Қандастарымыздың ана тілге деген құрметі

06 Ақпан, 2020

2019 жылдың жазында Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «ZEREN-2019» Республикалық жастар лагеріне «Отандастар Қоры» шет елден 30 белсенді жастарды шақырған болатын. Соның бірі Дүния деген Иран елінен келген қандасымыз.

Елордамызға алғаш келгені. Айтайын дегенім, қаланы аралап қасында болуымды өтінді. Заттар аламын деп дүкенге кіргеніміз еді, әдеттегідей біздің сатушылар орысша шүлдірлеп шыға келді. Ана тіліне және парсы, ағылшын тілдеріне жетік Дүния орысша мүлде түсінбейтін. Содан мен, өтініш қазақша айтсаңыз деген едім сатушы кешіріңіз мен орыс мектебінде оқыдым( орысша айтты) деп ақталды. Қайран-ай, сол қарындасым үшін қатты ұялдым. Өзге елде, өзге ұлт арасында тұрып, мектебімен қоса екі университетін парсы тілінде оқып аяқтаған Дүния қандасымыз ана тілін жетік біледі. Ал біздің жастар не болса соны сұлтау етіп ақтала береді. Иранда бірде бір қазақ мектебі жоқ. Жәй ғана отбасында ата-анасының тәрбиесімен ана тілін бойына сіңіріп өскен Ирани қандастарымызға қатты ризамын.


Иран қазақтарының басым бөлігі ауызекі түрде қазақша сөйлей алады. Әсіресе, жасы 40-тан асатын аға буын өкілдерінің түгелге жуығы қазақша сөйлей алады. Жалпы Иранда қоғамдық орындарда парсы тілінен басқа тілде сөйлесуге тиым салынған. Балабақшалар, мектептер, жоғары оқу орындарында арнайы тіл мамандықтары тысында парсышадан өзге тілде білім берілмейді. Дегенмен, осыған қарамастан ирандық қазақтардың ана тілдерін ұмытпауы ерекше жағдай. Мұның бірқатар әлеуметтік-мәдени себептері бар.


Біріншіден, Иран қазақтары әрқайсысы әржақта шашырап емес, қалалардың мөлтекаудандарында бір-біріне жақын қоныстанған. Араларында әліге дейін тығыз туыстық қатынас бар. Осы себептен, қазақтар әсіресе аға буын өкілдері бір-бірімен қазақша сөйлеседі.


Екіншіден, қазақтар балаларын балабақшаға бермейді. Мектеп жасына жеткенше балалар үйде қазақша сөйлескендіктен тілі мен бастапқы ойы қазақша қалыптасады.


Үшіншіден, ирандық қазақтардың жасы үлкендері ағайын-туыс арасында ақсақал ретінде үлкен құрметке ие, сол себепті жас буынға үнемі қазақтың тілі мен дәстүрін жас ұрпақтың жадын шегелеп отыратын функцияны мүлтіксіз орындауда.


Төртіншіден, Иран үкіметі қоғамдық орындарда парсы тілі мен мәдениетін міндеттегенімен, отбасы мен жамағат ішіндегі мәдени әркелкілікке барынша толерантты. Мұндай толеранттылық тіптен ирандық еврейлерге де танылғанын атап өткен жөн.


Бесіншіден, ирандық қазақтардың этнос ретінде болмысын жоғалтпауға деген диаспоралық өзін-өзі қорғау түйсігі аса күшті.


Алтыншыдан, қазақтар арасында парсылармен және өзге ұлт өкілдерімен аралас неке мүлдем жоққа тән. Мұның басты себебі, қазақтардың суннни Ханафи мәзхабын қатаң ұстануынан туындауда. Осының нәтижесінде отбасында балалардың тілі қазақша шығып отыр.
2020 жылы «Отандастар қоры» КЕАҚ бастамасымен жүріп жатқан «онлайн» режиміндегі қазақ тілі курсына Ирандық қандастарымыз өте белсенді қатысуда. Сонымен қатар «Отандастар қоры» Иранның Горган қаласынан арнай құралдармен жабдықтап Қазақ класын ашып берді.

«Отандастар қоры» КЕАҚ Білім бағытының жауапты қызметкері Нұрымжан Жұмағазиев.

Қандастарымыздың ана тілге деген құрметі