«Отандастар» оқу залына ақын, ағартушы Ақыт қажы Үлімжіұлының екі томдық толық жинағын табыс етілді

17 Қыркүйек, 2020

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қорына» Қарағанды облысы Ақыт қажы атындағы мешіттің бас имамы Жанарбек Мамбарұлы Қарағанды қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі баспаға дайындап, шығарған көрнекті ақын, ағартушы Ақыт қажы Үлімжіұлының екі томдық толық жинағын табыс етті. Аталған кітаптар Ұлттық академиялық кітапханасы жанындағы «Отандастар» оқу залына қойылатын болады.

Ақыт шығармалары жалпы оқырманды, жас ұрпақты имандылық пен адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуге  үлкен ықпал етеді. Шығарманың ақыл-кеңес беретін терең тәрбиелік мәні бүгінгі таңда да, өз рөлін атқаратыны хақ.

Еңбектің жарық көруі Ақыт шығармашылығының теориялық және методикалық қырларын терең зерттеп, Ақыттану ғылымын қалыптастыруға материялдық жақтан септігін тигізері анық.
Сіздердің назарларыңызға ақын, «Отандастар қорының» менеджері Талапбек Тынысбекұлының бұдан бұрын жарияланған «Ақыт Үлімжіұлы және оның әдеби мұрасы» атты мақаласын ұсынамыз.

Ақыт Үлімжіұлы және оның әдеби мұрасы

Әйгілі ақын, ғұлама оқымысты, ойшыл ағартушы, шетел қазақтарындағы тұңғыш Абайтанушы Ақыт Үлімжіұлы 1868 жылы Алтай аймағы Көктоғай ауданы, Қайырты күзеулігінде туылған. Ақынның ұрпағы, ақын, қасиетті құран кәрімді тұңғыш қазақ тіліне аударған оқымысты Ғазез Ақытұлының көрсетуінде Жібек, Бәкеш, Тату қатарлы үш шешеден Ақыт, Шайқы, Кітапбай, Сағыз, Зәки, Шабақ, Әпей қатарлы жеті ұл, Бөктік, Сипыр, Қайша (Шөкен) атты үш қыз тарайды. Ақыттың анасы Жібек отау құрған 13 жылда, яғни, 33 жасына дейін бала көтермепті. Бұл туралы «Қыз емшегін емген бала» туралы аңыз ел арасына кең тараған. Ақын Ғазез Ақытұлының аңыз желісінде жазған өлеңі де осыдан сыр шертеді. Онда ұзақ жыл бала көтермей жүрген Жібек көш-жөнекей келе жатып, «Бейістайдың» бастауынан су алғалы келген қос келіншектің:
Пұшпағы қанаған жоқ әлі күнге,
Құр сәулет толып жатыр әлде кімде.
Бітпейді қашандағы келбетке бақ,
Ұрпақсыз неге керек «үлде-бүлде» - дейтін күндеу күңкілін құлағы шалып қалып:
Булығып әлгі сөзге қорланады,
Мөлтілдеп көзден жасы сорғалады....
Ат үстінде ауытқып жүре алмай, бір қойнауға түйесін шөгереді де, қаратасты құшақтап жатып қалады. Ұзақ жылап талығып ұйқтап кеткен Жібек бір ғажайып түс көреді:
Ақ киімді, сәлделі, ақ сақалды,
Түсінде көрді Жібек аппақ шалды.
«Көреді көз жасыңды құдай сенің,
Тұр орныңнан» деді де түртіп қалды. Қуанғаннан оянып кеткен Жібек иіген емшегінен аққан сүтті көреді. Бірақ түсіндегі ақсақалды шал қайтып келмейді. Сұлу Жібек:
Тілегімді жаратқан береме деп,
Рахметінен Алланың дәмеленді. Қос келіншектің күңкілі көңілінен сейіліп, жанған жүрек, күйген от басылып:
Қонысқа белгіленген көште келді,
Ақ отаумен жаңа жұрт кестеленді.
Жібектің құдай қосқан жұбайы еді,
Үлімжі малын айдап кешке келді. Ол жарына қуанышын асыға жеткізіп, түсін айтады. Жұбайының  түсін жақсылыққа жорыған Үлімжі оны «Қызыр ата» деп біледі. Сол күннен бастап Жібек жүкті болады. Әрі Үлімжіні тоқал алуға зорлайды. Бас құрамаған еркіне қоймағасын ақыры:
Үлімжі Бәкешті алды соныменен,
Жібектің көрсеткен жол-жөніменен.
Бәкеш түсіп босаға аттаған жыл,
Ақыт туып бар істің жөні келген.
Өрт мінезді Бәтеш «мен келген соң жібіген көніңіз» деп Жібектен баланы жұлып алып, «қыз емшегін аузына салады».
«Қыз емшегін емсе егер бала өлеңші-
Болады» дейді мәтелдің мәнін шеше.
Аянды айналдырып ел аңызға,
Түрлендіріп сөйлейді неше-неше.

