Абайды моңғол тілінде сөйлеткен Сұлтан Тәукейұлы

10 Қыркүйек, 2020

Ұлан-Батыр қаласындағы Моңғолия ғылым және технология университетінде Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы, ғылым докторы, профессор Сұлтан Тәукейұлының 18 томдық шығармалар жинағы, «Сеңгір таулар» романы және «Абайдың қара сөздерін» моңғол тіліне аударған жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Аталған іс-шараға  жергілікті қазақ диаспорасының өкілдерімен қатар ресми қонақ ретінде Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев та қатысты.

Абайды моңғол тілінде сөйлеткен Сұлтан Тәукейұлы ұлы ғұламаның шығармаларындағы философиялық көзқарасы мен қоғамдық пікірі туралы ой бөлісе отырып, «Абайдың қара сөздерін» моңғол тіліне аудару барысында туындаған қиындықтар мен ақынның жазу ерекшелігі туралы екжей-текжейлі баяндап берді.

Сұлтан Тәукейұлының шығармашылық кеші барысында Елші Ж.Әділбаев іс-шараға қатысушыларды Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауымен таныстырып, елімізде білім мен ғылымға баса назар аударылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, қазақтың ұлы ақыны және ойшыл ғұламасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту шеңберінде қазақстандық тарап жүргізіп жатқан іс-шаралар жөнінде кеңінен мағлұмат берді.

Сонымен қатар Елшіліктің ұйымдастыруымен осы кеште жергілікті қазақ диаспорасының белсенді жастарының, атап айтқанда Лəйлə Елғазықызы, Үміт Адайқызы, Əншіқара Қатираұлы және Әбей Серікболқызының орындауында Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» және «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» өлеңдері оқылып, «Сегіз аяқ» пен «Көзімнің қарасы» әндері шырқалды.

Сұлтан Тәукейұлы : «Қазақты  тану үшін ұлы Абайды ұға білу керек»

Көрнекті ғалым, жазушы Сұлтан Тәукейұлы тума талант, үздіксіз ізденісінің нәтижесінде «Сеңгір таулар», «Арман тау», «Арыстардың арманы», «Ақыр Жәнібек», «Тағлым», «Алмас қылыш» романдары мен көптеген әңгіме, повесть, драмалары арқылы оқырмандарға танымал болған қаламгер.

Таяуда автордың 17 және 18-томдарының тұсау кесері мен шығармашылық кеші Ұлан-Батыр қаласында  өтті.

Романда баяндалған тарихи деректер шынайы, сюжеттері тартымды, тілі шұрайлы, образдары кесек. Автордың моңғол тілінде жазған дилогиялық «Сеңгір таулар» романы 1986, 1990 жылдары Ұлан-Батырда жарық көріп, моңғол, қазақ оқырмандары жылы қабылдаған еді. Қазақ оқырмандарының тілегі бойынша қаламгер «Сеңгір тауларды» өткен жылы  қазақ тіліне аударып, биыл оқырмандарға ұсынып отыр. Аударма барысында романға біршама өзгерістер енгізіліп, толықтырылған. Себебі өткен қоғамда әдебиеттің таптық, партиялық сипаты деген желеумен жасалған цензуралық талаптарды қайта қарап, тарихи шындықты ашып көрсету мақсаты көзделген.

Талантты қаламгер Сұлтан Тәукейұлының шығармаларының XVIII томына бірнеше деректі повестері мен соңғы жылдаары жазған әңгімелері, естелік мақалалары қамтылған. Сонымен қатар ұлы ойшыл, ақылман ақын, ғұлама хакім Абайдың ғақылиялық қара сөздерін моңғол тіліне аударып, осы томға енгізіп отыр. Жақында жарық көрген жаңа туындыға монғолдың зиялы қауым өкілдері айрықша назар аудара бастады.

Мемлекет, қоғам қайраткері, ғалым, жазушы, аудармашы, драматург, белгілі дипломат Сұлтан Тәукейұлы ағамыз өзінің саналы өмірін қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын насихаттауға арнаған, ұлтжанды қаламгер. Автор тілшілерге берген сұхбатында «Келесі 19-томын толық ұлы Абайға арнап отырғанын» айтады. Сәтін салса «Абай және біз» атты жаңа кітабын жақын арада баспаға жол тартқалы отыр екен. Сұлтан ағамыз: «Біз Абайды басқа ұлтқа таныту үшін әуелі өзіміз толық танып-білуіміз керек. Қазақ халқы Абайдың «толық адам» идеясын әлі түпкілікті түсініп үлгерген жоқ. Әлем халықтары французды Наполеон, ағылшынды Шекспир, орысты Пушкин, монғолды Шыңғысхан арқылы таныса, қазақтарды Абай арқылы тануы тиіс» дейді. Автор алдағы еңбегінде Абайдың ғақылиялық толғаныстары мен ағартушылық тәлімдерін бүгінгі қазақтардың тіршілік болмысы, ойлау қабілетімен салыстырып, Абай мектебінен тағлым алу жөнінде жастарға ой салуды мақсат тұтқан. Сондай-ақ, бұл жаңа жинағына Абайдың кейбір өлеңдері мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының II томының кейбір бөлімін, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және XX ғасырдағы Қазақстан» мақаласын монғол тіліне аударып енгізгелі отыр. Жазушының жаңа жинағы ғаламдық тұлға ғұлама Абайды монғол халқына кеңінен танытатын жаңашыл қадам болады деген үміттеміз.

Ана Шакерханқызы, «Отандастар қоры» КеАҚ Шетелдегі отандастарды қолдау департаментінің менеджері

Абайды моңғол тілінде сөйлеткен Сұлтан Тәукейұлы