Болат Заутұлы: Көш жолындағы кедергілер алынатын кез келді

05 Тамыз, 2020

Мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған бола­тын. Осылайша «Халықтың көші-қоны тура-лы» заңының кейбір құқықтық нормативтік акті­лері­не өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Алайда кейбір құзырлы орындардың көші-қон саласына қатысты бұйрық, қаулы ережелері өзгерссіз қал­ды. Осы жайында және жалпы көші-қон қызметі ту­ралы «Отандастар қоры» КеАҚ жанынан құрыл­ған Қандастарды ақпараттық қолдау орта­лы­ғының меңгерушісі Болат Заутұлының пікірін білген едік.

– Келесі жылы қазақ көшінің басталғанына 30 жыл толады. Тарих үшін аз уақыт болғанымен, бел­гілі бір саланың кемелденіп дамуына жеткілікті мер­зім. Алайда көші-қон саласында әлі де түйткілді мә­селе көп. Мұның себебі неде?

– 2017 жылы өткен әлем қазақтарының V Құрылтайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі қазақтармен байланыс жасап, олардың атажұртқа оралуына кең жол ашу, көші-қондағы жағдайды өзгертіп, бір жүйеге түсіру туралы атап көрсетіп, Үкіметке нақ­ты тапсырма берді. Бұл тапсырмаларының бірі – «Отандастар» қоры құрылып, осы қор мен Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы­ның бірлесуінде шетелдегі ағайындармен байланыс жаса­лып, олардың атажұртқа оралуының барлық мәселесін қам­титын кешенді бағдарлама әзірленуі қажет. «Отандастар қоры» бүгінде еліміздегі барлық мемлекеттік мекемелермен, құзырлы органдармен, бизнес ортамен тығыз байланыс орнатып, қордың барлық жобасы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесе жүзеге асырылуда. «Отандастар қоры» жанынан елге көшіп келген қандастардың жаңа ортаға бейімделуі үшін жұмыс істейтін Бірыңғай байланыс орталығы мен Қоғамдық қа­былдау фронт кеңселері еліміздің 10 облыс орталығында ашыл­ған. «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ мен «Отандастар қоры» КеАҚ фронт кеңсе мамандары қандастарға қа­жетті нормативті-құқықтық актілер бойынша ақпараттық жә­не консультативтік кеңес беріп, туындаған мәселелердің нақ­ты шешілуіне қолдау көрсетіп, жергілікті мемлекеттік ме­кеме, құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс атқаруда. Өкінішке қарай, қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағ­даймен бетпе-бет келіп, коронавирус індеті дүниежүзіне жайы­лып бара жатқанына байланысты Үкімет тарапынан төтенше жағдай жариялап, карантиндік шектеулер қойылғандықтан, көптеген жоба кейінге қалып тұр. Алайда қандастардың көшіп келіп, жаңа ортаға бейімделіп кетуіне әлі де болса бөгет болып тұрған құқықтық нормативтік актілер, құзырлы министр­ліктер­дің бұйрық ережелері баршылық. Әйтсе де, қандастардың ұсы­ныстары мен өтініштері жүзеге аспауының басты себебі – Үкімет пен басқа да басқару орындары тарапынан қандастарға нақ­ты қолдау болмаудан туындап отыр. Өйткені бұл қандас­тарға байланысты барлық әлеуметтік-экономикалық жеңіл­діктер­мен қамтамасыз ету мәселелерінің шешілуі тікелей тиісті ми­нистрліктердің араласуымен ғана жүзеге асады.

– Әлемдік пандемиядан кейін қалыптасқан тіршілік ырғағы біршама өзгеріске ұшырайтыны әзір­ден белгілі бола бастады. Бұл жағдай қазақ кө­шінің тоқырауына әсер ете ме?

