Анкарада Ұлттық домбыра күні аталып өтті

07 Шілде, 2021

Анкарада Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Түркиядағы Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық домбыра күні фестивалі» аталып өтілді.
Айтулы іс-шара Анкараның ең көрікті жерлері - тарихи Естергон қамалы, Анкара қамалы, “Түркістан” ғимараты, Түркия Республикасының Президенті әкімшілігінің кітапханасы, Түрік тарихы музейінде өткізілді.

Фестиваль Түркия Республикасының Президенті әкімшілігінің ұлттық кітапханасында салтанатты концертпен ашылды. Оған Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы, кітапхана басшысы Айхан Туглу, Түркиядағы Қырғызстан, Албания, Иран және Мажарстан елшілері, парламент депутаттары, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» өкілдері, түрік елінде білім алып жатқан студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Фестиваль аясында қазақ, түрік, татар, ноғай, жапон халықтарының өкілдері 4 ай бойы жасаған дайындық нәтижесінде 50 домбырашыдан құралған оркестр қазақ күйлерін бір мезетте орындап, анкаралықтарды ғажап күйге бөледі.

Ұлттық домбыра күніне орай мұндай ауқымды шара шетелде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
«Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, халық мұрасы. Қазақ қашанда домбыраны қадір тұтып, төрге іліп, бағалаған. Киелі аспаптың құрметіне 2018 жылы Елбасының жарлығымен Ұлттық домбыра күні бекітілді. Сонау көне тарихтың күмбірін бүгінгі күнге жеткізген киелі де қасиетті Домбырамызды өркениетті заманға сай жаңғырта білсек, келешек жастарға ұлттық тәрбие беретін өнеге бастауы, әрі рухани қазынасы болары шындық», - дейді  Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы.

Концертте домбырашылармен қатар, Қазақстан және Түркияның өнер майталмандары, атап өтер болсақ Қазақстан және Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі Меруеш Башай, Түркияда қазақтың қасиетті құралын дәріптеп жүрген Шәмшігүл Жүсіпова мен Седат Солакоглу, Түркі дүниесі оркестрінің музыканты, белгілі композитор Ирфан Гүрдал, Мая Исмаилова сияқты өнер иелері де қазақтың халық әндерін орындады .

Анкарада Ұлттық домбыра күні аталып өтті