«Атамекен антологиясы» жобасы: Гүл Зарқұмарқызының өлеңдері

01 Қыркүйек, 2020

Қаламгер қандастарымызға шығармашылық қолдау көрсетіп, отандас ақын-жазушылардың  төл туындыларының туған елінде кеңінен насихатталуына мүмкіндік жасау мақсатында «Отандастар Қоры» КЕАҚ-ның арнайы жобасы «Атамекен антологиясы» бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз.

Шығарылымның бұл санында Моңғолиядан келген қандасымыз,  танымал ақын  Гүл Зарқұмарқызының бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз.

Гүл Зарқұмарқызы 1974 жылы 15 қыркүйекте Моңғолияның Ұланбатыр қаласында дүниеге келген. Халықаралық, Республикалық жыр мұшайраларының жүлдегері. 2012 жылы «Жалын» баспасынан «Жүректегі жүзік» атты кітабы жарық көрді.

Керейдің,
Кербез қызымын,
Тектінің,
Терме ізімін.
Алтайдың,
Арғы бетінде,
Қалдырған,
Қара үй үзігін...
Тауменен,
Тамыр жалғаған,
Асып бір,
Аққан арнадан.
Көк аспан,
Көңіл көгінде,
Қағып бір,
Қанат самғаған.
Тағдырын,
Тастап асқардан,
Алтайдан,
Арман басталған.
Сақтардың,
Сазын тыңдаған,
Бағзылық,
Бал-бал тастардан.
Жорғалап,
Жорға мінетін,
Сырғасы,
Сылқ-сылқ күлетін.
Керейдің,
Кербез қызымын,
Бағасын,
Бабын білетін.
Талайдың,
Тасын құлатқан,
Жауының,
Жасын шылатқан.
Табаны,
Таңда шық басып,
Жанары,
Жанған шырақтан.
Әні бар,
Әуен ,ырғақты,
Төсенген,
Төре сырмақты.
Көңілі,
Көктем,көзі нұр,
Анадан,
Абақ жұрнақ-ты.
Арына,
Адал қарайтын,
Баланы,
Бақыт санайтын.
Жартыкеш,
Жарық жалғанның,
Жыртығын,
Жырмен жамайтын.
Көздері,
Көктем көзіндей,
Сөздері,
Сөнбес сезімдей.
Талайы ,
Тағдыр кешкен бір,
Болмысы,
Болат төзімдей.
Керейдің,
Кербез қызымын,
Тектінің,
Терме ізімін.
Алтайдың,
Арғы бетінде,
Қалдырған,
Қара үй үзігін...

        * * *

Бөрік шың,
Бөрте иықты,бөктері өлең,
Көзіме,
Көрінші бір көк керегем.
Қасыңнан,
Қалай ғана алыстадым,
Өр Алтай,
Өзегімнен теппеген ең?!
Туған жер-
Тұма бұлақ,тұмар мекен,
Өзіңде,
Өсіп шыққан шынар бөтен.
Қайырылып,
Қайта айналып барар болсам,
Құшаққа ап,
Құса төгіп жылар ма екен?!   
                           
   * * *

Аспандаған армандарым ағылып,
Алтай сені бетке аламын сағынып.
Адамзаттың қоғамына сия алмай,
Алласынан медет күткен,шағынып.
Менің атым-Тағылық!

Қара көзі шамшырақша жағылып,
Қара түннің кеудесіне шам іліп.
Қасиетті қара өлеңмен қалатын,
Қабір сынды дүниеден жалығып.
Менің атым-Тағылық!

Ың-шыңы жоқ оңашалық табылып,
Ықтиярмен таба алатын жаны құт.
Ысырғанмен қанша жүрек қағысын,
Ықыласпен қалған талай бағынып.
Менің атым-Тағылық!

Нарқы бөлек тағдырымен сабылып,
Налып кейде пенделерге қамығып.
Назарынан тыс қалмаған ғаламның,
Нараулығын танытса да,жабылып.
Менің атым-Тағылық!

                          * * *
Тағдырымды тастап кетіп қалар ем,
Тас үйлерді, тастақ жолды қаламен.
Маған ғана арналғандай бір үйдің,
Махаббатын көтере алса бар әлем?!

Көтере алса,еркіндікті көк пен жер,
Көшіп сонда барса мөлдір көктемдер.
Күреңіткен күздер қонақ боп тұрса,
Күннің нұры,айдың сыры төккен зер.

Кетер едім,жүрегіммен ән салған,
Кездеспеді,алыстады қанша арман?!
Табиғаттан тақ орнатқан сол үйдің,
Таңын бәлкім, сағыныштар қарсы алған…

Жетер едім, аңсап, шаршап, сағынып,
Жерігендей бар тірліктен арылып.
Тыныштықтың бесігінде тербелген,
Тылсым мекен күтсе мені сарылып…

            * * *
Үкілі кер атым-ай арманы ұшқыр,
Үзенгісі үміттің жалғанып тұр.
Алтайыма апаршы аңсадым ғой,
Алатауың амал не алданыш жыр...

Үкілі кер атым-ай бағы басым,
Үздіктіріп жүректі неғыласың?!
Тұмса сұлу жұмақта жүрсең дағы,
Туған жерді аңсайсың,сағынасың...

Үкілі кер атым-ай күміс қанат,
Үзіледі көз жасым мұң ұстап ап.
Өр Алтайдың өрінде туған өлең,
Өр Алтайдың өрінде тыныстамақ.


              * * *
Менің неден түңілгенім-
Маңызды!
Сенің неден үгілгенің-
Аңыз-ды...
Екеуімізді,
Өр еткен сол Өр Алтай,
Екеуімізді,
Өкпелеткен тәрізді...

Менің неден жылағаным-
Шын еді!
Сенің неден құлағаның-
Сын еді...
Кең кеудесі,
Бейіш болған Алтайдың,
Керек болса,
Біз деп соғар жүрегі...

Менің неден қамыққаным-
Анық-ты!
Сенің неден жалыққаның-
Қалыпты...
Ешкім ұқпас,
Жалғыз ғана шындық бар-
Екеуімізді,
Аңсады Алтай, зарықты...

«Атамекен антологиясы» жобасы: Гүл Зарқұмарқызының өлеңдері