл лагерьге бұрыннан барғысы келіп жүр­ге­нін айтады. «Біз мұнда екі топқа бөлініп кел­дік. Бірінші топта қыр сұ­мындарынан отыз екі бала келсе, Баян Өл­­­­гийден он үш оқушы кел­дік. Туыс әпкем был­тыр бұрын бұл лагерьге келгендіктен, ондағы іс-шаралар маған да ұнап қалды. Сөйтіп, тү­бі барамын деп мақ­сат етіп жүрген едім. Мен бала кезімнен өлең шығарамын. Биыл Баян Өлгейде өткен он үш сайыстың онын­да жүлделі болдым. Сол кезде ұстаздарым «бұл лагерьге сенің бармағаның дұрыс болмас» деп айтқан еді. Сөйтіп, іріктеу кезеңінде мәнерлеп оқу және сурет салудан үздік болып танылып, жолдаманы иелендім. Бір қы­зығы, үйімдегілер мұнда келетінімді жолдаманы ұтып ал­ған кезде ғана естіді. Әрине, бөтен жерге емес, ата­жұртқа бара жатқан соң әрі жан-жақтан қатарластарым жи­налады деген соң олар мені қуана-қуана жіберді», – дей­ді Айбота. «Саған ең ұнаған қай дәріс?» деген сұра­ғымызға ол «Қазақстан тарихы бойын­ша өткізілген тес­тілеу айрықша ұнады. Ол тес­тілеу­ге сек­­сенге жуық ба­ла қатысты. Біз жақта қазақтар көп шо­ғырланған­дық­тан, Қазақстан тарихын жақсы білеміз. Соның арқасында еш­кімге дес бермей, көп сұрақтың жауабын таба алдық. Фи­налға өткен он баланың жетеуі – Моңғолиядан, үшеуі – Өзбекстаннан келгендер. Сон­дықтан бұл тартысқа толы іс-шара маған қатты ұнады» деп жауап берді. Қазақстан тарихынан бөлек, киіз үйді қалай құруды жетік білетін олар бұл тапсырманы орын­дау кезінде өзгелерге көмектессе керек. «Біз жайлауда тұратын ата-әжемізге жиі баратындықтан, мұның бәрін беске білеміз. Ал білмейтіндерге оны қалай құрайтынын түсіндіріп бердік. Біз де олардан көп нәрсені үйрендік. Мы­салы, мен Қытайдан келген қазақ баладан қытай тілін үйреніп жүрмін. Екі апта ішінде біраз сөз жаттап алдым», – дейді Айбота. Сондай-ақ ол осы екі апта ішінде айна­ла­дағы әсем көрініс пен дәріс өткізіп жүрген ұстаздардың қанаттандыратын сөздеріне тебіренгені сонша, «Мен бақытты – адаммын» деген өлең шығарғанын айтады. Сиясы кеппеген бұл өлеңін қайтар кезде көпшілік алдында оқып беруге уәде берді.

«ҚАЗАҚСТАН ТҮГІЛІ, ӘЛЕМДЕ МҰНДАЙ МЕКТЕП БАР ДЕП ОЙЛАМАДЫМ»