Міне, біздің байқағанымыздай, қай дәуірде де алып ұлының өмірге келу тарихын аңызға айналдырған халықтың, аяулы ұлы Ақыттың туылу жайы да осындай жақсы аңыздың желісі болып жалғасып келуі заңдылық еді. Осылай өміреге келген Ақыттың анасы Жібек- керейдің жәнтекей ішіндегі кіші ру атанған Тайлақтың ұлы Барлыбай бидің немересі Бекеннің қызы.

Барлыбай би – 1784 жылы Әбілпейіз ханның ұлы Көгедай Бейжиңге хандық мансап алуға барған, Барлыбай, Шобаш, Жанторы, Байқан қатарлы төрт бидің бірі. Демек, Ақыттың бала кезгі алған тәрбиесі көбінде осы анасы Жібектен басталады. Үйткені, Жібек келбетті, сұлу болып қана қалмастан, әдепті, мінезді, салмақты, сауатты, саналы болған адам деседі. Ақыт жеті жасқа келгенде өзінің немере ағасы Садық Жебенұлынан құран сауатын ашады. Онан соң, сол кездегі ауыл молласы аталған Ғұсыманнан түркі тіліндегі діни кітаптарды оқып, құранның қира-атын түзейді. Яғни, құранды грамматикалық ереже бойынша оқитын дәрежеге жетеді. Сөйтіп, ауылдағы санасы ашық, толық сауатты кісінің бірі болып шығады. Жігіт аяғын басқан шағында, сол кездегі молқы руының үкірдайы Жуанған (Жотақажы) ауылында, Бұхарадан келген Мәхбубұлла, жанама аты Мырзабақа дейтін өзбектен араб, парсы, түрк тілдерін үйренумен бірге, шариғат ережелері аталатын фықмы ғылымын да игеріп шығады. Жалғасты оқуға жағдайы келмеген Ақыт арада ауыл жұмысына жегіліп, аңшылықпен шұғылданады. Бірақ зерек те пысық Ақыт Жуанған үкірдай мен Мырзабақа ұстазға бірден ұнайды да, Жуанған үкірдай Ақытты шақырып алып хатшылыққа алады. Ақыт осы орайды пайдаланып Мырзабақадан жалғасты оқи береді. Араб, парсы тілдерін жетік меңгерген ол осы тілдерде жазылған діни кітаптарды ғана үйреніп қалмастан, оғыз, шағатай тілдерінде жазылған тарихи, әдеби кітаптарды да тауып оқып, солардан нәр алады. Сонымен бірге ислам мәдениеті мен шығыс әдебиетінен белгілі сауатқа ие болады. Дін жағынан «дамоллалық» деңгейге жетеді.

Жеті жасында алғашқы өлеңін әлпбиден бастаған Ақыт шығармашылығы ғылымға деген құлшыныстан басталады.
Үлімжі біздің атамыз,
Құдайға күптүр қатамыз.
Ғылым нұрын бір төкпей,
Қараңғы қайтып жатамыз, - дейтін шумақтар соның дәлелі.