– Елбасы бастамасымен шетелде тұратын қандастарымыз ата­жұртқа оралған сәттен бастап қазақ көшінің керуені осы күн­ге дейін тоқтаған емес, болашақта да тоқтап қалмайды. Бү­гін­гі күні көш екі бағытта өрбуде, яғни шет елдегі қазақтар­дың тарихи Отанына оралып, туыстарына қосылуымен қатар, ел тұрғындарының оңтүстіктен солтүстік өңірлерге бет түзеген көші ретінде өз жалғасын табуда. Осы көштің жолына кедергі бо­латын түйінді мәселелер тез арада Үкімет деңгейінде шешілуі қа­жет.

– Қандастарды ақпараттық қолдау орталығына қандай мәселе бойынша көбірек хабарласады. Жо­ғарыда атап өткен кедергі болатын мәселелерге нақ­тырақ тоқталып өтсеңіз?

– Біріншіден, шетелден оралған қандастар Қазақстан аза­маттығын алғаннан кейін баспаналы болу, жұмыспен қамтылу, басқа да әлеуметтік мәселелерде белгілі дәрежеде Үкімет тара­пынан кепілдік берілуі керек. Үкімет тарапынан берілетін өңір­лік квота саны аз болғандықтан, ол жетпей қалып жатыр. Со­нымен қатар берілетін қаражаттың мөлшері аз болғандықтан қалалық жерді былай қойғанда, ауылдық жерден баспана сатып алуға жетпей отыр.

Бұл жердегі мәселе – қандастарды ынталандыру қажет. Мы­салы, дәл қазір қандастарға үй сатып алу үшін 5-6 млн теңге беретін болса, келушілер қатары көбейер еді. Бұдан басқа да проблемалар бар. Шетелде мұғалім немесе басқа мамандық бойынша жұмыс істеп, біраз тәжірибе, еңбек өтілін жинаған мамандар елге оралған соң төменгі категориямен жұмыс істеп, жас мамандармен бірдей жалақы алады. Біліктілігін дәлелдеу үшін көп уақыты, қаражаты кетеді. Елге жаңадан көшіп келген қандасты кейбір мекемелер жұмысқа қабылдамай қою фактісі жиі кезесуде. Соның салдарынан шеттен келген қандастар қатарында баспанасыздар мен жұмыссыздар саны көбеюде.

Екіншіден, шетелден көшіп келетін біраз ағайындар мұнда ке­ліп өздерінің қазақ екенін дәлелдей алмай жүр. Иран, Ауған­стан, Түркия елдерінің төлқұжатында азаматтардың ұлты көр­сетілмейді. Ұлтын анықтайтын құжатты құзырлы органдар да, консул қызметкерлері де бермейді. Мысалы: Түркияның заң­намасы бойынша ол мемлекетте ұлт деген ұғым мүлдем жоқ. Сәй­кес белгілер де қойылмайды. Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, ХҚКО мамандары көшіп келгендерден ұлтын анықтайтын анықтама талап етіп қандастардың құжаттарын қабылдамайды. Өйткені «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан заңының 1-бабының 13-тармақшасына сәйкес, «Қазақстан егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балаларға оралман (қандас) мәртебесі беріледі» деп көрсеткен. Сондықтан азаматтардың ұлтын анықтайтын құжатты беру мәселесі елімізде қалай шешілуі мүмкін деген сұраққа құзырлы министрліктердің заң актісі, бұйрықтар немесе ережелер қажет.

