Қазақстанның дипломатиялық қызметінде өз ісіне жан-тәнімен беріліп, адалдық пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымға айналдырған тұлғалар аз емес. Солардың бірі - Қазақстан Республикасының Ливиядағы дипломатиялық миссиясының басшысы болған, Оман Cұлтандығындағы Елшісі болған, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, шығыс әлемін терең зерттеген кәсіби дипломат Ержан Серікұлы Мұқаш.
1990-жылдардың басында Егемен Қазақстан өзінің сыртқы саяси жүйесін енді құрып жатқан шақ. Қазақ, орыс, араб, түрік және ағылшын тілдерін бірдей меңгерген жастар санаулы еді. Ержан Мұқаш сол санаулылардың қатарында болып, ҚР Сыртқы істер министрлігіне қызметке қабылданды. Бұл нағыз тарихи сәт еді...Қазақстанның сыртқы саясатының негізі қаланып жатқан уақыт. Ержан Серікұлы тәуелсіз елдің дипломатиялық мектебінің алғашқы түлегі ретінде дипломатия табалдырығын сеніммен аттады.
Оманнан Ливияға, Мысырдан Түркияға дейінгі дипломатиялық жол
Ержан Мұқаш дипломатиялық қызмет жолында Мысырда (Египет), Түркияда, Әзербайжанда, Ливияда, Оманда жұмыс істеді. Әрбір ел оның алдынан жаңа талаптар қойды. Ержан Серікұлының дипломатиялық шоқтығы Ливия астанасы Триполиде биіктей түсті. Ол Қазақстан Республикасының Ливия Халықтық Социалистік Джамахириясындағы дипломатиялық миссиясының басшысы болды. Қазақстан Ливияда толыққанды үлкен елшілік ұстауға мүмкіндік бермегендіктен, бар болғаны үш адамнан тұратын миссияда Ержан Серікұлы бір мезгілде өкілдік басшысы және консул міндеттерін қоса атқарды.
Ержан Мұқаштың айтуынша, дипломатиялық қызмет — салтанатты қабылдаулар мен банкеттерден, ойын-сауық шараларынан ғана тұрмайды. Ол - күн сайын үлкен мұқияттылықпен формальдылықты қатаң сақтауды талап ететін жүйелі жұмыс, кейде аса қолайсыз әрі ауыр рәсімдермен қатар жүретін күрделі міндет.
Шетелде жүрген әрбір отандасымыздың тағдырына Елші немесе консул толық жауапты. Егер Қазақстан азаматы қандай да бір жағдайға тап болса, ол сол үшін жергілікті билік алдында да, қазақстандық ведомстволар алдында да, тіпті оның туған-туыстарының алдында да жауап береді. Шет елдердегі ұзақ жылғы іссапарларда болумен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында да басқарма басшысы, департамент директоры, сондай-ақ Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарды.
Сонымен қатар дипломат Ержан Серікұлының қызметтік миссиясы сәтті жүзеге асқан кезекті ел – Оман болды. Бүгінгі мерекеге орай Ержан Мұқашпен Омандағы қызметі туралы сұхбаттастық.
El.kz:Ержан мырза, Қазақстан мен Оман арасындағы ең үлкен жетістік деп қай жобаны айтар едіңіз?
Ержан Мұқаш: Оман Сұлтандығы, анығын айтқанда, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алғаш болып мойындап, дипломатиялық байланыстарды орнатқан араб мемлекеті ғана емес, сонымен қатар біздің елмен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, инвестиция құюға кіріскен болатын. Атап айтқанда, баршамызға таныс, қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа тасымалдайтын Каспий құбыр тарту консорциумы (Каспийский трубопроводный консорциум - КТК) жобасының сонау 1990 жылдардың басында ең алғашқы қатысушылардың бірі «Оман ойл» компаниясы болғанын көпшілік біле бермейді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында бұл жобаның Қазақстан экономикасы үшін қаншалықты маңызы зор болғаны даусыз. Кейіннен омандықтар бұл жобадан шығып кеткенімен, бүгінгі таңда «Оман ойл» компаниясы халықаралық консорциум құрамында Каспий маңында мұнай кеніштеріндегі басқа да маңызды жобаларға қатысуда.
El.kz:Оман халқымен және билік өкілдерімен жұмыс істеудің қандай ерекшеліктері бар?
Ержан Мұқаш:Оман негізі араб елі болғанымен, өзгелерінен ерекшеленетін қырлары да жоқ емес. Ең әуелі, Оман Сұлтандығы өзінің атауы көрсетіп тұрғандай, көршілес елдер сияқты корольдік, әмірлік немесе республика емес, сұлтандық. Яғни, монархиялық жүйе болғанымен, елді сұлтан билейді. Елдің экономикалық қуаты көршілес Сауд Арабиясы, Әмірліктер немесе Қатарға қарағанда қарапайымдау болғанымен, халықтың әл-ауақаты жақсы, кедейшілік жоқ. Елде мұнай-газ саласы ғана емес, балық шаруышылығы жақсы дамыған, Араб түбегінің Үнді мұхитымен шектесетін оңтүстік бөлігінде орналасқандықтан теңіз-көлік инфрақұрылымы жақсы жетілген.