«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қостыҚытайдың Құлжа қаласынан келген Айбол Алпысбай биыл оныншы сыныпты Қазақстанда оқымақ. Ол мұндай жауап­ты кезең алдында жазғы лагерьге келіп, рухын кө­теріп, санасын серпілтіп алғанына қатты қуанатынын ай­тады. «Мына мектеп орналасқан жердің табиғаты кере­мет! Мұны суретке тү­сіріп, Қытайдағы туыс­­­­­тарыма жіберсем, «Неткен әсем жер!» деп менімен қоса таңғалып жүр. Қазақстан түгілі, әлемде мұндай мектеп бар деп ой­ламаппын» дейді тауы мен бауы ке­ліскен аймаққа там­­сана қарап. «Мен сізге тағы бір ерекшелікті ай­­тайын­шы. Мен Қа­зақ­­стан тарихынан мүл­­де бейхабармын. Мек­­тепте Қытай және дүниежүзі тарихын ғана оқыдым. Қа­зақстан тарихы туралы деректер жоқтың қасы. Өт­кен­де Алматыда жекеменшік мектепке түсу үшін емти­хан тапсырғанымда отыз ұпайдың төрт ұпайын ғана жинадым (күліп). Сондықтан лагерьде Қазақстан тарихы бойын­ша өткізілген дәрістерден көп тың деректерді білдім. Әсіресе, екінші сабақта рулардың тарихын, жеті ата шежіресін зерттедік. Өз руым туралы көп мәлімет біл­дім. Сондықтан бұл дәрісте айтылғандар жадымда мәң­гілік сақталады» дейді ол таңғалысын жасырмай.
Оқушылар мұнда топпен жұмыс істеп, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделетіні айтпаса да түсінікті. Айбол әсіресе, өзімен бірге еріп келгендердің мұнда жаңа қырынан танылғанына ерекше қуандым дейді. «Байқап қарасам, ұлтымыз бір болса да, сегіз елден кел­ген сегізіміз сегіз түрліміз. Әсіресе, біз, Қытайдан келгендердің мінезі тіпті бөлек. Біз таңғы жетіде мектеп­ке барғаннан кешкі алты-жетілерде ғана үйге қайтамыз. Ойын туралы ойлауға мұрша болмайды. Мектепте бәсеке мықты. Ресей, Америкадан келген балалармен салыстыр­саң, Қытай қазақтары өте жуас әрі момын келеді екен (күліп). Қытай қазақтары екенін алыстан-ақ білесің. Жол­дың бір жағында көзілдірік тағып алып, үндемей тұра­ды. Бірақ бірнеше күннен кейін бәрі өзгеріп шыға кел­ді. Сондықтан бұл лагерь бізге жаңа қырымыздан та­нылып, бойымыздағы өзіміз білмейтін қабілетімізді ұш­тауға таптырмас мүмкіндік берді», – дейді Айбол.

«ДОМБЫРАНЫ ҰСТАҒАН КЕЗДЕ ЕРЕКШЕ КҮЙ КЕШТІМ»

«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қостыРесейдің Қосағаш ауданынан келген Аягөз қайтуға әлі екі күн болса да, қатарластарымен қоштасқысы келмей жүргенін, лагерь тағы бірнеше аптаға жалғасса деген тілегін айтады. «Мен бір бөлмеде Қы­тай, Өзбекстан, Қырғыз Республикасынан кел­ген қыздармен бірге тұра­мын. Төртеуіміз ә деген­нен-ақ оңай тіл табысып кет­тік. Одан бөлек, басқа бөлмелер­де тұратын қыздармен де жақсы қарым-қаты­нас орнаттық. Спорт­тық жарыс кезінде ұйым­дастырушылар бір елден келген