Жоғарыда айтқанымыздай ол кезде Моңғол Халық Республикасы қытайдың бір өлкесі болып, моңғол және қазақтар Чиң хандығын Ежен хан деп атайды екен. Ежен ханнан келетін хат-чектер Алтайдан Қобдаға ат почтасы арқылы жеткізілсе,  Россиядан келетін хат-чектер Қобдадан Алтайға ат почта арқылы келтірілетін болғандықтан сол кездегі жергілікті үкімет Жуанған үкірдайдан почта таситын сауатты, пысық екі жігіт сұрағанда, Жуанған үкірдай Ақыт пен оның құрдасы Қобдабай Тоқтағанұлын береді. Бұл екеуінің де 21-22 жастардағы кезі екен. Ақыт бұл кезде ауыл арасында айтысқа түсіп, бір қыдыру ұсақ өлеңдер жазып жүреді. Моңғолдар почта бекетін «Меден» дейді. Сол «Меден» үйде жатып, Қобда мен Алтайдың арасында почта тасып жүрген Ақыт Қобда бетінде бір сыпыра адамдармен танысады. Және Қазанда түркі және шағатай тілдерінде басылған Фердаусидың, Низамидің, Хожа Хафиздың, Шайхұсағидың, Науаий, Хожа Ахмет Яссауидың, Сүлеймен Бақырғанидың шығармаларымен танысады. Осыдан шабыт алған ақын бір жағынан хат-чек таси жүріп, тағы бір жағынан өзінің тұңғыш дастаны «Жиһаншаны» 22 жасында, 1891 жылы Меденде жазып бітіріп, Қазан баспасына ұсынады. Бұл кітап болып 1897 жылы басылып жарияланады. Бір деректерде «Сейфіл-Мәлік» қисасы  мұнан екі жыл бұрын басылғаны айтылады. Сонда Ақыт ақынның алғашқы кітабының басылым көруі 1895 жылға тура келеді. Бұлар қазақ жазба әдебиетінің қорғасын баспада тұңғыш басылуы еді. Осылайша Ақыт есімі бүкіл қазақ даласына жайылады.

Ақынның қырық жасқа дейінгі өмірінің дені Қобда бетінде, Делутін ауданында өтеді. Лайық қажы, Бардам үкірдай ауылдарында мектеп ашып, бала оқытады. Жуанған әкімге, тағы басқа керей билеріне хатшылық істеп, Қобда шәріде болады. Ғазез Ақытұлының сөзімен айтқанда «әкем Ақыт 1890 жылы 22 жасынан 1910 жылы 42 жасына дейін Моңғолияның Қобда өлкесінде (қазіргі Баян-өлгей аймағы) тұрған. «Ғылым сәуле нұр жарық», «Жақсы қатын мен жаман қатын», «Құлтайболат Тұңғышбай» сияқты тілге жеңіл, ойға қонымды өлеңдері, «Қобда кеңесі», «Қобдадағы жеті қажы жыры», «Керей ишаны Мұхаммет», «Жиһаншаһ», «Сейфлмәлік Бәдиғұл Жамал», «Қиямет ахуалы», «Шолақ қол қатын», «Қажы баян», «Тәржімәй Ақыт вәләд Үлімжі» (Ақыт Үлімжіұлының тәржымахалы) қатарлы дастандары сол жақта тұрғанда жазылып, қолдан-қолға көшіріліп, ауыздан-ауызға тарап кетеді. Мұның ішіндегі басылым көргендері сол жақта тұрғанда баспаға беріледі.

Ғазез Ақытұлы жоғарыда айтылған кітабында,- Ақыт жазба ақындығымен қоса тап бермеде тауып айтатын тапқырлығымен де ел арасына танылады. Ғұлама ақын жазба ақындықпен ғана шұғылданып қалмастан, жас кезінде қазақтың ауыз әдебиетімен де сусындап, айтысқа түскендігі, замандастарына арнап қолма-қол әзіл өлең құрайтындығы оның төкпе ақындықтан да құр емес екендігін дәлелдейді, - дей келіп ақын қағытпаларынан біразын мысалға келтіреді. Ел арасына тараған аңыздардарға сенсек, бірде Ақыт ақын бірнеше ақсақалдармен табақтас болып қалады. Ішінде Ақыттан үлкен Бажақ деген адам бар екен. Бас пен жамбас қатар келгенде, «басты сіз алыңыз» деп басты салт бойынша Бажаққа ұсынады. Бажақ басты алмастан, алдымен жамбасты алып турай бастайды. Сонда Ақыт қолма-қол:
Әуелі Бажақ алсын таңдағанын,
Бажақтың мен алайын алмағанын.
Басты қойып, жамбасқа қол салған соң,
Бажақтың сонда білдім аңдағанын, - деген екен.
Жоғарыда айтқанымыздай Ақыттың өзімен бірге почташы болған Қобдабай деген балуан құрдасының  басында шашы жоқ, айнабас екен. Бір күні есік алдында бет дәрет алып отырып, Қобдабай Ақытқа «әй, Ақыт, ақын болсаң мына менің басымды қолма-қол өлеңге қос, болмаса мұнан кейін ақын атыңды өшір» деп басын көрсетеді. Сонда Ақыт:
Айнабас - ау, айнабас,
Айнабастай қайда бас.
Бит домалап түскендей,
Тайғанақ, тақыр, майда бас.
 