Тағы бір ерекшелігі, Сұлтандықта «экспаттардың», яғни шетелдік жұмысшылардың үлесі анағұрлым төмен (45%). Мысал үшін, көрші Біріккен Араб Әмірліктерде шетелдіктердің үлесі 90%-ға дейін жетеді. Бұған қоса, Оманнның географиялық орналасуы өте қолайлы. Атап айтқанда, Сұлтандық геостратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазын тікелей бақылайды (бұғаздың шығыс жағалауы Иранның бақылауында). Ресми Масқат (елдің астанасы) салмақты, салиқалы бейтарап сыртқы саясат жүргіхіп отыр. Осының арқасында Оман барлық елдермен, көршілерімен де, арабтармен де, Иранмен де, АҚШ-пен, Еуропамен де, Азиямен де, Африкамен де жақсы, тату қарым-қатынастарды сақтай білді. Басқасын айтпай-ақ қояйық, соңғы кезге дейін АҚШ-пен Иранның ашық та, «астыртын» да келіссөздері дәл осы Оман жерінде, немесе Оманның араағайындымен өткені белгілі. Бұл жағынан келгенде, Оман Сұлтандығының сыртқы саясаты Қазақстан Республикасының көпвекторлы сыртқы саясатына ұқсас екені байқалып тұр.
El.kz:Екі елдің инвестициялық ынтымақтастығын дамытуға қатысты қандай келіссөздер немесе нәтижелер болды? Оман қоғамы мен мәдениеті сіздің дипломатиялық жұмысыңызға қалай әсер етті?
Ержан Мұқаш: «Келіннің бетін кім бірінші ашса, сол ыстық» деген бар ғой. Менің ең алғаш еліміздің Төтенше және Өкілетті Елші болып тағйындалған мемлекетім Оман Сұлтандығы болғандықтан, бұл елдің, оман халқының орны мен үшін, менің отбасым үшін мүлдем бөлек десе де болады. Масқатта бес жылдан аса уақыт тұрдық, ұлым сонда мектепті бітірсе, кіші қызым жергілікті бала-бақшаға, бастауыш мектепке барды.
Екіжақты байланыстарды дамыту ісіндегі маңызды нәтижелер турасында сөз қозғайтын болсақ, «алғаш рет, тұңғыш рет немесе бірінші рет» деген сөздерді қолдануға болатын сияқты. Мәселен, Масқатта бірінші рет екі ел Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізілді. Қазақстан мен Оман арасында өзара визасыз сапармен келу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. «Астана опера» театрының алғашқы гастрольдері Оманның мәдени өмірінде үлкен оқиға болып, қазақ әртістерінің өнері жергілікті жұртшылықтың зор құрметіне бөленді. «Тарихта тұңғыш рет» Оман жеріне әуе жолымен Қазақстаннан мың бастай қой-ешкі жеткізілді. Жергілікті халық біздің ет өніміміздің сапасына тәнті болған сияқты, кейіннен қазақстандық ет өнімі өзге де Шығанақ елдеріне жеткізіле бастады.
El.kz:Қазақстан дипломатиясының басты құндылығы неде деп ойлайсыз?
Ержан Мұқаш:Қазақстан дипломатиясының басты құндылығы жайында сөз етсек, менің ойымша, отандық дипломатиямыздың басты құндылығы оның бейбітсүйгіш саясат жүрізуінде. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап еліміздің басшылығы көп векторлы сыртқы саясат жүргізу моделін қолға алды. Оның басы-қасында еліміздің бас дипломаты, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың болғаны белгілі. Дербес дамуымыздың 34-ші жылында бұл саясат өзінің тарихи өміршеңдігін дәлелдеді деп толық сеніммен айта аламыз. Батыс пен Шығыстың ортасында, Еуразия төрінде орналасқан Қазақ елінің салмақты да салиқалы сыртқы саясат жүргізуі, ең алдымен іргелес елдермен тату көршілік қарым-қатынаста болуы бүгінгі аумалы-төкпелі күрделі заманда аса маңызды деп ойлаймын.
Орайлы сәтті пайдаланып, дипломатия майданының алғы шебінде ұлттық мүдделерімізді абыроймен қорғап жүрген әріптетестерімді, Сыртқы істер министрлігі басшылығы мен қызметкерлерін кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтап, жауапты жұмыстарына толағай табыстар тілеймін!
El.kz:Сұхбатыңызға көп рахмет! Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!
Дереккөз: El.kz