Данияр Қадыров: Ұлт тұтастығын нығайтатын іс-шаралар көбейе түсті

28 Қаңтар 2025

Былтыр әлемнің әр түкпіріндегі қандастарға қазақ тілінен 600-ден аса онлайн сабақ өткізілген. Нәтижесінде, «Отандастар қоры» шамамен 1 300-дей азаматтың ана тілін меңгеруін жеңілдетіп, төл мәдениетке деген қызығушы­лығын арттыруға ықпалдасқан. Одан қалды ұйымның мәдени іс-шаралардан бас­тап, білім беру бағдарламалары, кәсіпкерлік алаңдарға дейінгі ауқымды жоба­лары шетелдегі қазақтардың атақонысқа оралуына түрткі болған. Осы жайын­да «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыровпен әңгімелескен едік.

– Данияр Рамазанұлы, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының елімізбен байланысын нығайту үшін қандай қадамдар жасалды?

– Әр жыл өз жарқын жетістіктері мен тың жаңалықтарымен есте қалады. 2024 жыл шетелдегі қазақтармен байланыстың жаңа деңгейге көтерілген кезеңі болды. Миллиондаған қандас қоныстанған елдерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қазақ тілін, дәстүрін және руханиятын жандандыру бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылды. Ұлттық мұраны сақтау, шекарадан тыс аймақтарда қазақ болмысын дәріптеу жолындағы ауқымды іс-шаралар қандастарымызды ұйыстыруға, олардың атамекенге қызығушылығын оятуға бағытталды.

Бүгінде шетелдегі қазақ мәдени орта­лықтары – қазақ халқының ұлттық құнды­лықтарын сақтау алаңы ғана емес, сонымен қатар әлемдік қауымдастыққа алаштың бай тарихы мен рухани құнды­лық­тарын танытудың белсенді ортасы. Сон­дықтан бұл орталықтарда ұйымдасты­рылған кезде­сулер, көрмелер мен концерттер тек қан­дастарға емес, шетелдік қауымға да қа­зақ мәдениетін насихаттауға қызмет етеді.

«Отандастар қоры» әлемнің 40-қа жуық елінде орналасқан 200-ден аса қазақ мәдени орталығымен тығыз әрі тұрақты байланыс орнатып үлгерді. Мәселен, былтыр мамыр айында Мәскеуде, маусымда Ыстанбұл, Конья және Анкарада, тамыз айында Бейжің мен Үрімжіде, қазанда Франкфурт, Залах және Венада, қарашада Сингапур, Сеул, Инчхон, Токио және Йокогама қалаларында тұратын қандастармен кездестік.

11-12 қарашада Малайзияда Оңтүстік-­Шығыс Азия елдеріндегі қазақтар­дың тұң­ғыш құрылтайы ұйымдасты­рылды. Оған Малайзия, Оңтүстік Корея, Синга­пурдан 100-ден аса қазақ қатысты. Төл мәдениет пен іскерліктің рәмізіне айнал­ған «Abai Úiı» желісі Түркияның Конья қала­сында ашылды. Бұл бастама қазақ диас­порасының мәдени дамуын ғана емес, эко­но­микалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Қазақ мәдениеті мен тілін шетелдегі қандастар арасында насихаттаудың тағы бір маңызды қадамы – «Әр қазаққа – бір кітап!» акциясы. Науқан аясында Өзбекстан, Моңғолия, Ресей елде­ріне 3 мыңнан аса кітап жіберілді. Туын­дылар қазақ әдебиетінің үздік үлгіле­рін, тілін, тарихын және ұлттық болмысын қамтыды. Осылайша әлемнің әр бұры­шына шашыраған бауырларымыз әдебиетімізбен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

– Қандастардың атамекенге оралуын жеңілдету үшін қандай инновациялық шешімдер қолданылады?

– Этностық қазақтарды ақпараттық қолдау орталығы былтыр 20-дан аса елден және Қазақстанның барлық өңірінен 6 100 өтініш қабылдап, оны шешуге әрекеттенді. Өтініштердің басым бөлігі Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресей мемлекетінен түсті. Орталық қандастарға көші-қон, бейімделу, тұрғын үй, жұмысқа орналасу және кәсіпкерлікті бастау бойынша жан-жақты кеңес берді.

Өңірлер арасында өтініштер санынан Алматы қаласы мен Алматы облысы алда тұрса, Қызылорда және Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш аз. Деректер қандастардың қоныс аудару үрдісінде қай өңірлерге көбірек қызығушылық танытатынын көрсетеді.

Ерекше атап өтерлігі, «Erulik.kz» веб-платформасы шеттегі бауырларымыз­дың атажұртқа қоныс аударуын жеңілдету мақсатында іске қосылған ерекше бас­тама болды. Платформа еліміздің әр өңірінің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы ақпарат береді. Қоныс аударушыларға құжат рәсімдеу, балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыру, медициналық қызметтер алу және кәсіп бастау бойынша нақты нұсқаулықтар ұсынады. Тіпті бос жұ­мыс орындары, тұрғын үй мүмкіндіктері туралы толыққанды мәлімет береді. 2024 жылы қосымшаны мыңдаған қандас қолданды.