Үшіншіден, елге көшіп келіп жатқан қандастар «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес, шетелде өз иелігінде болған дүние-мүлкін және автокөліктерін Қазақстанға алып келсе, кедендік рәсімдеуден босатылады делінген. Алайда 2015 жылдан бастап қандастарымыз автокөліктерін ел аумағына кіргізе алмай, әуре-сарсаңға түсті. Осы жағдайға байланысты Ресей, Қырғыз Республикасы, Моңғолиядан көшіп келіп жатқан қандастардан 1 000-ға жуық өтініш (телефон арқылы) түскен. Оған Қазақстан заңдарындағы түзетулерге сәйкес, 2016 жылдан бастап шетелден әкелінетін ескі көліктерді тіркеу құнына кірген өзгерістерге тікелей бай-ланысты болып тұр. Үкімет бекіткен жаңа стандартқа сәйкес, «Халықтың көші-қоны туралы» заңында көрсетілген, оралмандардың құқығы, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер ескерусіз қалды. Сондықтан да елге оралған қандастар өз көліктерін Қазақстанға әкеле алмайды, мемлекеттік рәсімдеуден өткізе алмайды. Кейбір қандастардың елге қажетті техника және басқа да мүлкі шет елдерде арзан бағада қалып жатыр. Осы мәселе қайта қаралуы қажет деп ойлаймын.

Төртіншіден, елге оралған қандастарымыз Қазақстанға келіп өзге елде бұрмаланып, қате жазылған аты-жөнін дұрыс жаздыра алмай киналып жүр. Оған мыңдаған мысал келтіруге болады. Алыс шетелдерден келген қазақтардың көбісінің аты-жөні бұрмаланып, қате жазылған. Бұл түсінікті жағдай, сол үшін мынау қалай деп оларды кінәлау тіпті де орынсыз болар. Елімізде тым болмаса аты-жөнін өзінің ұлттық болмыс, дәстүр салтына негіздеп, мемлекеттік тілде қатесіз, дұрыстап жаздырып алуға мүмкіндік ала алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүргені, біле білсек, өте ұят жағдай деп есептеймін. Сондықтан шетелден келген қандастардың аты-жөніне қатысты шаруаны қалыптасқан жағдай мен көпшілік қауымның пікір, ұсынысын ескере отырып бір жүйеге келтіріп заң шығарушы құзырлы органдар тез арада арнайы құқықтық құжат қабылдауы керек.

Бесіншіден, әртүрлі қаржылық мәселе. Қандастардың дипломы, еңбек кітапшасы, әскери билеті, балаларының туу туралы куәліктері, неке куәліктері, біліктілік туралы сертификаттарының түп нұсқасын растау үшін легализациядан өткізеді. Ол Сыртқы істер министрлігінің 2017 жылғы 6 желтоқсандағы «Құжаттарды заңдастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы бойынша құжаттарды заңдастыру. Құжаттарды басқа мемлекетте пайдалану мақсатында лауазымды адамның қойған қолы мен құжаттардағы мөрдің түп нұсқалығын белгілеу және куәландыру үшін легализациядан өткізуді талап етеді. Елшіліктер ақылы түрде қызмет көрсетеді. Мысалы, бір адам 4 түрлі анықтама алып легализациядан өткізгенде 60 мыңға жуық теңге төлейді. Қандастардың отбасының шет тілде жазылған құжаттарын мемлекеттік тілге аудартып, нотариус арқылы куәландыру үшін 2-3 күн қажет. Сондай-ақ нотариустың қызметі аса қымбат. Сонымен қатар шетелден көшіп келген бір адамда 10-11 түрлі құжат болады (Өзбекстан, Қытай, Моңғолия тағы басқа елдерден). Осылардың 6 түрлі құжаты бірінші кезекте қажет болады. Олар (паспорт, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік, ұлтын анықтайтын анықтама, соттылығы жоқ екені туралы, тұрғылықты елінен тіркеуден шыққаны туралы анықтамалары болады). Мысалы, 6 құжатты растауға 72 000 тенге көлемінде қаржыны тек но­тариус төлейді (нотариус 1 адамның 1 дана құжаты үшін 1 800-2 400 тенге алады). Бұл тариф өте қымбат. 2000 жылдан бұрын көшіп келген қандастардың құжаттарының түпнұсқа­сына сәйкестігін салыстырып, қабылдаған маман сол мекеменің мөрімен растап қабылдайтын. Нотариус құжаттың растығын емес тек аудармашының қолын ғана куәландырады. Қандас­тардың құжатын қабылдап отырған құзырлы мекеме ма­мандары құжаттарды түпнұсқасымен тексеріп алатындық­тан, нотариустың куәландыруы не үшін қажет? Осы норманы қайта қарау керек немесе ол құжаттарды куәландыруға нотариустың ақылы қызметіне жүгінбей-ақ, өңірлердегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы РҚБ мен «Отандастар қоры» КеАҚ фронт-кеңсе басшылары растағаны дұрыс болар еді, осы тұрғыда қан­дастардың қаражат үнемдеуіне сеп болады деп ойлаймын.

