ДОМБЫРАШЫЛАР ДӘРІПТЕЛГЕН ДӘСТҮРЛІ БАЙҚАУ

15 Наурыз, 2023

Өнерлінің өрісі кең

ДОМБЫРАШЫЛАР  ДӘРІПТЕЛГЕН ДӘСТҮРЛІ БАЙҚАУ

ТАМДЫЛЫҚ ТАЛАНТТАРДЫ ТАНЫТТЫ

 Қазақтың қара домбырасының үні-күй өнері, жыраулық пен жыршылық  ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлтымыздың рухани құндылығы. Қос ішектің күмбірімен шанағынан сыр ақтарған домбыра тілі – ел қазынасы саналған ұлттық өнерді әлемге әуелеткен асыл дәстүр. Ата – бабаларымыздан ұрпақтарға асыл мұра болып сабақтаса түскен күй өнері, жыршылық пен домбыра тарту сондай-ақ оркестр орындауында қазақтың әндерін шарықтатып, шебер орындау сынды мақсатты шоғырландырған Өнерлі жастардың ән-күй байқауы тамдылық өнерпаздар басын біріктірді. Өнер сайысының мақсаты – ауыл жастары арасында қазақтық ұлттық аспаптары орындауында ән мен күйшілік өнерін өскелең ұрпаққа, өнерсүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау, жас таланттар мен шебер орындаушыларды табу, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберліктерін  арттыру еді.

Байқаудың бастамашылары

 11 март күні Ташкент қаласынан 850 км шалғайда орналасқан Өзбекстандағы қазақ аудан Науаи облысының Тамды ауданында 15  ауылдан келген 500-ге жуық жас домбырашылар Тамды аудандық мәдениет үйінде “Өнерлі домбырашы жастар” байқауында өзара күш сынасып, өнерін ортаға салды. 

 Жастар арасында бес үстем бағытта ен жайдыру, сондай ақ  талантты өнерпаздарды анықтап, халқымыздың төл мәдениетін, дәстүрлі терме, жыраулық пен оркестр орындауындағы ән-күй мәдениетін өскелең ұрпаққа дәріптеу сынды мақсат міндетті өз ішіне алған байқау осы жылы сегізінші рет өткізілді. Өнер сайысын Тамды ауданы әкімдігі, аудандық мәдениет бөлімі, аудандық халыққа білім беру бөлімі, аймақтық Жастар ісі агенттігі және Өзбекстан жастар Одағы Тамды аудандық бөлімі ұйымдастырды.  Тамдылық өнерпаздар дарындардың басын қосқан дәстүрлі байқаудың ұйымдастырушысы -Нұрлан Бекназаров. 2015-2016 жылдары Жастар Одағының(сол кездегі «Камолот» жастар әлеуметтік қозғалысы) басшысы қызметіндегі  білікті маман аудандық халыққа білім беру бөлімі мен аудандық мәдиниет қызметкерлеріне өнерлі жастар байқауын ұйымдастырып,  ұлттық өнерімізді ұрпаққа жалғастырумен оны дәріптеу бастамасын көтереді. Мәдениет қызметкерлері мен ауыл мектептері оқушылары қолдауын тауып, бүгінде жыл сайын көрермендер мен тамдылық жалынды жастар асыға күтетін өнер сайысына айналып үлгерген байқау шарттары жыл сайын күрделеніп отырады. Домбырадан басқа ұлттық аспаптар-саз сырнай, қобыз, баян, шылдырмақ т.б.  қосылып, балалар өнері түрлі ұлттық аспаптарда  көрініс табады.

Жастарды жұмылдырған өнер сайысы

 Байқауда жас домбырашылар бес шарт: таныстыру, оркестр ойындауындағы топтық ән, ұлттық би, топтық хор, ұлттық фольклор әні-терме орындау бағытында өнер көрсетті.

 Қатысушылар  қазақ тарихының өнер әлемінде тылсымнан тербеп күй төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Тәттімбет, Махамбет, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды күй қырандарының сондай-ақ Тауелібай композиторлары туындылары мен халық күй­лерін орындап, тамдылық көрермендер ықыласына бөленді.

