Ұлт ұясы - Ұлытаудағы Ұлттық құрылтай

Енді аз-кем уақытта ұлан-байтақ Ұлы даламыздың тарихи мекені – «Ұлт ұясы» атанған Ұлытай төрінде Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысы басталады. 
Елі мен жерін сүйетін, ұлты мен жұртының ертеңіне елеңдейтін отаншыл азаматтар да, жарқын болашаққа үкілі үмітпен қарайтын қараша халық та бұл жиынға айрықша назар аударып отыр. Көзі қарақты көпшілік «Ұлттық құрылтай - Күлтөбенің басында күнде өтетін көп жиынның бірі емес, жарқын болашаққа бастайтын жаңарған Қазақстанның құтты қадамы болуы тиіс» десіп жүр. 
Бұған ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің: «Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғам бірігуінің одан әрі дами түсуіне қатысты ұзақ мерзімді сипаттағы мәселелер талқыланады» деген сүбелі сөзі де дем бергендей.
Еске сала кетейік, 14-маусым күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай құру және оның құрамы мен ережелерін бекіту туралы жарлық шығарғаны белгілі. Жаңадан жасақталған Құрылтай құрамына 117 адам мүшелікке қабылданды. Ұлт бірлігін ұран етер ұлағатты азаматтар қатарына қарымды қаламгерлер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар мен тұңғыш ғарышкер еніп отыр. Сонымен қатар саяси партиялар, бизнес, медицина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқығы мен өзге де әлеуметтік топтардың ірі бірлестіктерінің белсенді өкілдері бар. 
Құрылтайдың басты мақсаты - ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қоғамның бірлігін бекемдеу, ұлт болып ұйысу жолындағы шетін мәселелерді шешуге жұрт болып жұмылу.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы кеңесі қазақ хандығының қазығы қағылған қасиетті өңір - ұлт ұясы Ұлытауда өтуінің өзін пайымы терең, парасаты биік тұлғалар жақсы ырымға балап отыр. 
Отырыс басталғанға дейін жиналған игі жақсылар тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өңірді аралап, керемет кешен салынған «Жошы ханның» рухына тағзым етті.

16 Маусым 2022

Кері байланыс

Записаться