Қаламгер қандастарымызға шығармашылық қолдау көрсетіп, отандас ақын-жазушылардың төл туындыларының туған елінде кеңінен насихатталуына мүмкіндік жасау мақсатында «Отандастар Қоры» КЕАҚ-ның арнайы жобасы «Атамекен антологиясы» бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз. Шығарылымның бұл санында Моңғолияда тұратын қандасымыз, таланытты жас ақын Шамшырақ Хаутайқызының бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз.
Шамшырақ Хаутайқызы 1993 жылы 11 мамырда Монголияның Баян Өлгей аймағында дүниеге келген. Оқушы кезінен өнерге бейім Шамшырық мектеп қабырғасында жүргенде «Үздік оқушы», «Саңылақ оқушы», «Үздік оқырман» медальдарының иегері атанған.
Орта мектепті «Дарын» кешенді мектебінде 2011 жылы алтын белгімен бітірген ол 2 ҚММУ-ға оқуға түсіп 2017 жылы бітіріп шығады. Қарағанды қаласында оқып жүрген кезде облыстық тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткізілген Ақселеу Сейдімбек атындағы жастар мүшайрасының арнай жүлдесіне ие болған.
Баян Өлгий аймағының Қазақ қаламгерлер ұйымының жанынан құрылған "Шамшырақ" жас қаламгерлер бірлестігінің үйлестіруші менеджері болып жұмыс жасады. Монголия мемлекетінің Елбасы демеушілігімен мен Монголия жазушылар одағының атынан ұйымдастырылған "Алтайдың үш биігі" атты мүшайрада 1-орын, ақын Ақтан Бабиұлының 70-жылдық мерей тойына орай ұйымдастырылған мүшайрада 3-орын, Баян Өлгий аймағының Сагсай сұмын орнауының 70 жылдық мерей тойына орай ұйымдастырылған мүшайрада 3-орын иегері атанған. Рухани іс-шараларға демеушілік жасайлы. Көркем аудармамен айналысады Қазір жеке кәсіпкер.
Мұқағали рухына
Дариға-ай домбырамды берші маған,
Сол шанақта тірісің сенші маған,
Сырлы домбыра сиқырлы шабыт болып,
Болмаса түсіме бір енші бабам.
Бабасың әрі бізге, әрі құрдас,
Біріне жыр, бірімен әнің мұңдас,
Жиырма бірінші ғасырдың әрбір жасы,
Өзіңмен ұлы Мұқа бәрі сырлас.
Мұқағали замана дауылпазы,
Ерте есейткен өмірдің ауыртпағы,
Қанатың мен киелі жыр мұрағып,
Қайда кеттің қарасаз, қоңырқазы.
Бір мөлтек мұң жанымды жайлап алды,
Өміршең жыр, өрен жыр жаулап алды,
Әнін қосқан аққуға, гаккуге де,
Елің бүгін өзіңнен айналады.
Шалқығанда әр жүрек нұрға толып,
Шалдыққанда жас түлек мұңға толып,
Сәбиі жоқ ананың құшағында,
Шырқалады әндерің арман болып.
Тамашалап аққудың ұйықтағанын,
Сырлы әнімді жанымен ұққан ақын,
Бармағымды қанатып бақты көздеп,
Атсам деймін ұлы жыр құс қанатын.
Өмір алда бермейін босқа нали,
Қуат беріп жанымды түсші жани,
Құлдық ұрам рухыңа ұлы ақын,
Пірім болып жебей гөр Мұқағали
*** *** ***
Абайдан тамырына жыр сіңді ме,
Даналық қашандағы бір пішінде,
Бір ғасыр бұрынғы өткен Абай жолын,
Бітірдім Тоғжан болып күрсіндім де.
Қос алып сөз өнерге жорға қандай,
Үн қатса тілінен бал сорғалардай ,
Санамда екі ұлы жан тұрды елестеп,
Дарыны тау көтерген Толағайдай.
