«Отандастар қоры» дүниежүзінің әр еліне тарыдай шашырап, кейін атажұртты аңсап Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз туралы арнайы «Таныс болыңыз» жобасын бастаған еді. Сол жобаның жалғасы ретінде таныс болыңыздар – белгілі кәсіпкер, меценат Мерей Сламұлы.
Мерей Сламұлы – белгілі кәсіпкер, меценат. 1963 жылдың 20 қаңтарында ҚХР Шиньжян Ұйғыр Автономиялық Районы, Құтыби ауданына қарасты Торғайты елді мекенінде дүниеге келген. Бастауыш мектепті Торғайтыда оқып, орта мектепті Құтыби ауданында бітірген. 1982-1986 жж. Қытайдың әйгілі Нанкин Университетінің Биология факультетінде Ботаника мамандығы бойынша білім алған.
1986-1992 жж. Қытай Ғылым Академиясы, Шиньжяң бөлімшесі, Биология Топырақ-Құм Зерттеу Институтында жұмыс істеген. Осы жылдары «Тянь-Шянь таулы өсімдіктер экологиясын зерттеу» және «Байымбұлақ таулы өсімдіктердің экологиялық жағдайы» атты ғылыми тақырыптар бойынша Шиньжян Ғылыми Жаңа Техникалық үздіктер байқауында үшінші дәрежеде марапатталған.
1992 жылы атамекенге оралып, 1992-1995 жж. Қазақстан Ғылым Академиясы, Ботаника Институтында аспирантурасында білімін толықтырды.
2000 жылдардан бастап Қытай Келун Корпорациясының Қазанстан Республикасында ресми өкіл қызметін атқарып, екі ел арасындағы дәрі-дәрмек өндірісінің негізін қалады.
2012 жылдан бастап Келун Корпорациясымен бірлесіп Алматы облысы, Карасай ауданы, Көкөзек ауылында Келун-Казфарм Бірлескен Дәрі Өндіруші Зауытын құрады. Қазақстан жағының жауапты қурылтайшысы болып, өндіріс бастайды. Қазіргі кезде аталған зауыттың атқарушы директоры.
Зауыт – орта Азиядағы ең көлемді өндіріс орны. Жылдық өнімі 60 миллион ерітінді флокон және 60 миллиондық онкологиялық дәрі құтысын шығарады.
Құлағанды сүйеп, жылағанды уатып, жоқ-жітікке көмектесіп қамқорлық көрсету Мерей Сламұлының дағдылы әдеттерінің бірі. Көптеген ақын, жазушылардың кітабының баспадан шығуына себепкер болған ол қазақ руханиятының дамуына да бей-жай қарамайды.
Ата-баба аруағына тағзым етіп, көне жазбалар мен шежірелердің жарық көруін, оның ел игілігіне жарауына жәрдем етіп, Қазақстанның түгенделіп жатқан тарихын толықтыруға да аянбай үлес қосып келеді.
Асыл жары – Халида Дүкеқызымен бірге Қарылғаш, Қаламқас есімді екі қызын тәрбиелеп өсіріп, үлгілі отбасын құруда.