Жиында Вице-президент жалпы түрік халқына ризашылық білдіре отыра, аталмыш еңбекті жоғары бағалап:
- Бағзыдан бауырлас түрік халқының рухани ұстазы, Анадолы жұртында Яссауидың мектебін жалғастырушы ақын, өлеңдерін Яссауи жолымен түсіндіріп жазған Юнус Эмренің сан ғасырлық мұрасы енді иісі қазақтың да игі қазынасына айналады, - деген сенім білдірді.
Еске салсақ, 2021 жыл ЮНЕСКО және Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен өмірден озғанына 700 жыл толған, түрік тілінің ең көрнекті тұлғаларының бірі Юнус Эмре жылы болып жарияланған еді.
Соған орай өлеңдерінің идеясы адамзатты сүюге, ақиқатқа, сабырға, яғни адамзаттық құндылықтарға үндейтін ақын Юнус Эмренің өлеңдер жинағы қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ Вице-президент өзінің сөзінде тағы бір тарихи маңызды күнді еске алды.
- Тарихқа жүгінсек, 1952 жылы 13 наурыз күні Түркия Үкіметін басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Аднан Мендерестің бастамасымен қабылданған шешім негізінде Үндістан мен Пәкістаннан қоныс аударған қазақтардың алғы көші Анадолы жеріне қабылданған болатын. Дәл осы тағдыршешті қаулының арқасында қазақтар Түркияға белсенді түрде көше бастады, - деп, осы атаулы датаға биыл 70 жыл толатынын алға тартты. Ал сөз соңында мүдделес екі елдің арасында қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық байланыс, тарихи тамырластық бен рухани үндестік үнемі үйлесім табады деген сенім білдірді.