Қазақтың ұлттық ойындарын сәнге айналдырып, жаңа тынысын ашқан Айнұр Полатова бүгінде Louis Vuitton-ның назарына ілінген жас стартап иесі ретінде танылып келеді. Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының тумасы Айнұр Talapai деп аталатын жобасы арқылы бес ұлттық ойынды жинаған. Бұдан бөлек, ол киіз үйдің LEGO нұсқасын жасап, ұлттық болмысты әлемдік брендпен байланыстырмақ. Ұлттық ойындарды трендке айналдыруды мақсат еткен Айнұрмен идея, еңбек және болашақ жоспарлары туралы сұхбаттастық.
Қазақ филология факультетінде білім алдым. Студент кезімізден оқытушыларымыз қазақ тілін насихаттау бойынша жиі сөз қозғайтын. Үнемі жастардың антикафеде жиналып, шетелдік үстел ойындарын ойнап отырғанын көріп, қызыға қарадым. Сол кезде менің ойыма бірден “Неге біз де осындай форматтағы өз ұлттық ойындарымызды ойнатпаймыз? Қазақша үстел ойындары бар ма? Олар қалай көрінеді? Қалай дамытуға болады?” деген сұрақ туындады. Осы сұрақтар мені қатты толғандырды. Сол сәттен бастап ізденісім басталды.
Бірақ біздің ұлттық ойындарымыз, негізінен, көшпелі өмір салтына бейімделген: көкпар, қыз қуу, теңге ілу сынды ат үстіндегі ойындар көп. Ал үстелде отырып ойнайтын ойындар санаулы – мәселен, тоғызқұмалақ. Оның өзі мектеп кезінен-ақ таныс: сыртқы қорабы көк, ішіндегі тастары қара, пластмассадан жасалған. Мен үшін аса тартымды болмаған. Қазіргі балаларға да қызық болмауы мүмкін. Сондықтан осы ойындарды жаңа форматта, әдемі әрі заманауи етіп, қайта жасап шығару идеясы туды.
Ұлттық ойындарды зерттеу оңай болмады. Кітапханаларға барып, энциклопедиялар ақтарып, ескі дереккөздерді іздестіре жүріп, этнографтармен кездесіп, біраз мәлімет жинадым. Соның нәтижесінде, ұмыт бола бастаған тоғызқұмалақ, бестемше, бестас сияқты, әсіресе асықпен ойналатын ойындарды таптым. Оларды жаңа стильде бейімдеуге болатынын түсіндім.
Мақсатым – бір жағынан осы ойындарды заманауи үлгіде қайта тірілту, екінші жағынан – оларды қазақ тілінде жүргізу арқылы тілдік орта қалыптастыру. Яғни бұл ойындар тек көңіл көтеру құралы ғана емес, қазақы құндылықты сіңірудің де тәсілі болмақ.
Ойындардың барлығын жинақтап, дизайнын дайындап қойғаннан кейін, жобаның атауын таба алмай ұзақ ойландым. Ешқандай бренд, логотип дайын емес еді. Жобаны одан әрі ілгерілету үшін атау қажет болды. Сол кезде ойыма кенеттен «Қан талапай» деген қазақтың ұлттық ойыны түсті. Бұл — асықпен ойналатын, бәрімізге таныс ойын. Асықтарды шашып жіберіп, кім көп асық жинайды — сол жеңеді. Ол ойында айтылатын:
«Талапай-ау, талапай,
Табылды ойын, алақай!»
деген сөздер менің ойымда жатталып қалыпты.
Осы жолдарды қайта-қайта қайталап отырып, мен:
— Міне, мен қазақтың ұмыт болған ойындарын таптым! – деп қуанғанымды анық есімде сақтап қалдым.
Сөйтіп, жобаның атауын «Талапай» деп атауға шешім қабылдадым. Себебі «талапай» сөзі — бір нәрсені бөліп алу, таласу, ортақ пайдалану деген мағыналарды білдіреді. Бұл менің жасап жатқан жобамның мән-мағынасына дәл келді.
