Моңғолиядағы қазақ тілді KazNews.mn ақпарат агенттігінің құрылғанына 10 жыл!

11 Қараша, 2021

Бүгін «Отандастар қоры» жанынан құрылған «Шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясының» мүшесі, Моңғолиядағы қазақ тілді KazNews.mn ақпарат агенттігінің құрылғанына 10 жыл толып отыр.

Ақпарат айдынына қосылған алғашқы уақыттан бері мемлекеттік және өзгеде өңірлердің тарихын, жергілікті қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениет пен өнер саласын алыс-жақынға танытуда аянбай еңбек етіп келесіздер.

Түрлі бағыттағы танымдық мақалалар мен сұқбаттарды оқырман қауымға ұсынып, жаңалықтың жаршысы болдыңыздар. ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдығына орай «Үркер-2020» Ұлттық сыйлығының «Шетелдегі үздік қазақ тілді БАҚ» номинациясына ие болып, үздіктер қатарынан көріндіңіздер.

Атажұртта өткен іс-шараларды уақыт оздырмай жариялауға атсалысқандарыңыз үшін және шетелдегі қазақ тілді контенттің дамуына қосқан үлестеріңізге айырықша алғыс айтамыз!

Заман талабына сай тұрақты даму жолында қызмет істеп, алға қойған мақсаттарыңыздың орындалуына тілектестік білдіреміз!

«Отандастар қоры» КЕАҚ Вице-Президенті Мағауия Сарбасов

Моңғолиядағы қазақ тілді KazNews.mn ақпарат агенттігінің құрылғанына 10 жыл!