Данияр Рамазанұлы. «Басты шарт – қазақ деген ұғымды жүректе сақтау...»

Кеше

Кейде жасалып жатқан жақсы дүниені де көре білген жөн. Қиырдағы қазақтардың рухани сұранысына жауап іздеп, ол жердегі тұлғалардың да еңбегінің еленуіне ерекше қамқор болып жүрген мекеменің бірі «Отандастар қоры».  Біз осы мақсатта «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Данияр Рамазанұлы Қадыров пен  аталған қордың бүгінгі  әм келешектегі атқарылмақ жұмыстары жайлы аз-кем әңгімелескен едік.

-Құрметті Данияр Рамазанұлы! «Отандастар қоры» КЕАҚ-на басшы болып келгеніңізге 1 жыл толып отыр. Бұған дейін Сіздің Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Моңғолия мен Түрікменстандағы дипломатиялық миссияларда қызмет атқарғаныңызды жақсы білеміз. Сондықтан бұл жұмыс Сізге мәдениет әрі сыртқы саясат тұрғысынан да таныс. Алғашқы сауалымды мынадан бастасам деймін. «Отандастар қорының» мақсаты мен міндеттеріне шетелдердегі қазақ ұлттық мәдени орталықтарын, қазақ мектептерін әдебиетпен, оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен және заңнамалық тұрғыда тыйым салынбаған өзге де әдебиетпен қамтамасыз ету мәселелері кіреді екен. Осы мақсатқа қаншалықты қол жеткіздіңіздер? Аталған осы сауалға жан-жақты тоқталып өтсеңіз?

-«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы – шетелдегі этникалық қазақтармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, олардың ұлттық бірегейлігін сақтау және тарихи Отанына оралған қандастарға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында құрылған ұйым. Қоғам өз қызметін 2018 жылдан бастап жүзеге асырып келеді.

2022 жылдан бастап Қоғам Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қарамағына өтті, бұл оның халықаралық ынтымақтастық пен сыртқы мәдени саясат саласындағы рөлін одан әрі арттыра түсті.

Қоғам қызметінің басты бағыттарының бірі – шетелдегі ағайынмен рухани және мәдени көпір орнату. Бұл – Қазақстанның мемлекеттік ұлттық саясатының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.

Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында Қоғам тарапынан бірқатар жүйелі жобалар мен мазмұнды бастамалар қолға алынып келеді. Атап айтқанда, шетелдегі этникалық қазақтарға арналған тіл үйрету курстары, шығармашылық және әдеби байқаулар, жастар форумдары, оқу-әдістемелік құралдарды тарату, сондай-ақ мәдени-ағартушылық акциялар ұйымдастыру секілді кешенді жұмыстар атқарылуда.

Атап айтқанда, 2019 жылдан бері 12 елде 31 онлайн қазақ тілі сыныбы ашылып, мыңдаған қандастар ана тілінің әліпбиін меңгеруге мүмкіндік алды. Қор ұйымдастырған онлайн қазақ тілі курсына бүгінге дейін 7000-ға жуық этникалық қазақ қатысып, мемлекеттік тілді меңгеру жолында білімін жетілдірді.

Мұнымен қоса, Отандастар қоры Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып, 2019-2023 жылдары оннан астам шетелде офлайн қазақ тілі сыныптарын тұрақты түрде жүргізді. Бұл бастама шетелдегі қазақ балалары мен ересектерінің тілдік ортаға жақындауына, ұлттық рухпен қайта қауышуына үлкен серпін берді. Сонымен қатар, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстары да өткізілді. Мұндай шаралар тіл үйретумен қатар, ұстаздар қауымының кәсіби деңгейін көтеруге зор ықпал етті.

Оқулық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2019 жылы «Отандастар қорының» тапсырысымен «Zerdeli» ақыл-ой дамыту орталығы дайындаған «Qazaq tili» атты арнайы оқулық жарық көрді. Бұл оқулық «Тіл-Қазына» орталығының сараптамасынан өтіп, сапалы әдістемелік құрал ретінде танылды. 3000 дана болып шыққан бұл оқулықтар шетелдердегі ағайындарға жеткізілді.

Тіл үйрету жұмыстары мұнымен тоқтап қалған жоқ. ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес, «Тіл-Қазына» орталығы шетелдегі қазақ диаспорасына арналған әмбебап оқулықтар топтамасын әзірледі. «Отандастар қоры» бұл жобаға белсенді атсалысып, арнайы комиссия құрамында өз ұсыныстарын білдірді. Бүгінде аталмыш оқулықтар қазақ-ағылшын, қазақ-орыс және қазақ-түрік тілдерінде, тіл меңгерудің А1, А2, B1, B2, C1 деңгейлеріне сай әзірленіп, ашық қолжетімділік үшін tilalemi.kz және oq.gov.kz сайттарына жүктелді.