Бастапқыда жоба тоғызқұмалақ, бестас, құмар, бестемше сияқты бірнеше ұлттық ойындармен басталды. Әуелі төрт ойын дайындадым, бірақ кейін бестемшені екі түрге бөліп, оны ерекше бағытта дамыттым.
Тоғызқұмалақ – баршаға белгілі, бұрыннан келе жатқан ұлттық ойын. Ол көптеген ресми шараларда да айтылып жүр. Сондықтан мен басқа, сирек танылатын, ұмытылып бара жатқан ойындарға көбірек мән бергім келді.
Құмар — асықпен ойналатын ойын түрі. Кейбір ойыншылар бестасты сатып алып, сол арқылы құмар ойынын да ойнай алады. Бірақ мен құмарға біршама ерекшелік енгіздім:
– тастары кішкентай және қолдан жасалған;
– арнайы пішінделген асықтар дайындалған;
– ойын барысында әртүрлі тәсілдермен тастарды бір қырымен түсіру арқылы ойнатылады.
Бұл тәсіл ойыншыны қызықтырып, құмарын тарқатпай, қайта ойната түсетіндей етіп жасалған.
Бестемше — негізінен тоғызқұмалақтың ықшамдалған нұсқасы іспеттес. Оны Мақсат Шотаев ағамыз дамытып жатыр. Мен бұл ойынның жұқа қағаздан жасалған, сувенирлік түрін де дайындадым. Жалпы мағынасы жағынан бұл — бестекше деген сөздің түрленген нұсқасы. Бүгінгі тілмен айтқанда, егер тоғызқұмалақ – дәстүрлі, ауқымды ойын болса, бестемше – оның ықшам, заманауи әрі визуалды түрлендірілген нұсқасы. Екеуінің ережесі де ұқсас, бестемшеде 5 отау, бес тастан тұрса, тоғызқұмалақта 9 отау, тоғыз тастан тұрады. Мұндай ойындарды жасау арқылы мен әр ойынға ерекше мағына беруге тырыстым. Барлық ойындарда қазақтың дүниетанымы, салт-санасы мен таным-түсінігі көрініс табуы тиіс деп есептеймін.
Мен зерттеген ойындардың әрқайсысында қазақ халқының дүниетанымы, салт-дәстүрі мен өмір сүру салты терең көрініс тапқан. Мысалы, тоғызқұмалақ пен бестемше ойындарына қарасаңыз, оларда қазақы ойлау жүйесі айқын аңғарылады:
Былай қарасаңыз, бұл ойындарда қазақтың бүкіл таным-түсінігі жатыр. Осыдан кейін мен бестемшенің екі түрін шығаруды ойладым.
Мен барлық ойындарды тоғызқұмалақ сияқты параллель форматта, жеңіл түрде ұсынғым келді. Кейбір ойындарды сәл күрделендіріп, шеберлікті талап ететін элементтер қосуды жөн көрдім. Мысалы, бір нұсқасы маған тұмарды еске түсірді. Сондықтан оның атауын «Тұмар бестемше» деп қойдым.
Бірақ бұл идеяны жүзеге асыру оңай болмады. Ең алғашқы әрі маңызды қиындық — жақсы шебер табу мәселесі еді. Себебі бұл салада дайын дүниемен жұмыс істеуге бейімделген адамдар өте аз. Көптеген шеберлер өз шеберханасында тек жиһаз жасап үйренген, ал мүлдем жаңа дизайндағы өнімдерге бейімделе қоймаған.
Одан кейінгі мәселе – материал таңдау. Мен ол кезде небәрі 21 жаста едім. Қандай материалдан жасау керек? Оны қалай өңдеу керек? Барлығын біріктіріп, үйлестіру, функционалды, бірақ эстетикалық тұрғыда да тартымды өнім жасау – оңай шаруа емес.
Ең қиыны – тас таңдау болды. Мен ерекше жылтыр тастармен жасағым келді. Оның көлемі де, сапасы да маңызды. Алғашында моншақтардан бастап көрдім. Кейін түрлі үлгілерді Қытайдан алдырып көріп, тәжірибе арқылы жинақтадым. Ол жерде де қателіктер болды: кейбірі тесік, кейбірі тым ауыр, кейбірінің көлемі келмеді.