Қарсы алдымнан өтіңіз,
Көрінсін біздің бетіміз.
Жалаңбас тұрып алдымда,
Аз аяалдап кетіңіз.
 
Басыңа назар салайын,
Айнала бір қарайын.
Бет көрініп тұрғанда,
Мұртымды басып алайын, - дегенде Қобдабай «жә, енді тоқтат! Ақындығыңды мойындадым» дегенін Ақыт ақын қолға алынғаннан кейін, ол кісінің мұны жары Ұлжанға әңгімелеп бергенін өз көзімен көрген Ғазез ақсақал осыны айтады.

1908 жылы Моңғолияның Қобда аймағында Бардам үкірдайдың ауылында бала оқытып тұрған кезінде Лайық, Дұңтай, Сайыр, Қанжар, Оразбек, Сүлеймен, Қойбағар қатарлы ел ағаларының ұсынысымен қажылық сапарға жол бастаушы болады. Діни сауатты, араб, парсы, шағатай, түрік тілдеріне жетік Ақыт Үлімжіұлы, жолдастары қажылық сапарын өтеп қайтқанда өзі жалғыз Меккеде қалады. Ондағы мақсаты озық ғылым-білім, өнеге, тәлім алу еді. Ауыр азапты жолмен Меккеден-Мәдинеге жетіп, Мұхаммед пайғамбардың «рауза» деп аталатын қасиетті қабырын көзбен көріп, құран оқып, тәуап етеді. Одан Мәдинеден керуен түйемен жолға шығып, қазіргі Сирия мемлекетінің орталығы Шам шаһарына (Дамаск қаласына) барып, көне тарихи мұраларды көзден кешіреді. Яхя, Яғқұб, Дауыт, Зұлкапыл сияқты құранда аты жазылған пайғамбарлар мазарларын аралап, тәуіп етеді. Сол кездегі араб елдерінің мәдениетімен танысып, озық білімдерін үйренеді.... Қайтар жолда кемеге мініп, Қара теңізден өтіп, Стамбул, Изімир, Одесса қалаларын басып өтеді. Онан пойыз арқылы Орал тауын басып, Петропавл (Қызылжар), Семей арқылы аман-есен Алтайына оралады... Осының барлығы ақынның «Қажыбаян» атты этнографиялық дастанында толық баяндалады.

Жоғарыда айтқанымыздай 1890 жылдан 1910 жылға дейін жирма жылдай Моңғолияның Байөлке аймағы Делуін  ауданында, Бардам үкірдай, Лайық қажының ауылдарында мектеп ашып, бала оқытып, ақындығымен ағартушылықтың қос тізгінін қатар ұстаған Ақыт Алтайға келісімен, Көктоғай ауданы Шәкүрті жерінен үлкен мешіт салдырып, бала оқытады. Осылайша Ақыт шәкірттері Алтаймен Қобдаға кеңінен тарайды. Ғұлама ақын 1910 жылдары Қобда бетінен туған жері Алтайға келіп, 1912 жылдан қазылық міндет өтеп, қоғамдық қызметке қатысады. Әділ би, шешен шешіммен еліне жаққан ақын талай даудың күрмеуін ағытады.