 Шараға Тамды ауданы әкімі орынбасары Нұрлан Бекназаров, Тамды ауданы халыққа білім беру бөлімі меңгерушісі Мэлс Базарбаев, аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісі Жұлдыз Өтемұратова мен тамдылық жырау Жалғас Жүсіпов, үшқұдықтық әнші, ұстаз, музыкант Қайрат Ахметов, домбырашы Абай Абдураззахов, зейнеткер әнші Сайын Базаров ұстаздан тұратын қазылар алқасы  өнерпаз балалар дарынын бағамдады.

 Байқау нәтижесіне орай жүлделі ІІІ орынды Тамдыбұлақ ауылдық азаматтар жиыны 15 мектеп, Жаңашаруа ауылындағы 7 мектеп талантты жастары, жүлделі ІІ орынды  Тамдыбұлақ ауылдық азаматтар жиынындағы №1 мектеп пен Жырық ауылының №13 мектебі өнерпаздары, ал  Рахат ауылдық азаматтар жиыныннан келген №16 мектептің оркестр тобы жүлделі І орынды иеледі.

 «Бас жүлдеге» №12 мектептің дарынды домбырашылары   лайық деп табылып, байқауда орындаушылық шеберлігі, оркестр орындаған ән-күйінің көркемдік деңгейі және сахналық мәдениеті мен ұлттық киім үлгісі, дарыны арқылы қатарластарынан оза шауып, биіктен көрінді.

МАҚСАТ ЖЫРАУДЫҢ  ШӘКІРТТЕРІ

Жырық ауылының оқушыларын домбыра шертіп, күй орындауға үйреткен кейіпкеріміз ұлағатты ұстаз  – Мақсат Қалбаев саналады. Мұғалім өзіне шәкірттердің қаншалықты жоғары бағалап қарайтынын есінде сақтаса, оның балаларға тигізетін ықпалы соншалықты күшті болады, соның әр сөзі балаларды шаттандырады, оның әрбір ескертуі баланың жүрегіне терең орнығады,  деген ұстанымды өзінің өмірлік позициясына айналдырған Мақсат Ғалиұлы 1988 жылы Тамды ауданында туылған. Екі жасында нағашысы Алдияр ақсақал Досмұратов  арнайы домбыра ұстатқан бала Мақсат ән айтып, домбыра тартқан. Майлықожа, Құрманқазы, Естайдың күйлерін, ақын жазушылардың 100-ге жақын әндерінің тамылжыта орындауды меңгерген ұстаз 2012 жылыдан №13 мектепке балалар жетекшісі мен музыка пәні мұғалімі болып орналасты. Арнайы музыкалық білімге ие болмаса да  балалармен шын ықыласпен жұмыс істеп, 2016 жылдан бері домбыра байқауына бала дайындаған, «Үкілі домбыра» тобын құрған Мақсат баянды аспабын да меңгерген. Ол домбыра аспабын ауыл балаларына тартуды үйрете отырып, әрбір баланың бойында шығармашылық даралығын қалыптастыру, ол оқушының сенімін арттыру, баланың бойында жақсы бастаманың барына сеніммен қарай білуге баули алған жан. Өнерлі жырауға мектеп директоры Ерлан Рабаев көмек қолын созып, балалардың ұлттық киіммен қамтамасыз етілуіне бір кісідей ат салысады.  

 Үйрене жүріп, шәкірт үйреткен Мақсат Ғалиұлының бүгінде өнерпаз оқушылары жүзден асады. Алды Науаи мемлекеттік педагогикалық институты талапкері болған. Жас жыраудың еселі еңбегі еленің 2020 жылы 27 тамызда Ел Президенті Шавкат Мирзиеевтің Жарлығымен «Шухрат» медалімен марапатталған.

 

Дарынды домбырашылар марапатталды

 Күн бойы Тамдыбұлақ елді мекенін күйге бөлеген байқау кеше мен бүгіннің мәңгілік үндескен рухани жаңғыруы сынды тамаша қорытыланды.  әрбір қатысушыны шығармашылық ынта-жігерін дамытқан, ән-күй байқауы ауыл балаларының  болашақта талантты музыкант, композиртор, өнерлі  биші, дарынды  өнерпаз болуына бастапқы қадам бола алды.

Марапаттау рәсімі гала-кон­цертке ұласып, байқау қа­тысу­шыларына ұйымдастырушылар жағынан  диплом және бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Гүлдана НАРЫНБЕТОВА.  

ДОМБЫРАШЫЛАР ДӘРІПТЕЛГЕН ДӘСТҮРЛІ БАЙҚАУ