Зар төгіп ақтабан мен сұламада,
Тарихта қазақ сірә аз жылаған ба,
Қазақ жолы ежелден Абай жолы
Тарам тарам бұралған бұралаңға .
Қазақтың көп сыр жатыр өксігінде,
Шеріңді көне тарих естіді ме,
Бөжейдің боз ордасы оқшаулаған,
Нәресте Кәмшат өксіп пеш түбінде.
Барлығын зергер Мұхтар кестелеген,
Зере әже мақам үзіп ескі өлеңнен,
Ой, бауырымды ойын етіп Оспан да жүр,
Қиқар ұл тайынбайтын ештенеден.
Қадірін білмей қазақ қолда бардың,
Жақсыңды кім қорғаштап үндей алдың,
Ұлы ата табанының ізі түскен,
Сағынам хан жайлауын Жидебайдың.
Түндігі тәуелсіздік ашылғанда ,
Қазағым жаса мәңгі ғасырларда,
Кітаптан шолпы таққан қыз жайлы оқып,
Ұялдым қысқа қиған шашымнанда.
Қазақты тарих аз жылатпаған,
Шүкіршілік ол бір күндер жырақ қалған.
Қатысым болмасада қысыламын,
Ядро атом Семейдегі сынақтардан.
Арада өткенімен жылжып ғасыр,
Жомарт табиғат бермегенмен талай жақсы ұл,
Бәрібір дара шыққан хәкім Абай,
Мың жылда бір туатын нағыз асыл.
Лақтырып нанды сәби тоқтығынан,
Ат асау ұстар ұл жоқ шоқтығынан,
Ұландар бүгін жасық боп бара ма,
Ақырар бір Құнанбай жоқтығынан.
Кешегі Абай салған дара жолмен,
Бүгінгі қазақ жүрген сара жолмен,
Нық басып келешекке бара жатқан,
Жаса қазақ аспанға туыңды ілген.
Ғажайып күй
(Ол гитарамен ән айтты,
Мен үнсізбін...)
Сенде гитар менде өлең біргеміз,
Бірге жүріп қосылмаған іргеміз.
Басқа әлемді жатырқанып жатсынып
Кеш оранса енеміз бұл күйге біз?!
Сен өзіңше ноталармен әуресің,
Көгін таппай шертіп оның пернесін.
Шабыт қуып ұйқас іздеп сандалып
Мен отырмын сен қайдасың, пендешім?
Бейне бүгін бір ғажайып күн еді,
Жүрегімнің бүрін жарды гүл өңі...
Барлық әлем жылулығын арнады,
Оған себеп гитараңның үні еді.
Романс
Басын иіп күліп ойнап бұл көктем,
Жаяр еді ақ сәулесін күн көктен,
Бүгін бәрі ауысады маусымға,
Қысқа айналып кетпесе екен екен дірдектеп?!
Аспан қату долы бұлттар қыдырып,
Бұлт келіп ед тұманымен бірігіп.
Ақ арманым кеткендей ме алысқа
Ұзақ екен, ұзақ екен жыр үміт!
Кешегі ерке толқын теңіз бөтендей,
Бүгін келген қуанышқа жетем кей.
Сұлу дүние реңсіз бе тағы да,
Шаттық пенен қайғы егіз екен ғой.
*** *** ***
Кеш келеді деседі бұл қаланың көктемі,
Қабағын бір ашпады ақша бұлттар көктегі...
Жылулық жоқ бақтарда жабырқаулы оһ, кемі
Жыл құсы да жуымай жылы жаққа беттеді...
Қымсынады қыр гүлі тек гүлдеді түсімде
Гүл жұпары кім үшін...
Тек көбелек үшін бе?..
Мен дәрменсіз сайраймын ғазалыма сыр айтып,
Торға түскен тотыдай тәтті мұңның ішінде!
Күрсінбеші жүрегім!
*** *** ***
Сүт сәуле бөккен жер беті,
Бұлт қонған айдың келбеті.