Енді бір айта кететін сөз Ақыт ақынның портреті жайлы, яғни суреті. Бұл туралы 2007 жылдың қысында Алматыда Ақыт ақынның ұлы Ғазез ақсақалмен кездесіп, сұрағанымда «1936 жылы күз. Менің 12 жастағы кезім. Көктоғайдың Тұрғын ауылында отырған үйімізге Мәми бейсінің Мәнкейі бастаған бір топ адам келді. Арасында қаңылтақ денелі, көзілдірік таққан аққұбаша ханзу жігіті бар. Аудармашы Қаба ауданынан Бәди деген кісі. Бұл ханзу жігітті сол кезде оқыған, санасы ашық ағам Қалманның таныстыруынша, сол тұста оқыған Жу Чүн Хұй деген екен. Бұлар әкемнің жинағын басып шығаратын болыпты. Осы кісінің талабы бойынша әкем басына ақ сәлде, үстіне құндызбен жұрындаған жұқа ақ ішігін киіп, отбасымен қарағай мешітінің алдына барып топтық суретке түсті. Сол кезде әкеммен бірге түскен адамдар: апам-Үкіжан, үлкен ағамыз – Ғабдісамет, онан кейінгі ағаларым – Ақанай, Қошат, әпкеміз – Шәрипа, Ғазез (мен), Мақаш бес жаста жетеуміз. Кейін айтқандай әкемнің жинағы да баспаға жолданып кетті. Бірақ, жинақ бір жыл жатып басылмай қайтып келді. Сөйтсек, іле-шала Жу Чүн Хұй қолға алынып кетіпті. Көп өтпей әкемде қолға алынды, - деп ауыр бір күрсініп алған ағамыз сөзін қайта сабақтап, ал әкемізден жоғарыдағыдан басқа сурет қалмады. Ол кісі түрмеде қайтыс болғаннан кейін, 1948 жылы Боғда жаққа, Шонжы ауданына қоныс аударып барғанымызда, Оспан ауылында молдалық істеп жүрген Қапас Мүфти (ол суретші екен) деген адамға жоғарыдағы сегіз адамның ішінен әкемнің суретін қиып алып, қарындашпен қайта сыздырдық. Кейін бұл сурет Адырақбайлар арқылы аудандық сақшының қолына түсіп, бүктеліп, сынып қалғандықтан, марқұм Қалибек Мәнапұлына екінші рет сыздырғанбыз. Қазіргі кітап-журналдарда пайдаланып жүрген сурет осы, - деп ғұлама ақын бейнесі турасында көңіліміздегі күпті сауалдың жауабын берген болатын .
Абаққа аты шыққан Ақыт молла,
Тараған жазған хаты оң мен солға.
Басылып Еуропада кітаптары,
Оқылып алды қазақ қолдан-қолға, - деп әйгілі ақын Арғынбек Апашбайұлы жырлағандай, ел мен жұрттың құрметіне бөленіп, қормалына айналған ғұлама ақын, ағартушы, ел қамқоры, ұлағатты ұстаз Ақыт Үлімжіұлы 1939 жылы желтоқсанның 24 күні Шың Шы Сай үкіметі жіберген Керім және Лю Шан Жың қатарлы жендеттер жағынан қолға алынады. Арада 13 күн өткенде қайта келген белсенділер Ақыттың барлық қолжазбасын, кітаптарын екі түйе, бір атқа артып, тартып алып кетеді. Осылайша тас түрменің түбінде жан төзгісіз қинаумен өлген Ақыт ақынның сүйегін 1943 жылы қайтарып береді. Туған елі ақынын ақымдап Шәкүртідегі өзінің мешіті бар қыстауына жерлейді. Ғалым Дүкен Мәсімқанұлының айтуынша ақын саналы өмірінде елім деп «өксіп жылап», «қара қазақтың қамын жеп» өтті.
Сыртым сау, ішім өліктей,
Мүшем мықты беріктей.
Өксіп жылап өттім ғой,
Қара қазақ қамын жеп, - дейтін жолдар осының дәлелі.
Бүгінде ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлының 300 ден аса үрім-бұтағы Қытай, Моңғолия, Қазақстан, Түркия қатарлы елдерде тұрады.

