Тағдырдың сойқан дауылы әр кезеңде қазақ баласын жан-жаққа үйіріп әкеткені белгілі. Алтайдан Қытай ауған, одан Памир асқан, Пәкістан мен Үндістанды жағалап Түркияға әупірімдеп жеткен, кейін Еуропа елдеріне қоныс аударған қазақтың әрқайсысының айтқанына құлақ қойсаң, жан жүрегің езіледі. «Әр қазақ менің – жалғызым» деген сөздің қадірін осындайда тіптен ұғына түскендей боласың. Қазақ даласының бір түп жусанының исін сағынған талай қазақ баласы шекараларды жалғаған ауыр да азапты көшін түзеп әлемнің әр қиырында кіші отаны – қара шаңырағын қалқитты, Атамекенінің тілегін тілеп жүріп өз шаңырағын биіктетті, Ұлы Отанын тілек-дұғасынан тастамай тамыр тартқан жерінде тіршілігін жалғады. Тәуелсіздік алып, ел еңсесі тіктелгенде шетте жүріп көзіне жас алып, тілек-дұғасын айтып қуанған да – дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап кеткен өз қазағымыз еді.
Ал қазір дүние реңкі өзгерген, қалалар былай тұрсын, құрлықтар арасы жақындаған. «Жылдам хабар алғызған» интернетіңізден қай елдің де хат-хабарын баспа, аудио, видео нұсқасында еш қиналмай оқи, тыңдай, көре аласыз. Жүрегі сағыныштан сартап болған алыстағы ағайын Қазақстанның да жаңалығын кедергісіз көре алады дейтін заман. Сонда да туған жердің қадірі бөлек, туған елге деген олардың да көңілі ерек. Ұлыбританияға ең алғаш қазық тіккен қазақ диаспорасы бұл елге келгеніне 50 жыл толу мерейтойын ерекше қуанышпен атап өтті. Әрине, мұндай мерекеде Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы да сөз айтылуы заңды. Біздіңше, мерейтой болмаса да, дербестіктің 32 жылы оларға айрықша.
Түркиядан Ұлыбританияға қоныс аударған қазақтардың басын қосқан жиынға 31 желтоқсанда бардық. Бұл жақта жаңа жыл тек күнтізбе ауысатын мереке. Сондықтан Лондонның төрінде бас қосқан қазақтар жаңа жылдан бұрын Лондонға орнығудың елу жылына көбірек көңіл бөлгені де заңдылық іспетті көрінді.
Аласапыран заманда тағдырдың дауылы айдап, Алтайдан Түркияға, ал одан кейін Ұлыбританияға көшіп кеткен қандастарымыз Лондонда бас қосып, өткенге салауат айтып, байырғының аманатын да ұмытпағанын көрсетті.
Ең алдымен, өткеннің естелігін жеткізген деректі фильмді тамашаладық. Онда Алтайдан Қытай ауған, одан ұзақ жолды шиырлап Түркияға қоныстанған қазақтардың ауыр да азапты тағдыры сыр болып шертілді. Өткеннің қиындығы мен осындай ауыр жолдағы қазақтың құрбаны да сөз болды. Одан соң, әрине, осынау азапты һәм қазақтың болашағы үшін үлкен құрбандықтарды талап еткен жолда шейіт болғандардың рухына бағышталып құран оқылды.
Ұлыбританиядағы қазақ жастары – түрік мектептеріне барған, қоғамдық ортада ағылшынша сөйлеп өскен ұрпақ. Қазақша сөйлеуі қиындау болса да Отанға деген сағынышы жанарларында сайрап тұр. Қазақстан туралы куиз сұрақтарына ыждағатпен жауап беріп жатқан оларға көз тастап әлемнің әр бұрышында Ұлы Отанының амандығын тілеп жүрген қаншама жүрек барын ойлап әрі жаның ауырады, әрі ерекше сүйсінесің. Алтайдан Қытай асып, Түркияда орын теуіп, одан Ұлыбританияға қоныс аударған қазақтардың төртінші буыны қазір Лондон көшелерінде көзін жұмып жүріп өз шаңырағын адаспай табады. Ағылшыншаға да, түрікшеге де судай. Қазақ әнін ести қалса сазына елітіп қалт тұра қалады. Қазақша «Балапан» арнасын көреді. Ата-апасынан қазақ сөзін естиді, қазақ үнін жүрегінің ең бір түкпіріне қаттап есейіп келеді.
Иә, «елу жылда – ел жаңа» деген осы шығар...