Алтыншыдан, Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 13-бабы, 18-тармақшасында шет­тен көшіп келген қандастарға «еңбек қызметі» бойынша зейнетақы тағайындалсын деп белгіленген. Енді осы заң бойын­ша жергілікті азаматтарға «Еңбек өтілі», ал шеттен көшіп келіп азаматтық алғандарға «Еңбек қызметі» бойынша зейнетақы тағайындалады. Сонда жергілікті зейнеткерлер мен шеттен оралған зейнеткерлердің барлығы Қазақстан азаматтары болса да, еңбек еткен жылдарын есептеу нормасы бірдей емес, екі бөлек болып тұр. Қытай, Моңғолия елдерінен келген зейнет­керлердің әскери борышын өтеген жылдары, оқу орындарын бітірген уақыт мерзімі зейнетке шыққанда есептелмейді. Осы мәселелер қайта қаралып, дұрыс шешілуі қажет.

– Қазір қандастарды уақытша бейімдеу орта­лық­тары жұмыс істей ме?

– Өкінішке қарай, кейбір өңірде қандастарды уақытша бейімдеу орталығы болса да, стандартқа сай емес деген сылтаумен жұмыс істемейді. Бірақ кейбір облыстарда орталық қызметкерлері деген штат қарастырылған, олар қандай қызмет көрсетіп жатқаны бізге беймәлім. Бұл орталықтардың жұмысын жақсарту туралы «Халықтың көші-қон» туралы заңында атап көрсетілген. Осы тұрғыда Елбасының тапсырмасы да бар, сон­дай-ақ Қазақстан Көші-қон саясатының 2017-2021 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы, Үкіметтің қаулысы да бар. Орта­лықтың басты міндетінің бірі шеттен келген қандастарымызды жаңа ортаға бейімдеу, кіріктіру тұрғысында ұйымдастырылатын кешенді шараларды өткізу, қандастарға Қазақстан заңдарынан түсініктеме, құқықтық ақыл-кеңес берумен қатар қоныс­тана­тын ауыл, ауданының әлеуметтік экономиқа және климаттық жағдайлары туралы тұрақты ақпарат беру. Қандастардың шетел құжаттарын Қытай, Өзбек, Моңғол және де басқа елдердің тілдерінен мемлекеттік тілге аударып, оларды рәсімдеуге көмектесу, мемлекет тарапынан қандастарға тағайындалатын жәрдемақы, әлеуметтік көмек алу жолдарын нақты түсіндіру жұмыстарын үйлестіру қажет. Ол үшін облыстардағы Жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының иелігіндегі аты бар, заты жоқ «Оралмандарды уақытша орналастыру орталығын» «Қандастарға ақыл-кеңес беру ақпараттық қолдау көрсету орталығы» етіп қайта құрып, өңірлердегі «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ мен «Отандастар қоры» КеАҚ фронт-кеңсе жұмысымен үйлестіру арқылы облыстарға көшіп келген қандастарға және қоныс аударушыларға бір орталықтан бір терезе қағидаты бойынша сапалы қызмет көрсету тиімді болар еді. Ондай толық мүмкіндіктер бар, оған тек ниет жетпей тұр.

Болат Заутұлы: Көш жолындағы кедергілер алынатын кез келді