Уақыт өте келе, мен түрлі көрмелер мен фестивальдерге қатыса бастадым. Басқа шеберлермен танысып, пікір алмастым. Алматыда «Otyrar Ceramics» деген қыш бұйымдар жасайтын шеберхана бар. Сол жердің негізін қалаушы Данияр есімді азаматпен көрмеде танысып, ол маған үлкен кеңес берді. Барлығын қыштан жасауға кеңес етті.
Қазір мен сол кеңес бойынша өз ойындарымды шын мәнінде қыштан жасап жүрмін. Әрине, бұл ұзақ уақытты, шеберлік пен табандылықты талап етеді. Бірақ менің қазіргі мақсатым – әрбір ойынға үлкен мән қосу. Менің қазіргі концепциям - мен ойын сатпаймын. Мен мағына сатамын. Яғни, сіз бір ғана ойынды алған кезде, бұл жай ғана сувенир немесе қарапайым ойын емес, бұл – бір тұтас философия. Бұл – қазақ халқының дүниетанымын бойына сіңірген, терең мәні бар дүние.
Мен жасаған әрбір ойынды жай ғана тауар ретінде емес, мағынасы бар, оқиғасы бар дүние ретінде көремін. Мысалы:
Былайша айтқанда, мен бір ғана ойынды жасағанда Қазақстанның әрбір өңірінен бір бөлікті алып, соны бір ойынға тоғыстырамын. Осылайша, сол ойынды сатып алған адам Қазақстанның рухын бойына сіңірген бір дүниеге ие болады. Егер сатып алушы шетелдік болса – ол үшін бұл нағыз символикалық сыйлық.
Мысалы, ойын тақтасын ашқанда ағаш пен балдың хош иісі шығады. Бұл да – ойластырылған нәрсе. Сатып алушы тек көзбен емес, иіспен, қолмен, жүрекпен сезінуі тиіс. Бұл – толыққанды концепция.
Менің басты мақсаттарымның бірі – осы ұлттық ойындар арқылы қазақ тілін насихаттау, оны балалар мен ересектерге етене жақын етудің жолын табу болды. Бұл ойындар – тек ермек емес, қазақ дүниетанымын, салт-дәстүрін, тілді үйрететін құрал.
Бір жағынан, бұл – ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды жаңғырту,
екінші жағынан – қазақ тілін қолдану аясына енгізудің табиғи әрі қызықты тәсілі.
Көптеген орыс тілді балабақшалар мен мектептерде біз осындай ойындарды таныстырып жүрміз. Түрлі қалаларда, соның ішінде орыс тілді мектептерде де тұрақты түрде іс-шаралар өткіземіз. Сондай-ақ әзірбайжан, түрік, татар мектептерімен де байланыс орнатып, ұлтаралық мәдениетаралық диалогқа да ықпал етіп отырмыз. Кері байланыстар өте жақсы.
Стартаптың алғашқы кезеңдері
Бұл жобаны бастаған кезде мен тек 21 жаста едім. Стартап құру туралы түсінігім мардымсыз еді. Қасымда команда болмады – бәрін өзім істедім:
Бастапқы кезде ешкім танымайтын, мектептер де бірден келісім бермейтін,
ақпарат құралдары да қызықпаған. Барлық есік жабық көрінді. Сонда мен ойланып, «егер адамдар бұл ойынның сыртын ғана көріп қызықса, онда оны көркемдеу керек. Ол сырттай – әдемі сөмке сияқты көрінсін, бірақ ішінде – ұлттық ойын болсын» деген шешім қабылдадым. Осылайша бұл идея да біртіндеп танымал бола бастады. Мен үшін бұл – ойын ғана емес, бұл – мәдени миссия. Әрбір ойын – бір әңгіме, әрбір тастың өз тарихы, әрбір материалдың өз өңірі бар. Сол арқылы мен бір ойынға бүкіл Қазақстанның рухын сыйғызғым келді.
