«Абай» мәдени-іскерлік үйі Омбыда байқау ұйымдастырды

10 Қараша, 2021

Омбы қаласында Ресейдің «Халық бірлігі күніне» орай жергілікті қазақ қыздары арасында V  кезекті «Ару қыз - 2021» байқауы өтті.  

Екі айлық іріктеуден кейін ақтық сынға 8 қатысушы жолдама алды.

Конкурсты Омбы қаласы әкімдігінің гранттық қолдауы аясында «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымы мен «Абай» мәдени-іскерлік үйі ұйымдастырды.

Сайыстың әр кезеңі тартысқа толы болды. Сахнада әділқазылар мен көрерменге қазақ халқының құдалық, тұсау кесу, қыз ұзату, бесікке салу және тағы басқа дәстүрлері көрсетілді.

Іс-шараның қорытындысы бойынша «Ару қыз - 2021» атағын Адина Упина жеңіп алды. Үздік екінші орынға Сабина Қонақбаева қол жеткізді.

Үшінші орынға ие болған  Риза Нұртазинаға «Отандастар қорынан» арнайы кәдесыйы «қазақ аруы» мүсіншесі мен қамзол табыс етілді. Өзге де қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды.

«Абай» мәдени-іскерлік үйі Омбыда байқау ұйымдастырды