Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа қазақтары құрылтайына құттықтау хат жолдады

29 Мамыр, 2023

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Кельн қаласында өтіп жатқан Еуропа қазақтары құрылтайына арнайы құттықтау хат жолдады.
    Президенттің құттықтау хатын үш күнге жалғасқан құрылтайдың жабылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.


    «Қадірлі қандас бауырлар! Бүгінгі таңда қазақтар әлемнің қырықтан астам мемлекетінде өмір сүріп жатыр. Кезінде тағдырдың жазуымен тарыдай шашылып, Анадолы жерінен пана тапқан бауырларымыз қазір Еуропаны жайлаған бір қауым ел болып отыр.
Қалибек Хәкім, Хасен Оралтай, Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік, Дәлелхан Жаналтай, Әбдірахман Четин сияқты тұлғалар ел мақтанышы атанды. Олар өздерінің ізін басқан жастардың бойына қазақтың тілін, ділі, рухын сіңіріп, ұрпақтың тамырынан ажырамауына көп еңбек сіңірді. Аға буынның осы өнегелі жолын жалғастырып, қандастарымыздың ұлттық болмысын сақтау өте маңызды.
Қазақ елі шет мемлекеттерде тұратын қандастарын жан-жақты қолдауға айрықша көңіл бөледі. Олардың тарихи Атамекеніне қоныс аударуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. «Отандастар» қоры құрылып, ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Шетелде тұратын қазақ кәсіпкерлері үшін арнайы «Ата жолы» қазақ картасы енгізілді. Осындай ілкімді істер жалғаса береді.
    Осы орайда әлемнің әр түкпірін мекен еткен бауырларымыздың басын қосып, ұйыстыру жолында елеулі еңбек етіп жүрген ұлтжанды азаматтарға ризашылық білдіреміз.
Баршаңызға амандық, бақ-береке және толағай табыс тілейміз» делінген хатта.

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа қазақтары құрылтайына құттықтау хат жолдады