-«Отандастар қоры» Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесе отырып, шеттегі қазақ қаламгерлерінің үздік туындылары мен шығармашылығын Атажұрттағы оқырманға таныстыру мақсатында «Ұлы Дала» сериясымен біршама кітаптар шығарғанынан хабардармыз? Осыған дейін қанша әдеби еңбектер жарық көрді? Сол еңбектердің тізіміне байланысты мол мағлұмат бере кетсеңіз?

-Қазақ елінің алыстағы ағайынға деген ықыласы – тек сөз жүзіндегі ниетпен шектелмей, нақты іс жүзінде көрініс табуы – елдік мұраттың биік көрінісі. Кешегі тарихтың дауылымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымыздың үнін естіртіп, рухани байланысын нығайтуды көздеген мемлекет бүгінде жүрекке жетер бастамаларға жол ашып келеді. Соның бір жарқын мысалы – «Отандастар қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағының 2023 жылдан бастап қолға алған халықаралық әдеби байқауы.

Бұл байқаудың басты мақсаты – тағдырдың жазуымен шет елдерде ғұмыр кешіп жатқан этникалық қазақтардың өмір жолын, салт-дәстүрі мен рухани болмысын, әдебиеті мен өнерін, мәдениетін кеңінен насихаттайтын сол елде шыққан немесе тың шығармаларды жинақтап, қазақ оқырмандарын таныстыру. Жоба бұған дейін жарық көрген «Шетелдегі қазақтар» атты кітаптар сериясының мазмұнды әрі заманауи жалғасы болмақ.

Байқауға қатысу үшін ақын немесе кәсіби жазушы болу міндетті емес. Басты шарт – қазақ деген ұғымды жүректе сақтау. Шетелде тұратын барлық шығармашыл азаматтар – ақын-жазушылар, журналистер мен зерттеушілер, тарихшылар мен өнер иелері, мәдениет пен ғылым саласының өкілдері бұл жобаға қатыса алады. Жасы мен тәжірибесіне ешқандай шектеу қойылмайды.

Байқауға ұсынылатын туындылардың жанры да еркін:

– көркем әңгіме мен повесть,

– публицистикалық эссе мен естелік,

– деректі очерк пен тарихи зерттеу,

– өлең-жыр мен жыр-дастан – бәрі қабылданады.

Басты талап – шығарманың көркемдік деңгейі жоғары болуы және мазмұнының шынайылығы. Сондай-ақ, шығарма бұған дейін Қазақстанда кітап түрінде жарық көрмеген болуы шарт.

Жеңімпаздардың шығармалары жинақталып, көркем әдеби кітап ретінде жарық көреді. Әрбір жинақ 300–500 дана болып басылып, оның бір бөлігі авторларға тегін табысталады. Еңбектер қазақ тілінде ұсынылуы тиіс. Алайда ерекше тарихи, әдеби немесе мәдени құндылыққа ие төте жазумен, латын немесе кирилл қарпімен жазылған туындылар да ескерусіз қалмай, жеке жинақ ретінде жарық көруі мүмкін.

2023 жылы байқау нәтижесінде 10 кітап баспадан шықты. Олардың қатарында Моңғолияның, Ресейдің, Қытайдағы қазақ бауырларымыздың шығармалары бар. 

1. «Сеңгір таулар» дилогиялық роман. Авторы: Сұлтан Тәукейұлы, Моңғолияның халық жазушысы. Елі: Моңғолия.

2. «Маусымжан» соңғы жылдары жарық көрген әр-түрлі тақырыптағы  әңгімелер жинағы. Авторы: Шынай Рахметұлы, Моңғолияның халық жазушысы. Елі: Моңғолия.

3. «Жыр күмбезі». Бұл кітапқа Қытайдағы қазақ ақын Қызырбек Ораловтың  1956-1964 жылдар аралығында жазылған бір том өлеңдері жинақталған. Жинақта ақынға арнаулар мен оның өмірінің кейбір кезеңдері жайында жазылған  құнды естелік, мақалаларға да орын берілген.  Авторы: Қызырбек Оралов, ақын. Елі: Қытай. Құрастырған: Жәди Шәкенұлы, жазушы.

