Бүгін жазушы Жақсылық Сәмитұлының туған күні. Қаламгер тірі болғанда, биыл 80 жасқа толар еді.
Жақсылық Сәмитұлы (1940–2008) ҚХР-дың Жеменей ауданы, Ласты мекенінде туған. Шыңжаң институтының филология факультетін бітірген (1959). 1959–1979 жылдары солшыл саясат кезінде «ұлтшыл» атанып, айдауда болған. 1980–1989 жыл аралығында «Алтай аясы» журналында бас редактор, 1989–1993 жылдары Шыңжаң телевидениесінде редактор қызметтерін атқарған. 1993 жылы Қазақстанға көшіп келген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың шығыстану факультетінде доцент, біраз жылдар ұстаздық қызмет атқарған.
Қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы-ұстаз Жақсылық Сәмитұлымен жүздесіп, дидарласудың жөні келді. 2007 жылы 23 маусым, Алматыдағы «Студенттер сарайында» өтетін Оспан батыр Сіламұлының туғанына 100 жыл толуына арналған Халықаралық ақындар айтысының шақыру қағазын жеткізіп беруді, батырдың немересі Өркен Нәбиұлы досым маған тапсырған еді.
Бала күнімізден кітаптарын жастанып оқып, кейіпкерлерін жатқа соғатын жазушыңмен дидарласудың өзі бір ғанибет қой. Әсіресе, Жақаңның ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ, жайлы жұмыс, жақсы тұрмысын тастап, алғашқы көшті бастап отанға оралғаны менің көңілімдегі аброй, беделін арттыра түскен еді. Бұрын барып көрмегендіктен, ол кісінің үйін біраз іздеп, әзер таптым. Ақсай ықшам ауданындағы, көп қабытты тұрғын үйлердің бірінде тұрады екен.
Мен барғанда жатын бөлімесінде дем алып жатқан екен, аздан соң ортамызға келді. Осыдан бірнеше ай бұрын қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалғанын естіген едім, ауырыу әбден меңдегені көрініп тұр. Сонда да қайсар рухпен денесін тік ұстайды. Өзімді таныстырып, шығармашылығынан таныс екендігімді, өлең жазатынымды, келген бұйымтайымды айтып, шақыртауды қолына берген едім, сәлде болса жадырап қалды. Шынында Жақаңның Қытайда шыққан «Тау самалы», «Атамекен», «Ақ Сәуле» кітаптарын неше қайтара оқығаным бар еді. Ал енді Жақсылық Сәмитұлының әні «Туған жер» деген әуен баяғыдан таныс, жөргекте сіңген үн.
Ағамыз қиналып отырса да өзінің Әрмиябек Сағындықұлы, Тұрсынхан Законұлы, Алмас Ахметбекұлы, Ғалым Қалибекұлы қатарлы рухтас інілерін ертіп, қазақ еліне қалай келгеніндері туралы айтты. Бүгінде бұл ағаларым да көк байрақты отанымыздың руханиятының дамуына қал-қадірінше қызмет атқарып келеді, әрқайсысы туралы бөлек тоқталып, толғам айтарға тұрарлық тұлғалар. Одан өзінің жазған шығармаларын, әлі де жарияланбаған туындылары туралы егжей- тегжейлі айтып берді, бәлкім есінде жүрсін, кәдеге жаратсын дегені болар. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде оқитынымды айтқан едім, елеңдей қалды. «Тұрсекең келіп жүр ме?» - деді. «Иә, келіп жүр, бізге қазақ әдебиетінің сынынан лекция оқиды» - дедім. «Еееее, ол кісі асыл адам ғой, мені сол университеттің Шығыстану факултетіне ертіп апарып, жұмысқа орналастрған еді, дұғай сәлем айт» - деді ризалық пішінмен ауыр күрсініп. Осы оқу орнында қызметте жүргенде Шығыстану факультетіне арнап оқулық жазғанын да естіген едім. Сол кезде шетелден келіп, қолына қалам алған қазақтың Тұрсекеңнен, Тұрсынбек Кәкішевтен шапағат көрмегені тым аз екен ау деймін ішімнен.
«Оспан батырды жазу үшін Атажұртқа келдім» дейтін жазушы тұтас бір дәуірдің образын сомдап, «Хаһарлы Алтай» трилогиясы арқылы мәңгілік ескерткіш соғып кетті. Бұл еңбегі «Сергелдең» деген атпен төрт том болып аз данамен болса да баспа бетін көріп, оқырманға жетті. Бұрын ол романды кітапханадан оқыған едім, ал бүгін автордың өз қолынан, қолтаңбасымен алғаныма марқайып отырмын. Бұл кітаптың бір томы «Қаһарлы Алтай» деген атпен Түркияда түрік тілінде басылып шықты. Кейіннен кәсіпкер Ғылымхан Қалиұлының демеушілігмен қайта реттеліп, «Қаһарлы Алтай» трилогиясы жарық көрді, өкініштісі, оны көруге жазушының ғұмыры жетпеді…
Жазушының қазақ елінде бұл кітаптарынан өзге «Атамекен», Сарала қаз», «Алтын қазық» қатарлы прозалар жинағы, «Қытай қазақтары» атты зерттеу еңбегі жарық көрді. жазушының 70 жылдық мерйтойы «Ер Жәнібек» Халықаралық қоғамдық қорының ұйтқы болуымен Қазақстан Жазушылар Одағында дүркіреп өтті, тағы да Жақаңсыз. Тірісінде сәлемге жарымаған талайлар, сайрады ай келіп, тым кеш еді…
Жазушының ұлы Заңғар әкесінің шығармаларын жинап, кітаптарын бір-бір данадан Отандастар қорына әкеліп табыстаған кезде, Жақаңмен болған жарқын жүздесу тағы бір көз алдыма келді… Бұл кітаптар Ұлттық академиялық кітапханадан ашылатын «Отандастар оқу залына» қойылатын болады.
Осы кездесуден қайтқаннан кейін, Жақсылық ағаға арнаған «Текті де кекті ұлы» деген өлеңімді жаздым, бірақ кездесіп оқып беруге үлгірмедім, мен асықпай жүргеніммен ол кісі күтпеді, аттанып кетті…
Талапбек Тынысбекұлы, ақын, «Отандастар қорының» менеджері