бала­лар­ды бір ордаға біріктірмей, сегіз елдің балаларын сегіз ордаға бөлді. Сондықтан бір бөл­меден бөлек, бір ор­­дада жақын ара­ла­сып кеткен бірнеше қа­­тарластарым бар. Са­бақ­тарға, жарыс­тар­ға бірге қатысып, үнемі бірге тамақтанып жүр­дік. Күн сайын бірі­міз­­дің көңілімізді бірі­міз кө­теріп, қалжың­да­сып жүргендіктен олар­­­ды жақын тарта­мын. Ал­дағы уақытта олармен көрі­семіз бе, жоқ па, бір Құдай бі­ле­ді. Қоштасар сәтті ой­ла­сам, көңіл күйім тү­сіп қалады. Расымен бұл жерден қайтқым кел­мейді. Ма­ған мұнда бәрі ұнады. Әсіресе, мобилография кур­сы­нан көп нәрсе үйрендім. Мен бастапқыда бұл сабақтың өте­тінін білмедім. Естіген кезде ұйымдас­тыру­шылардың біздің қамымызды ойлап, заман ағымынан қалмай мұны да үйренсін деген ниетіне риза болдым. Біз Қосағаштан он алты бала келдік. Олардың бәрі жаңа дос тап­қанына ри­за. Бәрі «қайтпай-ақ қойсақ қой» деп, қай­тар күнді тіп­ті ойлағысы да келмейді», – дейді Аягөз.
«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қостыҚырғыз Республикасының Шу облысына қарасты Степ­ное ауылынан келген Аяулым мектеп бітірген соң Алматыға оқуға түскісі келеді екен. «Өзім Алматыға ба­рып көрмегенмін. Бірақ Алматыны мақтай жөнеле­тін­дердің сөзіне сенсем, ол – жастардың білімін шыңдап, әрі уақытты тиімді өткізуіне қо­лайды қала. Сондықтан мұндай лагерьлерге қатысу – болашағын ата­жұртымен байла­ныс­тырғысы келетін мен секілді оқушылар үшін үлкен мүмкіндік. Біз мұнда Қазақстан оқушылары білетін дү­ниелерді танып-біліп, нәтижесінде күні ертең кез келген білім ор­дасында қысылмай, біраз нәрседен хабар­дар екенімізді байқата аламыз. Бастапқыда «Отан­дастар» қорының жеке парақшасынан ла­герь туралы бейне­ро­лик көргенде «Дәл мұн­дай болмайтын шығар» деп ойлаған едім. Қате­ле­сіппіз. Бәрі біз ойла­ған­нан да асып түсті. Әсіре­се, би сабақтарынан шыққымыз келмеді. Мен бұрын «Қара жорға» биін билеген едім. Бірақ біраз қимылдарын ұмытып қалыппын. Сондай-ақ бұрын үйде домбыраның «құлағын» шұқылап, дыңғырлатып жүре­тінмін. Ал мұнда дом­быра сабағында ұлттық аспапты ұстағанда бірінші рет ұстап тұрғандай, ерекше бір сезімді бастан кешірдім. Қызық. Алдағы уақытта домбыра тартуды жетік мең­гергім келеді», – дейді Аяулым. Сон­дай-ақ ол көп оқу­шы­ның өзара қазақша сөйлегеніне қуанып, кейбір түсінбеген сөз­дердің мағынасын бір-бірінен сұрастырып жүр­генін айтады. «Мен қазақ тілін жетік білетіндіктен, бар білгенімді тү­сін­діріп жүрдім. Біздің ауылдағы тұр­ғын­дардың дені – қа­зақтар. Біз үйде қазақша сөйлесеміз. Қыр­ғыздардың арасында жүрсек те, қазақша сөйлейміз. Кей­бірі қырғи қабақ танытса да, «Мейлі» деп қазақша сөй­леуді жалғастыра беремін», – дейді ол.