4. «Қайтқан қаздың дауысы». Бұл кітапқа Қытай қазақтарына танымал ақын К. Сәскиннің әр жылдары жазған таңдамалы өлеңдері енгізілген. Ақын өлеңдері классикалық дәстүрімен және сөздік қорының молдығымен ерекшеленеді. Авторы: Көпбосын Сәскин, ақын, жазушы. Елі: Қытай.

5. «Антиөлшем» поэзияға арналған сыни мақалалар жинағы. Авторы: Сұраған Рахметұлы, ақын, жазушы. Елі: Моңғолия.

6. «Казахи Волгоградской области: история и современность» Волгоград обылысындағы қазақтардың тарихы, тұрмыс-тіршілігі мен ұйымдардың тарихы, тарихи танымдық еңбек. Авторы: Геннадий Ташпеков, тарихшы-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты. Елі: Ресей.

7. «Еуропадағы  қазақ диаспорасының тарихы  және қазіргі жағдайы» тарихи-танымдық еңбек. Қазақтардың Еуропа елдеріне қоныстану тарихы, сондағы қазақ диаспорасының қалыптасу кезеңдері және бүгінгі тұрмыс тіршіліктері, кездесіп отырған кейбір рухани-әлеуметтік қиындықтар жайы сөз болады. Авторы: Досан Баймолда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, ғалым. Елі: Моңғолия.

8. «Керуен-ғұмыр» тарихи танымдық еңбек. Моңғол елінде өмір сүрген Баян-Өлгий қазақтарының өмір тіршілігін баяндайтын авто-биографиялық еңбек. Авторы: Таухай Тайф, театр сахнасының қайраткері, жазушы. Елі: Моңғолия.

9. «Сары қаймақ сағыныш» поэма, толғау, өлеңдер жинағы. Авторы: Байыт Қабанұлы, танымал ақын, жазушы. Елі: Моңғолия.

10. «Қытайдағы қазақ ақындарының айтысы» Қытайдағы қазақ ақындарының айтыс жинағы. Авторы: Бата Кәдірхан, ақын. Елі: Қазақстан. 

2024 жылы Алматы мен Астанада 9 кітаптың тұсауы кесілді. Бұл жолы Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия мен Ресейдегі қазақ ақын-жазушылардың еңбектері жарыққа шықты. Олардың қатарында:

  1. «Қобданың қоңыр желі» (өлеңдер, балладалар, толғаныстар) – Рысбек Зұрғанбайұлы (Моңғолия);

  2. «Үркер ауып барады» (өлеңдер) – Зүлкәпіл Мәулітұлы (Моңғолия);

  3. «Тәжікстандағы қазақтар» (тарихи танымдық еңбек) – Абдусаттар Нуралиев (Тәжікстан);

  4. «Ақиқаттың дәмі ащы» (өлеңдер) – Жарасқан Мырзамұратов (Өзбекстан);

  5. «Кімді кінәларсың...» (повестер мен әңгімелер) – Ербақыт Нүсіпұлы (Моңғолия);

  6. «Ұрпағың үзілмесін» (әңгімелер) – Мұхтасыров Пионер Солтанович (Ресей);

  7. «Қарасу жырлары» (өлеңдер) – Лала Жүнісқызы Жұманова (Өзбекстан);

  8. «Өрікті көл» (повесть, әңгімелер) – Елеусіз Мұқамәдиұлы (Моңғолия);

  9. «Айтағалы салт атты» (шығармалар) – Баман Құрманханұлы (Моңғолия)

-«Ұлы Дала» сериясы жыл сайын жалғасатын дәстүрлі бастама ғой. Енді биылғы жылғы шығармақ кітаптар тізіміне кімдердің аты-жөні еніп отыр? Бұл авторларды шығарғанда қандай критериилерге сүйенесіздер?

-2025 жылғы байқаудың ресми хабарландыруы мен ережелері жылдың басында жарияланып, қатысушылардан өтінімдер үстіміздегі жылдың 1 мамырына дейін қабылданды. Қысқа уақыт ішінде-ақ шетелдегі қандас қаламгерлер тарапынан айтарлықтай қызығушылық байқалды. Нәтижесінде, АҚШ, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейде тұратын қазақ ақын-жазушылардан 20-дан аса шығарма келіп түсті. Бұл – шетелдегі қандастар арасында ұлттық рух пен әдебиетке деген сүйіспеншіліктің әлсіремегенін, қайта нығайып келе жатқанын көрсетеді. 

Байқауға ұсынылған барлық шығармалар арнайы құрылған Қазылар алқасының кәсіби сараптауынан өтеді. Қазылар құрамына елімізге белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері еніп отыр. Олар әрбір шығарманың идеялық мазмұнына, көркемдік деңгейіне, тарихи және рухани құндылығына ерекше мән беріп бағалайды. Байқау нәтижесі осы жылдың күзінде шығады.

