Сенатор Мұрат Бақтиярұлының мәлімдеуінше, Қазақстанға шетелден 1,5 миллион этникалық қазақ тұрақты қоныс аударғысы келеді екен. Сондай-ақ, шет елдерде 7 миллион этникалық қазақ тұратындығын, оның Қазақстандағы 18,5 миллион халықтың 38 пайызын құрайтындығын сенатор атап көрсеткен.
Соңғы жылдары ұлты қазақ жастардың шетелдерге қоныс аударуға қызығушылығы арта түсуі соншалықты көңіл көншітерлік жағдай емес. Осыншама кең байтақ мекені бола тұра бүкіл қазақтың тең жартысы жат елде тұрып жатса, қалай болғаны? Олай болса, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай көші-қон үрдісін жандандырудың қандай тетіктері бар дегенге бас қатыратын уақыт келді.
Көрші Ресей шетелдегі отандастарын қолдаудың түрлі шараларын қолға алып жатыр. Қандастарының азаматтық алу мүмкіндіктерін жеңілдетуді де қолға алыпты. Әрине, онысы кездейсоқтық емес. Қоғамдағы баға жетпес ең үлкен құндылық адам ресурсы екенін біліп отыр. Біздің елдегі өзге ұлт өкілдерінің арасында да тарихи Отандарына қоныс аударуға мүдделі азаматтардың болуы заңдылық және олардың да өз таңдаулары бар.
Олай болса, шетелдерден Қазақстанға келемін дейтін қазақтарға біздің өкімет шекарадан өте салысымен азаматтық беру жағын қарастыру керек секілді.
Сондай-ақ, ата мекеніне оралған қазақтардың бизнеспен айналысуларына, аграрлық салада кәсіпорындар ашып, іс жүргізулеріне мемлекет тарапынан заңдық-құқықтық қолдау жасалуы қажет деп білеміз.
Жалпы, біздің ел үшін жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға мейлінше ден қоятын уақыт жетті. Себебі, мұнай мен газдың дәурені бітіп, базардан қайтып барады.
Сайып келгенде, материалдық өндірісті дамытып, экономиканы өрге сүйреудің шешуші тетігінің өзі еңбек күші мен адам факторына келіп тірелетіні дәлелдеуді қажет етпесе керек.
Сондықтан, шетелдегі бар қазақты елге тартудың ең тиімді жолдарын қарастырудың маңызы зор болмақ.
Дереккөз: https://web.facebook.com/pg/baq.kz/posts/?ref=page_internal