Бұл жобаның мақсаты – қазақ халқының ұмытылған ойындарын қайта жаңғырту ғана емес, сол арқылы тілімізді, дәстүрімізді, дүниетанымымызды бүгінгі ұрпаққа жаңа форматта жеткізу.
Бәрі тығырыққа тірелген кезде, мен өз-өзіме «Неге осындай үлкен брендтерге хат жазып көрмеске?» деген сұрақ қойдым. Солай отырып, мен Louis Vuitton компаниясына хат жаздым. Себебі олар интеллектуалды стильдегі жобаларды қолдайды, шахмат және басқа да тақырыптарға жиі коллаборациялар жасайды. Олар тіпті Моңғолияға барып, этностық элементтерді зерттейді. Бұл мені шабыттандырды. Мен де киіз үй стилінде сөмке жасауды ұсынғым келді. Хатты жазғанда ешқандай үміт болмады. «Мүмкін жауап келмес» деген ой да болды. Бірақ «неге көрмеске» деп тәуекелге бел будым.
Хатты жазып жіберген соң, жауап келді. Алғашында мен бұған аса мән берген жоқпын. Қарапайым автоматты хат шығар деп ойладым. Бірақ уақыт өте келе байқадым. Бұл кәдімгі, менің аты-жөніммен жазылған, ресми хат. Онда телефон нөмірлері, байланыс деректері де көрсетілген. Содан мен біртүрлі күй кештім – қуаныш пен таңданыс қатар келді.
Бұл халықаралық жоба мен үшін үлкен серпіліс болды. Парижге барғанымда менеджерім маған былай деді:
«Сенің қазіргі жасап жүргенің – бұл бір тарихи іс. Мүмкін, сен бұны жай ғана ойын ретінде көріп жүрген шығарсың. Бірақ болашақта бұл – мәдени құбылыс ретінде есте қалады».
Осы сөздер мені терең ойға батырды. Бұл енді жай ғана ойын емес еді. Бұл – өзімнің жеке тарихым, ұлттың мәдени коды, қазақ дүниетанымының жаңа форматы. Содан бері өз жобамды халықаралық деңгейде таныстыруға күш салып келемін.
Қазір бізде идея көп, мақсат та аз емес. Солардың бәріне біртіндеп жетеміз деген үміттеміз.
Ойындарды зерттеп, дамыту барысында байқағаным — шамамен 12 жастағы балалар қазақтың ұлттық ойындарына қызығады. Бірақ кішкентай балалар үшін бұл ойындар жеткіліксіз дамытылған. Ал 12 жастан кейін олардың қызығушылығы азаяды, бәрі лего ойнайды. Бізде неге қазақша лего жасамасқа? Осы оймен фанерадан киіз үй тәріздес конструктор жасап шықтым.
Негізгі мақсат — қалалық балаларға киіз үйдің не екенін көрсету, оның құрылымын түсіндіру. Ұлттық мейрам Наурызда немесе басқа да кездерде арнайы құрастырылатын ойын құралы ретінде ұсынуға болады деп шештім.
Бір кішкентай інім: «Біз бұрын көшпенді халық болсақ, осындай алып киіз үйді қалай алып жүрген?» деп сұрады. Сонда мен бұл үйдің қолдан қалай құрастырылатынын айтып түсіндірдім. Бұл әңгімеден кішкентай балалардың көпшілігі киіз үйдің бөліктерінен хабарсыз екенін ұқтым. Одан әрбір бөлікті жеке-жеке жинайтын, керегесі, уығы, шаңырағымен толық конструкция жасалды. Бұл конструктор дайын болған соң мен «бұл жобаны неге LEGO деңгейіне жеткізбеске?» деген ойға келдім.
Содан кейін LEGO компаниясының халықаралық идеялар сайысына қатысу үшін ресми сайтқа тіркеліп, жобамызды ұсындық. Бұл сайтқа бүкіл әлемнен өз идеяларын жүктеп, 10 мың дауыс жинап, соңында LEGO-ның ресми жиынтығына айналу мүмкіндігі бар. Біз де осы жолмен жүріп келеміз.