Өздеріңіз танысқандай осы мақаламда ақындық қарымы Алашқа танылған Ақыт Үлімжіұлының әлеумет аңғара бермеген, әліде болса айтыла бермеген кейбір қырларына тоқталуды жөн көрдім. Бүгінде туылғанына 140 жыл толып отырған, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ғұлама ақын, ағартушы Ақыт Үлімжіұлының есімі қазақ тарихы бетінде мәңгілік қалатыны ақиқат. «Өйткені оның еңбектері  қытай қазақтары ғана емес, әлемнің әр түкпіріндегі күллі қазақ ұлтына да кеңінен танымал болған тұлға. Ақыттың ең алғаш жарық көрген кітабы «Жиһанша Тамұз Шаһ ұғылы» деген атпен 1891 жылы Қазанда жарық көрген екен. 1891 жылдан 1914 жылға дейін оның Қазан, Орынбор, Семей баспаларында 9 кітабы 17 рет басылған. 1897 жылы орыстың түркі тілдерін зерттеуші ғалымы, профессор Н.Катанов Ақыт шығармашылығы туралы «Деятель» журналында алғаш рет арнайы мақала жариялаған». Алайда қазақ әдебиеті тану ғылымында Ақытқа шетелдегі қазақ әдебиеті өкілі ретінде қаралып, шетке қақпайланып қала беретіні жасырын емес.
Ақыттану ғылымы Қытай, Моңғолиядағы қандастарымыз арасында кеңінен жалпыласқанымен, еліміздегі әдебиеттанушылар әлі де «жалқаулық» танытып келеді. Мұның себебі әрқалай. Екі алып империя арасындағы қызыл сызық салдарынан Ақыт Үлімжіұлы өмірі мен шығармаларымен танысу қиынға соқты. Құдайға шүкір, шеттегі қандастарымыз арасында сөзі қатталып, жыры жатталып, есімі ел аузындағы аңызға айналған Ақыт Үлімжіұлын зерттеп, шығармаларымен танысу Тәуелсіз елімізде де қолға алына бастады.  Қазақстандағы қазіргі қазақ әдебиеті тарихына Ақыт есімін қалдыруда – филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев еңбектерінен, филология ғылымдарының докторы, профессор  Зұфар Сейітжанұлының «Ақыт ақын» атты еңбегін айырықша атап өтуге болады. Сонымен бірге тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметқанұлы, филология ғылымдарының кандидаты Дүкен Мәсімқанның, жазушы Болат Бопайұлы, Жәди Шәкенұлы, ақын Дәулеткерей Кәпұлының еңбектерінде Ақыт шығармашылығы туралы кеңінен баян етіледі. Алматыдағы «Атажұрт» баспасынан жазушы Жәди Шәкенұлы құрастырып шығарған, Ақыт Үлімжіұлының «Жиһаншаһ» атты өлеңдер мен дастандар жинағы ақын шығармашылығының Қазақстанда тұңғыш кітап болып шығуы десек, жоқтан бар деп қанағат сезінгенімізбен Ақыт шығармалары шетел қазақтары үшін, болмаса азғана ру мен ұлыстың үлесі емес, ұлттық мінбе тұрғысынан қарастыратын құнарлы еңбек екенін ойланатын кез келді. Осы орайда айта кетер базына Қазақстанның келешек қара көздеріне шетел әдебиеті, орыс әдебиеті, ТМД әдебиеті т.б. деп оқытып санасына құйып жатқан уақытта шетел қазақ әдебиеті деген арнайы курс ашып оқытса да артық болмас еді. Курстың жүгін кемітпес талай тұлғаларымыз шетелде жатқанын айтудың айыбы не?! Ел болып елеңдеген Мәдени мұра бағдарламасы аясында осы мәселені де қарастырса құба-құп болар еді.
Лайым, төрт құбыламыз түгенделер күн болсын ағайын!

Пайдаланған әдебиеттер:
1.    Ақытұлы Ғ. Әкем Ақытты еске алғанда.- Үрімжі: Мұра, №5.
2.    Мәсімқанұлы Д. Жыр – Жебе.- Алматы: Қазақ университеті. 2000.
3.    Үлімжіұлы А. Жиһаншаһ.- Алматы: дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы. 2007.
 
Талапбек Тынысбекұлы, «Отандастар қорының» қызметкері

«Отандастар» оқу залына ақын, ағартушы Ақыт қажы Үлімжіұлының екі томдық толық жинағын табыс етілді