«АТАЖҰРТЫМА БАРА ЖАТЫРМЫН ҒОЙ? НЕСІНЕ ҚОРҚАМЫН?»

«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қостыБеларусь астанасы Минскіден келген он бес жастағы Камила Филипенко «Қазақстанда туыстарым тұратындықтан, мұнда жыл сайын келемін» дейді. Жазғы лагерьге алғаш келген күні біраз қиналғанын жасырмайды. «Бірінші күні көп нәрсені түсінбей, басым қатты. Оқушылар өзара қазақша сөйлейтіндіктен, айтқандарын бірден түсіну қиын болды. Қазақшам керемет дей алмаймын, бірақ аз-маз түсінемін. Лагерьдің мақсаты – этникалық қазақтар тілін, дәстүрін, мәде­ниетін ұмыттырмау мақсатында ұйымдастырылғаны түсінікті. Сондықтан қазақша сөздерді еске түсіруге тырысып, арасында аударма құралдарын пайдаландық. Ым-ишарат белгілерін де қолдандық. Бірақ ағылшын тілін білетіндермен емін-еркін сөйлестім», – дейді Камила. Ол ұйымдастырушылардың лагерьге келген екі жүзге жуық баланың әр уақытын тиімді өткізуге бағытталған бағдарламаны қалай құрғанына аң-таң. «Тыңғылықты дайын­дал­ғаны көрініп тұр. Бәрі керемет. Барлық са­­­бақтан өзіңе кере­гің­ді аласың. Түге­лі пай­далы. Әр күніміз жос­пар­ланған. Төсекте аяқ көтеріп жату деген жоқ. Тағамдары да дәм­ді. Маған бәрінен бұ­рын садақ ату сабағы ұнады. Сосын атпен серуен­­деуден ерекше әсер алдым. Беларусьте жылқыны көп ешкім баптап өсірмейді. Қа­зақ­стандағыдай атпен емін-еркін серуендей ала­тын жерлер жоқтың қасы. Ал мұнда бәрі басқаша», – дейді ол. Сондай-ақ Минскіге қайтқан соң домбыра сабағына қатысамын деп шештім дейді. «Домбыра сабағында мұғалім есту қабілетім ерекше екенін бірнеше рет айтты. Бір марқайып қалдым. Елге барған соң, домбырада шебер ойнауды үйренемін деп бекініп отырмын. Анам фестивальге қатысқан кезде үйге бір домбыра алып келгені есімде. Ол аспапты сол кезде ғана ұстап көргенмін. Жалпы, менің анам басқа елде тұрса да, өз мәдениетін ұмытпауға тырысады. Бізге де «қайдан шыққандарыңды, өз тамырларыңды ұмыт­паңдар» деп айтып отырады. Сондықтан мұның бәрін ұқтыратын бұл лагерьге дер кезде, қажет шақта келген секілдімін», – дейді Камила.
«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қостыИранның Горган қаласынан келген Пуя Павиз Қазақстанға осымен екінші рет келіп тұр екен. Былтыр Алматыға отбасымен келген ол биыл жазғы лагерьге жалғыз келгенін айтады. «Жалғыз бара жатқаныма сескенген бірнеше адам «Қорықпайсың ба?» деп сұрақтың астына алды. Атажұртым емес пе? Несіне қорқамын? Оған қоса, жол, жөн сұрай аламын. Қазақ тілін жақсы білемін. Горганда мың жарымдай қазақ тұрады. Отбасымда қазақша сөйлесеміз. Қазақ тілінен бөлек, қазақтың салт-дәстүрін, қазақ тілін сақтауға тырысамыз. Ата-бабаларымыз оны бізге аманат қылып қалдырған. Сондықтан мен осында оралып, оқуға түскім келеді», – дейді. Пуя Ираннан жалғыз өзі келгендіктен көпшілік оны жақын тартып, көңілін аулауға тырысқанын айтады. «Бір бөлмеде Моңғолия, Өзбекстан және Қытай елдерінен келген бауырларыммен бірге тұрамын. Пар­сытілді ортадан қазақтілді ортаға топ етіп, айналамдағы жас­тардың қазақша сөй­леп жүргенін бақы­лау­дың жөні тіпті бө­лек екен. Мен мұндай сезімді бірінші рет бас­тан өт­ке­ріп тұрмын. Со­сын сегіз ордаға бө­лі­ніп, тар­тысқа толы жарыс­тардағы эмо­ция­ларды еш ұмытпаспын. Біз Көк орда құрамында болған бес қандас фут­бол жарысында фи­нал­ға жетіп, ақырында бі­рінші орынды иелен­дік. Сол кезде басқа ордалардың намысын қорғаған қан­дастардың «Көк орда! Алға!» деп ұрандатып, бізді қолдап, жанкүйер болғанын көрсеңіз, сіз де таңғалар едіңіз. Естен кетпес кеш болды. Одан бөлек, садақ ату ойы­ны да ерекше әсер қалдырды. Сосын, әлбетте, Қа­зақстан тарихы туралы дәрістердің де берері мол болды. Ата­жұртымыздың тарихын тек ата-анамның, үлкен­дердің ауызынан естіп өскен мен мұнда біраз деректерге қанық болдым. Осы ретте қазақ екенімді сезіну үшін маған мүмкіндік берген «Отандастар» қорына, соның ішінде бізге үнемі қолдау көрсететін Абзал Сапарбекұлына және екі апта бойы біз үйренсін, білсін деп жан ұшырып, жүгіріп жүрген ұстаздарыма алғысымды айтамын!», – дейді Пуя сөз соңында.

«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қосты
Лагерьдің жабылу салтанатында IQanat High School of Burabay өкілі Жания Исмағамбетова оқушыларға сәттілік тілеп, болашағы жарқын болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол екі апта бойы өзара сайысқа түскен «Үздік орда» жетек­шісін марапаттады. «Отандастар» қоры­ның директоры Абзал Сапарбекұлы осы күндер ішінде естен кетпес ерекше сәттерді бастан өткерген оқушылардың бір-бірімен жақын танысып, бір үйдің баласындай жақын тартқанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол қатысушыларға төрт тілде жарық көрген, қазақ тілін үйретуге бағытталған кітаптарды сый­ға тартты. Сонымен қатар «Мақал-мәтелді жатқа айту» және «Қазақстан тарихы» жарыстарында үздік үштікке ілін­гендерге қор атынан бағалы сыйлықтарды (планшет, элек­тронды кітап және смарт сағат) табыс етті. Кеш соңы «Қазақконцерт» ұйымы өнерпаздары мен қандас оқушылардың әзірлеген концертіне ұласты.

https://turkystan.kz/article/227831-zhas-kazak-lageri-zhyraktagy-kandastardyn-basyn-kosty/

«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қосты