Ал киіз үйіміз Орта Азия көшпенділерінің мәдениетін таныстыра алатын дүние. Бірақ уақыт өте келе бұл дүние жоғалып кетуі де мүмкін. Егер ол LEGO жиынтығына айналса, бұл тарихта қалатыны анық. Киіз үйімізді мәңгілік мұра ретінде сақтағымыз келді. Ерте ме, кеш пе, бұл біреудің қолына өтеді. Бірақ менің мақсатым — ол бізден шықса екен деймін.
LEGO сайтында тіркеліп, қатысу үшін біраз уақытымыз кетті. Бірақ бұл тек бастамасы ғана. Біз болашақта LEGO-ға басқа да жобаларымызды ұсынғымыз келеді. Осы арқылы Қытай, Өзбекстан және басқа елдерден де қызығушылық байқалды. Бұл жобаның тек Қазақстанға ғана емес, басқа елдерге де ортақ болуы маңызды.
Қазіргі таңда біз LEGO идеялар сайысында дауыс жинап жатырмыз. 6000 дауыс керек. Бастапқыда бұл жобаны жарнамасыз, әлеуметтік желісіз дамыттық. Енді ғана әлеуметтік желілерді қолдана бастадық. Бірақ таргет жарнама жасамадық.
Жобаның атауын «Nomad Yurt» деп қойған себебіміз де жоқ емес. LEGO үшін 20 миллион халқы бар Қазақстан аз көрінуі мүмкін. Бірақ бұл жоба немістерден, өзбектерден, басқа да ұлттардан қолдау тауып жатыр. Бұл тек қазақтар үшін емес, әлемге қызық жоба екенін дәлелдегіміз келеді. Яғни 20 миллион емес, 500 миллиондық аудиторияны көздейміз.
Басында патент мәселесі туралы көп ойландым. Бірақ патент тек ойын ережесіне емес, дизайн мен идеяға байланысты екенін түсіндім. Егер өнімнің өзіндік дизайны болса, оны заңмен қорғауға болады. Ал біз бір жаңа технология ойлап таппадық. Бұл — жай ғана идея, бірақ оған көп уақыт пен күш жұмсалды.
Ұлттық ойындарды заманауи трендке айналдыру керек. Қазіргі таңда ұлттық ойындардың сәннен тыс қалуы — нарықтың жоқтығынан. Біз алдымен ұлттық ойындар нарығын қалыптастырып, сосын ғана оны трендке айналдыруымыз керек.
Ұлттық ойындардың мағынасын сақтау үшін, оның мәдени, танымдық ерекшеліктерін де жеткізу керек. Ол үшін ерекше технология керек. Бұл жерде жасанды интеллект пен заманауи құралдарды қолдану ойымызда бар.
Жастарды экран алдынан ұлттық мәдениетке тарту үшін күнделікті өмірде көретін, қолданатын заттар арқылы бағыттау қажет. Бұл — бір ойынмен шектелмейтін, кешенді түрде жүзеге асатын, сатылы жүйе болуы керек.
Алдағы бес жылда біз тек LEGO емес, басқа да ойын жиынтықтарын жасау жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде біз ойындарды көбінесе сувенир ретінде ұсынып келеміз. Болашақта осы бағытты толықтай қолға алып, жобамызды Қазақстанда шоғырландырғымыз келеді.
Бүгінде көп нәрсе Қытайда өндіріледі. Бірақ біз болашақта барлық компоненттерді — ағашы, темірі, шегесіне дейін — Қазақстанда жасалатындай еткіміз келеді.
Қазақстан жастары үшін орта мен мүмкіндік болуын қалаймыз. Екі жарым жыл бұрын мен креативті индустрия туралы мүлдем бейхабар едім. Ал қазір бізде бұл бағыт даму үстінде. Осыдан үш жыл бұрын айтқан идеяларымыз бүгін іске асып жатыр.