«Атамекен антологиясы» жобасы: Жеңіс Қаненұлы

24 Қыркүйек, 2020

Қаламгер қандастарымызға шығармашылық қолдау көрсетіп, отандас ақын-жазушылардың  төл туындыларының туған елінде кеңінен насихатталуына мүмкіндік жасау мақсатында «Отандастар Қоры» КЕАҚ-ның арнайы жобасы «Атамекен антологиясы» бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз. Шығарылымның бұл санында Қытайдан келген қандасымыз, талантты ақын Жеңіс  ҚАНЕНҰЛЫНЫҢ бір төп өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

         ЖЕҢІС Қаненұлы 1979 жылы Тәңіртаудың Жоңғар ойпатына қараған бетінде, Батбақбұлақ деген жайлауда дүниеге келген.  2005 жылы Атамекенге көныс аударады. "Тыныштық" (2015),  "Түн тұңғиығындағы жарық"(2019)  өлеңдер жинағының авторы. Жетісу ақындары антологиясы " Тау мен өзен жырлары", " Сезім тамшылары" қатарлы кітаптарға өлеңдері енген. Еліміздегі түрлі басылымдарда, электронды сайттарда өлеңдері жаряланып келеді. Қазір Алматы обылысы Көксу ауданында тұрады. 

 

 

ҚАЗАҚСТАН - АЛЫП ЖҮРЕК

 

Шаттығыңды неге халық жүдеттің, 

Үп еткен желге бүршігің сынбақ.

Қазақстан деген алып жүректің, 

Оянам күнде дүрсілін тыңдап!

 

Бабаларымыздың бүкіл арманы, 

Бізге нәсіп боп,  келген алмасып...

Сан қайталаймын "шүкір Алланы", 

Маңдайымды әппақ сәждеге басып.

 

Алтай,  Атырау... кең даласындай, 

Құлашын алыс пейілім сілтеп.

Ізгіліктің - мен баласындай, 

Жабырқау дүниеге мейірім түспек.

 

Болатын жерім, алатын демім,

Санамнан өшіп,  қалады ма шет?

Әлдилеп аялаған анашым менің,

Қос алақанын табаныма төсеп!

 

Ақ махаббатым,бауырына басқан,

Жүретін алдағы жолымды байқады.

Мейірімнің ауылынан  қашқан, 

Әкеледі ертіп ойымды қайтарып.

 

Қол жетпей айға... жанды мұңайтады, 

Көрсеткен бағым Тәңірім нұсқап.

Отырған анам саулығымды байқап, 

Білегімнің лүпіл тамырын ұстап...

 

...Қазақстан деген алып жүректің, 

Оянам күнде дүрсілін тіңдап!

 

 

ЭВРЕСТТІ* АСҚАН КӨШ

 

ХХІ-інші ғасыр адамы несін 

мақтанамыз... (Сырын дала білесің...)

Еврест асты Елсхан батыр, 

Елінің бастап қаралы көшін...

 

Ес жиып қайта сергідік бүгін 

Дегенде,  кесілді Еңілік бұрым...

....Жұрт болып  бағындырған алпнист-сынды, 

Жершарының  ең биік шыңын!

 

Сол болар диуана,  дәруіш деген, 

Өткенін еске алар сағыншпенен....

Жапырақ - таң мына, 

Қайсар қазақтың 

топырақ қалды ма қанын ішпеген?!

 

Бейбітшілікті тілеп ғасырдан, 

Таңбадай тасына жүрек басылған.

Көшкен жұртта шаңырақ қалып, 

Қайран далам-ай,  сүйек шашылған !

 

Көремін шың асып кетер көшіңді, 

Тарих өзі кесер кесімді.

Тасқа тамған тамшыдай шашіліп, 

Қанша қазақ жат боп шетелге сіңді?!

 

Тоқтаса тарих түйелі көші кеп, 

Дүбіріне құлақ түремін, есінеп...

Көзіме шұқып көрсеткендей уақыт, 

Қасыретімнің біреуін: "осы"- деп.

 

Сарқымай босқа жалпы күшіңді, 

Асуға болар талпынып шыңды.

Қайсар қазақтың көші асып барады, 

Эврестті бағындырған алпнист-сынды !...

 

*Еврест - Гималай тауы

 

****

Жаным таңға ән жалғайды, 

Ойымда жүр бала ғашық. 

Үмітім құр тал қармайды, 

Ақ толқынмен араласып. 

 

От - жалыным лапылдайды, 

Көкірегіме сәуле тамып. 

Мұң - арманым шашін жайды, 

Жас жүрегім әуре салып. 

 

Тіл таңдайға әлек үйді, 

Асығыс от қауып Ұрттап. 

Қойнаудағы қар ериді, 

Жазға келген тәуір ықтап. 

 

Ойламауға ол күш еді, 

Тырып еткізбей басып жатар. 

Тас бетіне жол түседі, 

Тілектерді жақындатар. 

 

Сары қымыз кім сапырады?

Қалықтап кеп қонса кептер... 

Саясына шақырады, 

Жел тербеген тал - теректер. 

