2025 жылғы 5-8 тамыз аралығында Түрікменстанның Аваза қаласында теңізге шыға алмайтын дамушы елдер жөніндегі БҰҰ-ның Үшінші конференциясы (LLDC3) өтеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Іс-шараға мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, бизнес-қоғамдастық және сауда, көлік және тұрақты даму саласындағы сарапшылардың қатысуы күтіледі.
LLDC деген не және оның маңызы неде
Бүгінде әлемде, соның ішінде Қазақстан да бар, теңізге шыға алмайтын дамушы елдер (LLDC – Landlocked Developing Countries) ретінде ресми танылған 32 мемлекет бар. Бұл елдердің халықаралық теңіз жолдарына тікелей қолжетімділігі жоқ, сондықтан олардың экономикалары логистикалық шектеулерге ұшырайды, көлік шығындары жоғары және транзиттік мемлекеттерге тәуелді.
Форумның мақсаты – шектеулерді еңсеру және әлеуетті ашу
Конференцияның негізгі міндеті – теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің құрылымдық және логистикалық шектеулерін еңсеру жолдарын талқылау, сондай-ақ олардың экономикалық және транзиттік әлеуетін іске асыру бағыттарын айқындау. БҰҰ деректеріне сәйкес, мұндай мемлекеттердің сауда шығындары жағалаудағы елдерге қарағанда орта есеппен 74%-ға жоғары, ал жүк тасымалдау уақыты екі есе ұзағырақ болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде олардың жаһандық саудадағы үлесін өте төмен деңгейде қалдырады — бар болғаны 1,2%.
Алматыдан Авазаға дейін: форумдар хронологиясы
Теңізге шыға алмайтын елдердің проблемаларына арналған алғашқы БҰҰ конференциясы 2003 жылғы 28-29 тамызда Алматыда өтті. Оның басты тақырыбы – «Теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің ерекше қажеттіліктерін транзиттік елдермен ынтымақтастықтың жаңа жаһандық шеңберінде қанағаттандыру» болды.
Негізгі нәтижесі – мұндай мемлекеттерге халықаралық қолдаудың бағыттарын алғаш рет айқындаған «Алматылық іс-қимыл бағдарламасы» қабылданды.
Екінші конференция 2014 жылғы 3-5 қарашада Венада өтті. Онда Алматылық бағдарламаның тиімділігі бағаланып, халықаралық сауда, көлік және логистика саласында жаңа стратегиялар әзірленді. Форум теңізге шыға алмайтын елдердің ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыру жөніндегі жаһандық міндеттемелерді тағы бір мәрте растады.
Аваза іс-қимыл бағдарламасы: жаңа кезең
Алдағы конференцияның басты элементі – 2024 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен 2024–2034 жылдарға арналған Аваза іс-қимыл бағдарламасы болады. Құжат бес басым бағытты қамтиды:
экономиканы құрылымдық түрлендіру
тұрақты инфрақұрылымды дамыту
сауда рәсімдерін жеңілдету
өңірлік интеграция
орнықтылықты арттыру.
Бағдарлама бес флагмандық бастамамен нығайтылған: Инфрақұрылымға инвестиция салу жөніндегі жаһандық қор, Ауыл шаруашылығы зерттеулерінің өңірлік орталықтары, БҰҰ-ның транзит еркіндігі жөніндегі Жоғары деңгейдегі тобы, цифрлық байланыс бастамалары және ДСҰ-ның сауда жөніндегі жұмыс бағдарламасы.
Қазақстан үшін маңызы неде
Әлемдегі ең ірі теңізге шыға алмайтын мемлекет ретінде Қазақстан үшін LLDC3 конференциясына қатысу стратегиялық мәнге ие. Соңғы жиырма жылда еліміз Азия мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз), «Солтүстік-Оңтүстік», «Бір белдеу – бір жол» және басқа да ірі өңірлік жобалардың қатысушысына айналды. Сонымен қатар, Қазақстан Ақтау мен Құрық порттарының инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салды, көрші елдермен және ЕО-мен транзит туралы келісімдер жасасты.
Сондықтан конференцияға қатысу Қазақстанға жаһандық логистикалық картада өз позициясын нығайтуға, басым инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуге, көрші және транзиттік мемлекеттермен әріптестікті дамытуға, сондай-ақ халықаралық сауда архитектурасын неғұрлым әділ әрі орнықты етуге мүмкіндік береді.
Қорытынды: LLDC3 – жаһандық диалогты жаңғырту нүктесі
Авазадағы конференция – теңізге шыға алмайтын елдер үшін ғана емес, жаһандық саудадағы әділетсіздіктің көрінісі. LLDC елдері өздігінен еңсере алмайтын сын-қатерлерге тап болып отыр. LLDC3 аясында қабылданатын шешімдер әлемдік қауымдастықтың шын мәнінде инклюзивті, орнықты және өзара байланысты экономиканы қамтамасыз етуге қаншалықты дайын екенін көрсетеді.
Қазақстан үшін бұл конференция өз позициясын еуразиялық көпір, экспорттық-транзиттік орталық және жаһандық ынтымақтастықтың жаңа архитектурасын қалыптастырудағы белсенді ойыншы ретінде нығайту мүмкіндігі болып табылады.