Әбдісәлім Саваш – Ұлыбритания қазағы. Қандастарымыздың басын біріктіретін қауымдастыққа төрағалық етеді. Ата-анасы нәубетті заманда Алтайдан Түркияға көшкен. Түркиядағы экономикалық жағдайдың қиындауына байланысты 25 жасында Ұлыбританияға жұмыс іздеп келген. Әңгіме барысында Лондондағы қазақтардың мәселесі, қазақ тілін үйренудің жағдайы, бас қосудың артықшылықтары туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
– Бүгін тарихқа қайта үңіліп, халқымыздың бастан кешкен қилы-қилы кезеңдерді еске алдық. Түркістаннан Үндістан мен Пәкістанға, одан кейін Түркияға көшкен, ақыр соңында Еуропа елдерінде тұрақтаған қазақ баласы туралы өскелең ұрпаққа айтып бердік. Тарихымызға байланысты викториналық ойындар өткізіп, жеңімпаздарды сыйлықтармен марапаттадық. Иә, жас буын салт-дәстүрімізге берік болғанымен, ана тілінде сөйлеуге келгенде біраз қиналады. Қазақша түсінеді, бірақ ойын еркін жеткізе алмайды. Өзара түрікше, ағылшынша сөйлеседі. «Түрлі тілдік курстар ұйымдастырылғанымен, олардан пайда аз. Шетелге тарайтын қазақ тіліндегі телевизиялық арналарды көбейтсе деп армандаймыз. Ата-анасымен үйде отырып, теледидар көрген бала қазақ тілін үйренбей қоймайды.
Заманында 20 мың кісі Алтайды тастап шыққан екен. Гималайда сүйегі қалған қазақ көп. Көп қиыншылық көрген қазақтың да естелігі өте ауыр. Бұл ұлы сапарда қазақтың қаны судай төгілді. Әкелеріміз қазақ халқын сақтау үшін қаншама қиналды. Біз сол қиындықты өз құлағымызбен естіп, әкелердің көз жасын көріп, ұлы арманын жүрегімізге сіңіріп өскен ұрпақпыз. Біз ішімдік ішпейтін, қазақ тілін құрметтейтін, Отанымыздың әрбір қуанышына тілектес болып, әр қиындығына жанымыз езіліп ауыратын буынбыз. Әкелерімізден Қазақ елі деген Отанымыздың барын, сол Отанда Жерұйықтай жеріміз барын, ғажайып еліміз барын естіп, біліп жетілген едік.
Иә, бастапқыда Лондонда қаламыз деп ойламадық. Ақша құрап, Түркияға қайтамыз, әке-шешеміздің жанында боламыз дегенбіз. «Отандастар қоры» бізге қазақша үйреніңіздер дейді. Кирилл қарпімен қазақшаны оқығым да, үйренгім де келмейді. Ол бір отарлық қамытты киген қаріп сияқты болып көрінеді. 2025 жылдары латын қарпіне көшеміз деген сүйінші хабарды естіп қаламыз, соны қуанып күтіп жүрміз.
Әлі есімде 1995 жылы Лондонға консул келген соң, амандасайық деп бардық. Қал-жағдайымызды сұраған соң, «Аға, не қызмет істейсіздер?» – деп сұрады. Оқымасақ та осында келіп өз еңбегімізбен жетіліп, қазір кішігірім кафе ұстаймыз. Бірақ оқудың аты оқу емес пе, «Қара жұмыс қой», – дедім. Консулға Алла разы болсын «Қара жұмыс деп айтпаңыз, адал еңбегіңізбен нан тауып жүрсіз, сіздің жұмыс ең бағалы жұмыс», – деді. Осында тұрақ тепкен соң ұрпағымызға «Біз оқи алмадық, енді сендер оқыңдар. Жоғалып кетпеңдер» деп құлағына құйып өсірдік.
Қазір «Болашақ» стипендиясымен оқуға келген жастарды көріп сүйсінеміз. Оқысын, білімін ұштасын.
Біз аз қазақты дінге, ділге, көзқарасқа бола бөліп-жармай, бәрін жақсы көреміз. Шетелде жүрген бізге қазақ сондай қымбат. Қазақстанда қазақ көп, сондықтан көп қазақтың қадірін білмейтін сияқты көрінеді.
Кирилл қарпіндегі әдебиеттерді, баспасөзді оқи алмаймыз, біз латын қарпіне үйренгенбіз ғой. Қанша теледидар бар, соны көреміз. «Хабар 24» арнасы екі сағат орысша, екі сағат ағылшынша, екі сағат қазақша сөйлейді. Әйтеуір қазақ тіліндегі хабарға сирек қосыламын. Шетелдегі қазақтарға арналған қазақша хабар көбірек болса дейміз. «Балапан» арнасын Ютубтан көреміз. «Шалқар» радиосын тыңдаймын. Интернеттен тыңдаймын. Жастарымыздың қазақ тілін жақсырақ біліп кетуі үшін бізге қазақ тіліндегі радио керек дер едім. «Отандастар қорының» басшысы Абзал Сапарбекұлы мырзаға да осы ойымды айтқанмын. «Шалқардан» өлең, сұқбат тыңдаймыз. «Шалқар» радиосы білімді адамдардың сұқбатын көп береді, рақмет. Дегенмен, шетелдегі жастар да тыңдайтын ән берсе, тамаша ғой. Біздің жастар сәл басқа әнге құлақ қойғанды ұнатады. Сол үшін Еуропа қазақтарына арналған бір радио керек-ақ.