           

БІР ТІЛКІМ БҰЛТ ЖОҚ ҚАЙҒЫ АСПАНЫНДА

 

Бір тілкім бұлт жоқ қайғы аспанында, 

Үңірейген үрейдің араны ашылып.

Қара тау жантайып жайғасқанында, 

Шынтағына қалыпты дала басылып .

 

Ақ киіз-сынды шексіздік жазылған, 

Шыққан әжелер ақ білегінен.

Қорқыттың көріндей- тексіздік,  қазылған...

Сапарына өмірдің сәт тіледім мен!

 

Сәулелер жамырап саусағын созады,

Жаңа гүл ашқан менің жаныма.

Тұлпарын қамшылап аңсарым қозады,

Сүйінем ортаймас сенім барына.

 

Бөлмеме құйылып нұр елжырейді,

Жарқыраған ғажап түн әйнегінен.

Жалғыз нүкте қып жіберді үрейді,

Шашылған ұшқын Құдай демінен...

 

ҚАЛҒАН ЖОҚ ЕДІ ТӘУЕКЕЛДІҢ ТАУЫ АЛЫС

 

Қалған жоқ еді тәуекелдің  тауы алыс, 

Етегімнен тартқанымен  күдік кеп.

Көңілімде талпынады бала құс, 

Өзі - өзінің тынштығын жұлып жеп.

 

Аспан тұрар,  өзгерссіз тау тұрар, 

Қайтып келе жатам жаяу үйге мен.

Бір күндері айтар сөзде  таусылар, 

Қиялыңды ала арқандай сүйреген.

 

Тұр керіліп біз аттамас ала жіп, 

Көкірекке түскен зілдей салмағы .

Көтерсе, егер,  белі талып бала жүк, 

Тағдырының ол да басқа салғаны.

 

Кім ең соңғы сөзін айтар таусылып, 

Іс басталды,  қалай болар бітуі?

Бейуақтың жартасқа ұрған даусын,  ұқ!

Тіршіліктің желге шалқыр түтіні.

 

Уақыттың (маған міндет  тапсырған ), 

Мені жарға итермейді,  сенем бек.

Жүре беріп жанның дертін асқынған, 

Үнсіздікпен алам іштей мен емдеп...

 

Аңқаулықпен аузыңды ашыпа,  арайлым, 

Баладай пәк көңілменен таңдағы.

Таңдайларын тақылдатар талайдың,

Сорғалаған өтіріктің бал дәмі...

 

***

Аңқау дүние құрдымынан сыр ұрлап, 

Жүрегімді әлдилейді бір ырғақ.

Кірді қаптап өлеңімнің ішіне, 

Сан миллион жердің құрты жыбырлап.

 

Ақиқаттың ақ уызын таңда еміп, 

Сөз сұлуы көзді арбайды сәнденіп.

Ізгіліктің шұғыласына жан төсеп,

Отырамын пенделіктен емделіп.

 

Адамзаттың асқақ, ұлы мұратынан, 

Қуат алып тіршіліктің отынан.

Балғын тәннің рахаты - рахим,

Мәңгі бітпес жан лаззаты - рахман.

 

Көкірегіне күн шұғыла төгетін,

Бояуын тым қоюлатты неге түн?

Сауап біткен көтеріліп аспанға, 

Күна құлап, жер бауырлап шөгетін.

 

Сағыншқа айналғанда сары сағым, 

Жақсылықтар күте-күте шаршадым.

Қармайды кеп ізгіліктің жібінен, 

Шексіздікке созып көңіл саусағын.

 

...Сан миллион жердің құрты қыбырлап, 

Жүрегімді әлдилейді бір ырғақ.

Нұр қып құям өлеңімнің ішіне, 

Аңқау дүние құрдымынан сыр ұрлап.

 

 

МЕН БОЛМАҒАН ӨҢІРЛЕР

 

Мен болмаған өңірлер, 

Маған талай қол бұлғаған едіңдер.

Бір күн қайтып оралармын сендерге, 

Шын айтамын сеніңдер!

 

Кеудемдегі пәк махаббат - ұлы күш, 

Ізгіліктен тұрар дайім жылып іш.

Сенде қалып бара жатыр деп сенем, 

Жырларыма арқау болар құбылыс.

 

Қимастықтың күйіменен қаласың, 

(Махаббатың бойға нұр боп тарасын.)

Алла ғұмыр берсе,  тәтті жырыммен, 

Әлдилеймін қазағымның даласын.

 

Баба рухы тулатады қанымды, 

Қазақы иіс көңіл кернеп кәдімгі.

Тазартайын шексіздіктің нұрымен, 

Күншілдіктен жараланған жанымды.

 

Ей,  ақыным,  дала тілін аудар да, 

Оқып бергін дертсіз,  дені сауларға.

Пенделердің ортасында қамалмай, 

Жақсы болған өскендігім тауларда.

 

Жүргендігім шетсіз-шексіз далада...

(Таны мені жан дүниеме қара да.

...қолын бұлғап мен болмаған өңірлер, 

Арт жағымнан қимай ұзақ қарады ә...

«Атамекен антологиясы» жобасы: Жеңіс Қаненұлы