Абай елі қандастар көшімен толығады

06 Наурыз 2025

Биыл Абай облысына eрікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында 530 адам қоныс аударды. Оның 310-ы – ішкі қоныс аударушылар. Ал 210 адам Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей елдерінен көшіп келді.

Бүгінде еліміздің теріскейі мен күнгейінде ауыл халқының азаю үрдісі байқалады. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатын­да қазір еңбек күші, мамандардан тапшы­­лық көріп отырған, мектепте бала саны­ның азаюы­нан жабылудың аз-ақ алдында тұрған мекендерге келген әр ағайын­ның қадірі артық екені түсінікті. Мемлекет­тің де межемді ойы осыған саяды. «Қазақ­тар қай жерде өмір сүрсе де, олардың жалғыз Отаны – Қазақстан. Сондықтан шетелде тұратын отандастарымызды қолдау әрқашан маңызды», деген еді Мемлекет басшысы.

Ресми дерекке сүйенсек, биыл Абай облысында мемлекеттік қолдау аясын­да 503 азаматқа көш шығындарын өтеуге бір реттік материалдық көмек көрсетіліп, 152 отбасының тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет шығында­ры өтелген. 112 отбасына тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаттары берілді. Сертификат қаражаты бір отбасына тұрғын үй құ­нының 50%-ы, яғни 1 160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде белгіленген.

«Ерікті түрде өңіраралық қоныс ауда­ру­­шыларға қолдау көрсету аясында жер­гілікті биліктен мемлекеттік жеңіл­дік­тер қарастырылған. Атап айтқанда, көшуге бір реттік материалдық көмек, отағасына, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК беріледі. Ішкі қоныс аударушылар мен шетелден келген қазақтар қажет болған жағдайда техникалық, кә­сіптік оқытуға, қысқамерзімді курстарға жіберіледі», дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар­ды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек.

Сонымен қатар қалаға қоныс аудар­ған­дарға бір адамға 20 АЕК, отбасы мүше­ле­рінің саны екі не төрт адам болса – 25 АЕК, отбасы мүшелерінің саны бес, одан да көп болса 30 АЕК көмек көрсетіледі. Ауылды жерге көшіп барса, бір адамға – 15 АЕК, отбасы мүшелерінің саны екі не төрт адам болса – 18 АЕК, отбасы мүше­­ле­рінің саны бес, одан да көп болса, 21 АЕК төленеді.

«Елімізде алыс-жақын шетелдерден көшіп келген азаматтар «Ата жолы» картасын ала алады. Онымен ел аумағында 10 жыл еркін тұрып, жұмыс істейді, сондай-ақ тұратын аймақты өзінің таңдау мүмкіндігі бар. «Ата жолы» картасы бар шетел қазағы басқа елдің азаматы бола отырып, Қазақстан азаматтарымен тең құқыққа ие», дейді Айман Нұрлыбек.

«Ата жолы» картасының негізі мақ­саты – әр қазақтың тарихи отанымен бай­ланысын нығайту, елге табысты бизнес­мендерді тарту. Мәселен, биыл ел көле­мінде өз ісін дамытуға дайын бизнес-иммигранттар 27 карта алса, сұранысқа ие мамандар осындай 38 картаның иегері атанды.

«2025 жылы қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасымен бағдарлама аясында Абай облысына 499 адамды (244 қандас, 255 қоныс аударушы) орналастыру жос­парланып отыр», дейді өңірлік көші-қон саласының мамандары.

Демек биыл Абай елінде тағы да 500 адамды қабылдауға мемлекеттік жеңілдіктер қарастырылып отыр деген сөз.  

 

Автор: Бақытбек Қадыр

Дереккөз: Egemen.kz

Абай елі қандастар көшімен толығады