– Кәсіпкерлік бастамаларын ілгері­летуде қандай жұмыс атқарылды?

– Былтыр 13 қыркүйекте шетелдегі қандастардың кәсіпкерлік әлеуетін дамыту мақсатында «Отандастар бизнес форумы» өткізілді. Бұл қандас­тарды ел экономикасына тартуға бағыттал­ған маңызды қадам болды. Мақсат – әлемнің әр түкпірінде тұратын қазақтардың кәсіпкерлік идеяларын ортаға салып, еліміздің дамуына үлес қосу мүмкіндігін арттыру. Форумға 12 елден 50 қандас кәсіпкер мен елде табысты бизнес жүргізіп отырған 100-ден аса отан­дасымыз қатысты. Олардың қатарында Еуропа, Түркия, Қытай және ТМД елдерінен келген бизнесмендер бар. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері Қазақстан нарығына шығудың мүмкіндіктері мен кедергілері туралы пікір алмасты.

Түркиядан келген қандас кәсіпкерлер­мен елімізде бірлескен сауда және логис­тика орталығын құру туралы келісім­дері жасалды. Германиядағы қандастар IT саласындағы жетістіктерімен бөлісіп, Big Data және жасанды интеллект жобаларын Қазақстанға енгізу туралы ұсыныстарын ортаға салды. Ал Қытайдан келген биз­нес­мендер экспорттық өнімдерді ілгерілетудегі тәжірибелерімен бөлісіп, елімізге ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспорттау бойынша бірлескен кәсіпорын құруға дайын екенін мәлімдеді.

– Отандастар қоры еліміздің халық­аралық аренадағы беделін арттыруға қандай үлес қосып отыр?

– Халықаралық ынтымақтастықты нығайту, шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды кеңейту және қазақ диас­порасын қолдау бойынша жаһандық деңгейде маңызды қадамдар жасалды. Атап айтсам, өткен жылы 23 мамыр­да Мәскеу қаласында РФ Шетелде тұра­тын отан­дастар және халықаралық гумани­тар­лық ынтымақтастық жөніндегі федерал­дық агенттік (Россотрудничество) басшы­лы­ғымен, 1 шілдеде Анкара қаласында Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдас­тықтар басқармасы (YTB) басшысы Абдул­лах Еренмен, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) басшысы Серкан Каялармен, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшы орынбасары Сайыт Юсуф­пен кездестім. Ал 8 тамызда Өзбек­стан Президенті Шавкат Мирзиёевтің елімізге мемлекеттік сапары аясында Өзбекстан Мәдениет министрлігі жанындағы Ұлт­ара­лық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар жөніндегі комитеті арасындағы өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды.

Сол секілді тамыз, қараша айларында Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяға барып, сол мемлекеттегі диаспора істерімен айналысатын мекемелермен, жергілікті қазақтармен жүздесіп, өзара байланыс­ты нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Жасалған келісімдер мен меморандумдар тек шетелдегі қандастармен байланысты нығайтып қана қоймай, еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыруға ықпал етті. Өйткені бұл ынты­мақтастық – алдағы уақытта бірлескен жаңа жобалар мен бастамалардың аяқ алысы.

– Тағы қандай бастамалар нәтижелі болды?

– Шетелдегі қазақ диаспорасы ба­ла­ларының тарихи Отанына деген сүйіс­пеншілігін арттыру және төл құнды­лықтарға баулу мақсатында жазғы білім беру және танымдық лагерьлер, ана тілін жеңіл меңгеруі үшін онлайн сабақтар ұйым­дастырамыз. Ашып айтсақ, жазғы лагерь­лер бағдарламасы қазақ халқының бай мәдениетін, дәстүрін және өнерін үйренуге бағытталған. Балалар екі аптада қазақ тілі мен тарихын үйренеді, киіз үй тігу, садақ ату, атқа міну, домбыра тарту, қазақ әндері мен билерін орындау, қолөнер бұйымдарын жасау арқылы ұлт­тық құндылықтарды бойға сіңіреді. Ла­герь­дің танымалдылығы жыл сайын ар­тып келеді. 2019 жылы бұл жобаға 150 бала қа­тысса, былтыр олардың саны 250-ге жетті.

Тарихи Отанына оралуға ниеттенген қандастарымыздың балаларына мектеп пәндері оқытылатын Bilimland платформасын жасақтадық. Оған 1 000-нан аса қолдану­шы тіркеліп, оқу үдерісіне белсене қатысты. Бұл да тіл үйренудегі тиімді құралға айналды. Одан бөлек тілдік курс­тар қазақ-орыс, қазақ-ағылшын, қазақ-парсы және қазақ-түрік тілдерінде ұйым­дас­тырылды.

Басты жаңалық – жоға­ры оқу орындарына түсуге арналған ҰБТ тапсыру талаптары қандастар үшін жеңілдетілді. Яғни шектік балл талабы алынып тасталды және олар енді үш пәннен ғана тестілеу тапсырады. Өткен жылы осы игілікті пайдаланып, 4% мемлекеттік квотамен оқуға түскен қандастардың саны екі есеге өсті.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

Дереккөз: egemen.kz 

Данияр Қадыров: Ұлт тұтастығын нығайтатын іс-шаралар көбейе түсті