Қандастарымыздың азаматтық алуын барынша жеңілдету қажет - депутат

17 Ақпан, 2020

Шет елдердегі қандастарымызды атажұрт – Қазақстанға оралуға шақыру Тұңғыш Президентіміз – Елбасының саяси-әлеуметтік маңызы зор, батыл да дана шешімі болғандығы сөзсіз. Соның арқасында 1 миллионнан астам этникалық қазақ еліміздің Тәуелсіздігі жылдары тарихи Отанына көшіп келіп, жас мемлекетімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты.

Мемлекетіміз қандастарымыздың құқықтарын қорғау, оларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп, қолданыстағы көші-қон заңнамасы уақыт талабына сай жетілдіріліп келеді.

Өткен жылы Үкімет әзірлеп, Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында атажұртқа оралған ағайындардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын одан әрі жеңілдетуге бағытталған жаңа нормалар бар.

Мәселен, қандастарымыздың «оралман» мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алуға қажетті құжаттарды бір мезгілде, яғни бұрынғыдай екі рет емес, бір-ақ рет тапсыруы көзделіп отыр. Сондай-ақ көші-қон, салық және еңбек заңнамасын бұзушылыққа жол беріп, әкімшілік жазаға тартылған қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуына қойылған шектеу алынып тасталмақшы.

Алайда, аталған Заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырыстарында қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуына әлі де елеулі қиындық тудырып, әуре-сарсаңға түсіріп келе жатқан тағы бір өзекті мәселе барлығы анықталды. Ол – ішкі істер органдарының тұрақты тіркеуді талап етуі.

Осыған байланысты шет елдерден көшіп келген этникалық қазақтардың көпшілігі тұрғын үй сатып алуға мүмкіндіктері болмағандықтан, өздерін жекеменшік тұрғын үйлері мен пәтерлеріне тұрақты тіркеуге рұқсат беретін адамдарды іздеп, сол үшін оларға едәуір ақы төлеп, шығындануға мәжбүр. Бұл аздай, кейін көші-қон полициясының қызметкерлері қандастарымыздың тіркелген баспаналарында тұрмайтындығын әшкерелеп, оларға ақшалай айыппұл салып, қосымша шығындандырып жатады. Мұның өзі көші-қон полициясының кейбір қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа ұрынуына жағдай туғызатындығы да жасырын емес.

Осы проблеманы шешу үшін қолданыстағы көші-қон заңнамасына қосымша түзету енгізу талап етілмейді, кейбір нормативтік-құқықтық актілерге ғана өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, Ішкі істер министрінің шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау мәселелері бойынша өтінішхаттарды ішкі істер органдарының қабылдау, ресімдеу және қарау қағидаларын бекіту туралы 2016 жылғы 28 қаңтардағы №85 бұйрығына тиісті түзетулер енгізу қажет.

Осы мәселе бойынша біз, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері болып табылатын бір топ депутат Үкіметке хат жолдап, қандастарымыздың Қазақстан Республикасы азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуына елеулі кедергі болып отырған тұрақты тіркеуді талап етуді алып тастауды, немесе осы проблеманы шешудің басқа ұтымды тетігін жасап, қолдануды сұрадық.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырманның Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасынан

Қандастарымыздың азаматтық алуын барынша жеңілдету қажет - депутат