Лондонда балаларымыз дүниеге келді. Осы жердің мектебіне барды. Немерелеріміз де осы шаһардың төл баласы. Бес күн осындағы мектепке барады. Екі күн демалыстың бір күнінде мешітке жібереміз, бір күнінде демалады. Енді байқасақ, біз осы жерге тамыр жайып үлгеріппіз. Қандай болған күннің өзінде де Ұлыбритания қазақтарының жүрегі туған жер деп соғады...
Ұлыбритания қазақтары қауымдастығының мүшесі Исмаил Кесижи бізге мұндағы қазақтардың саны, олар бас қосатын мерекелер туралы айтып берді:
– Лондондағы қазақ диаспорасына 50 жыл деп жатырмыз ғой. Сонда Лондонға қазақ диаспорасы 1973 жылдары табан тіреген болып шығады. Ал мұнда Түркиядағы қазақтардың көптеп қоныс аударуы 1986 жылға сәйкес келеді. Себебі Түркияда үлкен дағдарыс болып 1986 жылдың алтыншы айынан қазақтар көптеп келе бастады әрі сол кезеңде Лондонда текстилге сұраныс та көбейе түсті. Яғни қазақтар мұнда келіп бірден жұмысқа ден қойды.
Кейінірек ресми түрде қазақ қоғамдастығын құрдық. Бастапқыда қырғыз ағайындарды да жақын тартып, олармен бірге іс-шаралар ұйымдастырып жүрдік. Футбол ойнадық. Санымыз аз демедік, кім бар, соларды қатарымызға жатырқамай қосып, түрлі жарыстарға қатыстық. 2009 жылы Ұлыбритания қазақтарының кіші құрылтайын өткіздік. Сингапурдан, Иорданиядан қазақтар келді. 2015 жылы Еуропаға оқу-білім іздеп келген, осында қоныс аударған қазақтардың бәрінің басын қостық. Қазақтың туғаннан өлгенге дейінгі дәстүрін кейінгі ұрпаққа таныстырдық. Ағылшынша, немісше, французша, орысша сөйлейтін жастардың басын қосып едік, қазақ баласы қай жерде болсын бауырмал ғой, бір-біріне бірден бауыр басып, тіптен құрылтай аяқталса да кеткісі келмей қалды. Салт-дәстүрлерге берік болғанымен, ана тілінде сөйлеуге келгенде жас буын қиналады. Қазақша түсінеді, бірақ ойын еркін жеткізе алмайды. Өзара түрікше және ағылшынша түсініседі. Бірде «Болашақ» арқылы оқып жүрген қазақ жастарын іздеп Оксфордқа бардым. Пәкістандық таксист екен, «Осындай оқып жүрген қазақ жастарын білесің бе?» – десем, «Орысша сөйлейтін қытайлар ма?» – дейді. Бізді де «ағылшынша сөйлейтін қытайлар ма?» – дей ме деп алаңдаймын. Сондықтан Еуропадағы қазақ жастарының қазақша сөйлеуіне, тіл білмесе үйренуіне барынша жағдай жасалса ғой деп армандаймын.
Қазір Лондонға Түркия арқылы келген қазақтардың өзі алпыс үйге жетті. Шетелге тұрмысқа шыққан елуден аса қазақстандық қыздарымыз бар. Оған осында түрлі жұмыс істеп жүрген 60-70 қазақ шаңырағын қосыңыз. Әйтеуір ешкімді бөліп-жармай, бәрімен емен-жарқын кездесіп, қазақ тілінде шүйіркелесіп алатынымызға разымыз.
Қауымдастық бұрын бейресми ұйым болатын. 20 жыл бұрын тiркеуден өтiп, содан бері заңды тұлға ретiнде iс жүргiзiп келеді. Отбасылық жағдайымен немесе жұмыс бабымен осында уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар да қауымдастық ұйымдастырған іс-шараларға белсенді араласады. Республика күнiн, Наурыз және айт мерекелерін бірге атап өтеді.
Қарагөз СІМӘДІЛ
Толық оқу үшін: https://anatili.kazgazeta.kz/news/62594