Сыр айтып түнге сандалған
Мендегі ғашық дерті еді...
Жалғыздық тағы, ұзақ түн...
Сол түнді тағы ұзаттым?
Болсаң да тірі жүрегім
Болмысы ауыр бұ жақтың.
Ғазал түн-ғұмыр кескіні
Өтер-ау өмір бес күні?!
Суарды жасым көгалды
Сезбеді бірақ ешкімі...
*** *** ***
Тұранның байтақ даласы,
Маңғыстау алтын еспе құм,
Күннен жаралған құдырет,
Ғұннан қаланған кесте едің.
Құнары байтақ, кері ағыс,
Туында мәңгі есімі,
Әулиесі ер Әбіш,
Қобызында көш үні.
Боздаладағы боз нала,
Боз көдедегі боздаған,
Даланың самалысындай,
Жанымның қылын қозғаған.
Батыстан еңкіл үрлеген,
Есіл де есіл түренім,
Елең сөзімнің жүрегі,
Қалыпқа симас пір едің,
Жапырағы алтын тамырлы,
Даланың терең дарағы
Өлшеулі сәттің үрі едің.
Көшпелі көдей алтыным,
Маңғыстау жақтан маң басқан,
Алмаспен ақық жалғасқан,
Арынды айқан ағысым
Қазақтың сайқан бағы үшін
Туған Әбішім!
*** *** ***
Сөрелерінде қатталып даналық ізгі,
Арттыратындай күн сайын талабымызды.
Әр парағынан атойлап қаһарман ұлдар,
Қадалатындай арудың жанары мұңлы.
Жолдарға бастап өмірі біздер білмейтін,
Көне күндерден бүгіннің іздедім кейпін.
Қалып жатады кітап боп тарих беттері,
Керуен көшкенде күн сайын күнтізбе дейтін.
Бағынан теріп иранның гүлдерін алуан,
Тереңдерінен мұхиттың іздедім маржан.
Кейіпкерменен күн сайын қуандым бірге,
Өлең оқыдым бақтарда күзге құмар жан.
Бас кейіпкердей менің де болып арманым,
Күн кештім.
Кейде пенденің торығар жаны.
Қасиетті орын қағбадай кітапхана бұл,
Сімірдім нәрін.
Сонда да шөлім қанбады.
Сусындадым бір жырынан ақынның ұлы,
Жылдар өтсе де, Ақтандай атың ғұмырлы.
Ақ таңдар атып, кездерде көктем бүрлеген,
Менің де қалар қалдырған хатым бүгінгі.
*** *** ***
Бөлісіп Бөкенменен айдың нұрын
Түндігіне түнімнің қайғымды ілдім.
Өткізген өзіңменен мына кештің,
Шамдары өшетінін қай күн білдім.
Еркелеп ерке Қобда толқындары,
Жалғыз аяқ жалғыздық жол тұр әні,
Көшімен ақша бұлттың бірге қайтып,
Азасы бұла күннің сол құмда әлі.
Ал біздер біздер бүгін қоштасармыз,
Сіз аймен мен күнменен басқашамыз,
Пәниде болмағанмен жолымыз бір,
Бұйырса пейіште біз бас қосамыз.
*** *** ***
Қала тыныштық саябақ,
Отырмын ойларым тұмшалап,
Жалғыздық жылытпай жүректі,
Күлкімді өксігім қоршап ап,
Қала тыныштық түнгі әлем,
Тек баяу самал жел үрлеген,
Жарық ай тіл қатшы көрдің бе,
Соңғы рет мен қашан күлген ем,
Қала таныс бақ, баяғы сол орын,
Мен және жақыным ояу мұң,
Мезгіл жаз болғанмен көңіл күз,
Өшірмей сол сарғыш бояуын,
Қала болғанмен қанша жан мекені,
Маған тек бұл бағың жетеді,
Шексіздік шегің жоқ болса да,
Болсыншы бұл мұңның етегі,
Осы да жетеді.