Айта кету керек, биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абай тағылымы» атты арнайы номинацияның енгізілуі. Бұл қосымша байқау қазақ әдебиетінің алтын діңгегі Абай мұрасын терең зерделеп, оны қазіргі заманмен үндестіре жырлаған шығармаларға бағытталған. «Абай тағылымы» – тек өткенді еске алу емес, бүгінгі буынға ой салып, болашаққа жол көрсететін рухани бағдар десек артық емес. 

-Сіздерде «Әр қазаққа – бір кітап!» деген тамаша жобаларыңыз бар ғой. Осы жоба аясында шетелде тұратын этникалық қазақтарға қанша кітап қоры жетті?  Осыбір жақсы бастаманы кеңінен таратып айтып бересеңіз?

-Қазақ руханиятының тамыры тереңде жатыр. Сол асыл мұраны ұрпақ санасына сіңіру – ұлттық сана мен болмысты сақтаудың басты жолы. Осы мақсатта «Отандастар қоры» КеАҚ Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп, шетелдегі қандастарға кітаптар тарту етуді көздеген ауқымды жобаны іске қосты. «ӘР ҚАЗАҚҚА – БІР КІТАП!» атты осы ерекше акция 2022 жылғы 16 қыркүйекте ресми түрде бастау алды.

Бұл бастама – тек кітап үлестіру емес, рухани көпір орнату. Қазақстанның әр өңіріндегі кітапханалар да акцияға ерекше қолдау көрсетті. Республика бойынша 43 облыстық кітапхана қатысып, 1000-ға жуық кітап шетелдегі ағайынға жолданды. Құнды еңбектер мен көркем әдебиеттің асыл қазынасы енді алыстағы қандастың төрінде тұр.

Акция «Кітап Time» жалпыұлттық фестивалі мен «Eurasian Book Fair» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында да жалғасын тауып, елордалықтар мен қала қонақтарының қолдауымен 500-ден астам кітап жиналды. Бұл – ел азаматтарының ортақ іске бейжай қарамай, руханиятқа жанашырлықпен қарауының айқын көрінісі.

Бүгінге дейін жалпы саны 5000-ға жуық кітап жиналып, олар шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына жеткізілді. Бұл кітаптар – ана тілін ұмытпауға, ұлттық болмысты сақтауға, дүниетанымды кеңейтуге бағытталған баға жетпес рухани байлық. Кітаптардың басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Моңғолия және Түркиядағы мәдени орталықтарға жіберіліп, бүгінгі таңда белсенді түрде қолданылуда. «Әр қазаққа – бір кітап!» деген қарапайым ғана сөз тіркесі шын мәнінде терең мәнге ие: бұл – ұлттық санаға жасалған үндеу, алыстағы ағайынмен рухани байланыс, Тәуелсіз Қазақстанның мәдени миссиясы.

-«Отандастар қорының» тағы бір тамаша жұмысы шетелде тұратын этникалық қазақтардың ана тілі мен мəдениетін ұмытпауы үшін жыл сайын дəстүрлі түрде өткізілетін шет елдегі қазақ балалары мен жастары арасындағы шығармашылық байқау. Бұл байқау арқылы қандай таланттар мен жаңа есімдерді аштыңыздар?

-Қазақтың рухани кеңістігін кеңейтіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі дарынды қандастарды қолдау – бүгінгі ұлттық мәдени саясаттың өзекті бағыттарының бірі. Осыған орай, «Отандастар қоры» шетелдегі және елге оралған шығармашыл жастардың бойындағы өнер мен қабілетті ашу, қазақ тілін, тарихын және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында бірқатар байқаулар ұйымдастырып келеді.

2020-2025 жылдар аралығында өткен бұл байқаулар мазмұны мен ауқымы жағынан ерекшеленді. Олар офлайн және онлайн форматта өткізіліп, әлемнің әр түкпірінде жүрген 2000-ға жуық этникалық қазақ жастарының басын қосты. Жобалар АҚШ, Түркия, Польша, Германия, Украина, Латвия, Беларусь, Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Түрікменстан, Корея елдерін қамтыды.

Байқау бағыттары да әртүрлі дарын иелерінің қабілетін ашуға арналған:

– мақал-мәтелдер мен ұлттық салт-дәстүрді білу,

– Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиетіне байланысты викториналар,

– мәнерлеп оқу, шығарма жазу,

– сурет салу, домбыра тарту, дәстүрлі ән мен би,

– мобилография, фотосурет, бейнеролик, қазақша stand-up пен кино пародия жасау,

– үздік жоба әзірлеу секілді қызықты бағыттар қамтылды.

Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталып, Қазақстанда жыл сайын өтетін халықаралық форумдарға және «Jas Qazaq» жазғы лагеріне тегін жолдамалар ұсынылды. Бұл – жас таланттарға тек қолдау емес, туған жермен тығыз байланыс орнатуға берілген алтын көпір десе болады.

Одан бөлек, Отандастар қоры жастармен тығыз байланыс орнатып, Қазақстандағы жастар ұйымдарымен серіктесе отырып, тәжірибе алмасу шараларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Осы ретте, 2023 жылы өткен атақты «Азия Дауысы» халықаралық фестивалінде «Отандастар қоры» арқылы шетелдегі қандастарға 3 арнайы орын бөлініп, Өзбекстан мен Моңғолиядан іріктелген жастар қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Солардың бірі – Мұса Марат. Ол фестивальдегі өнерімен көзге түсіп, кейін «Қазақстан дауысы» мега жобасына қатысып, 2023 жылдың жеңімпазы атанды. Бұл – дарынды жастарға қолдау білдіру арқылы олардың тек танылуына ғана емес, үлкен шығармашылық жолға түсуіне берілген мүмкіндік екенінің жарқын дәлелі.

«Отандастар қорының» шығармашылық байқаулары – қандастармен рухани байланыс орнатудың тиімді жолы ғана емес, олардың әлеуетін ашып, ел игілігіне бағыттаудың жарқын мысалы. Тарих пен өнерге сүйене отырып, ұрпақты тәрбиелеу – міне, елдік мұраттың үлгісі!

-Соңғы сауалым әдебиет пен руханиятқа қатысы болмаса да жеке азамат ретінде өздеріңізге қойсам деймін. Бүгінге дейін қанша қазақ өз Отанына оралды. Ендігі көшіп келмек қазақтың есебі бар ма? Әсіресе қазіргі кезде қауіпті ошақ отына айналып отырған Иран қазақтарына сіздердің қор атынан қандай қамқорлық жасалып жатыр?

-Қоғам өзінің құзыреті аясында шетелдегі этникалық қазақтармен, бұрынғы отандастармен және Қазақстаннан тыс жерде тұратын азаматтармен байланысты нығайтуға, оларға ақпараттық және кеңестік қолдау көрсетуге баса назар аударады. Осы міндеттерді тиімді атқару мақсатында Қоғам жанынан арнайы құрылған «Шетелдегі отандастарды ақпараттық қолдау орталығы» бүгінде отандастарға көші-қон үдерісі кезінде толыққанды ақпараттық сүйемелдеу қызметін ұсынып отыр. Бұл орталық – қандастардың өтініштерін жүйелеп, дер кезінде жауап беру арқылы олардың Қазақстанмен байланысын жеңілдетуге зор үлес қосуда.

2025 жылы орталыққа 857 өтініш келіп түсіп, тиісті сала мамандары тарапынан мұқият қарастырылып, жауап берілді. Ал 2019 жылдан бері тіркелген жалпы өтініштер саны 31 752-ге жетті. Бұл – тек сандар ғана емес, мыңдаған тағдырдың, үміт пен сенімнің көрінісі.

Мысалы, 2025 жылы Иран Ислам Республикасында тұратын этникалық қазақтардан үш өтініш тіркеліп, олар білім алу мен визалық мәселелерге қатысты болды. Мұндай нақты көмек шетелдегі қандастардың тарихи Отанымен байланысын нығайтып, олардың өз болашағын Қазақстанмен байланыстыруына жол ашады. 

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жағдай бойынша 5 496 этникалық қазақ Қазақстанға көшіп келіп, қандас мәртебесін алған. Ал 1991 жылдан бастап 2025 жылдың шілде айына дейінгі аралықта тарихи Отанына оралған қандастардың жалпы саны 1 миллион 153 мыңнан асты.

Бұл – тек статистика ғана емес, елге деген сағыныштың, тіл мен ділге деген сүйіспеншіліктің, ата-бабаның аманатына адалдықтың нақты айғағы. «Отандастар қоры» осы жауапты жолда ел мен жердің арасындағы байланысты үзбей, ұлттық болмыс пен елдік мүдде жолында сенімді серіктеске айналып отыр.

 

Дереккөз: adebiportal.kz
Сұхбаттасқан: Ықылас Ожайұлы

Данияр Рамазанұлы. «Басты шарт – қазақ деген ұғымды жүректе сақтау...»