«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы Қоғамдық Комиссиясы ІІ отырысының ХАТТАМАСЫНАН ҮЗІНДІ
2019 жылғы 26 қыркүйек, Сағат 16.00
Қатысқандар:
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі – М.Әзілханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Қ.Лама Шариф, мемлекеттік органдар, «Отандастар қоры» КЕАҚ (әрі қарай - Қоғам) және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның қызметкерлері, Қоғамдық Комиссиясының мүшелері (тізім бойынша).
Модератор – М. Бақтиярұлы, Қоғамдық Комиссияның төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік – мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы.
КҮН ТӘРТІБІ:
1. Елге оралған қандастардың мәселелерін реттейтін қазақстандық заңнама жүйесі және қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы заң жобасының барысы туралы - «Отандастар қоры» КЕАҚ вице – президенті М. Сарбасовтың баяндамасы;
2. ҚР ІІМ Көші - қон қызметі тарапынан репатрианттарға қызмет көрсетуді оңтайландыру және автоматтандандыру шаралары туралы - ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің басқарма басшысы Ғ. Шымырбаевтың баяндамасы.
_______________________________________________________________
Қоғамдық комиссияның 2 отырысында М. Бақтиярұлы: - Шет мемлекеттерде Отандастарымыз тең құқылы азаматтар ретінде өмір сүру және олардың ұлттық бірегейлігінің сақталып қалу, Қазақстан Республикасына оралу немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын алу жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында оларды мемлекеттік қолдау және мүдделерін құқықтық қорғау қажеттігін ерекше атап өтті.
Осы ретте, шеттегі қандастарымызды қолдау бағытында Отандастар қоры тарапынан әзірленіп жатқан «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасымен танысу мақсатында Қоғамның вице-президенті Мағауия Қанапияұлы Сарбасовқа сөз берілді.
М. Сарбасов: - Елге оралған қандастардың мәселелерін реттейтін қазақстандық заңнама жүйесі және шетелдегі қазақтарды мемлекеттік қолдау туралы заң жобасының барысы туралы таныстырды.
Заң жобасын дайындаудың мақсаты - шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеудің қажетті құқықтық негізін құру.
Заң жобасы әлемдік тәжірибенің заманауи үрдістеріне, жинақталған тәжірибеге, сонымен қатар, мемлекет пен қоғамның болашағы туралы ғылыми дәлелденген зерттеулерге негізделген.
Қазіргі таңда шетелдегі отандастарды қолдауды күшейту – этникалық қазақтар мекендеген мемлекеттерде саяси және экономикалық тұрақтылықтың болмауы, қарулы қақтығыстардың орын алуы, ана тілін, дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалу мүмкіндіктерінің шектелуі, және өзге де мәселелермен айқындалады.
Заң жобасы шетелдегі отандастарымызды мемлекеттік қолдау мақсатында мемлкеттік органдарды біріктіруге бағытталады.
Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші - қон қызметі тарапынан репатрианттарға қызмет көрсетуді оңтайландыру және автоматтандандыру шаралары туралы ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің басқарма басшысы Ғ. Шымырбаевтың баяндамасы тыңдалды.
Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасының азаматтығын 1 млн. 57 мың 537 шетелдік, оның ішінде 937 мың 663 этникалық қазақ қабылдады.
Ағымдағы жылғы есеп беру кезеңінде Қазақстан Республикасының азаматтығына барлығы 13 034 шетелдік қабылданды, оның ішінде 10 790 этникалық қазақтар, олардың басым бөлігі ҚХР– 4092, Өзбекстаннан – 6216, Қырғызстаннан - 551, Түрікменстаннан – 583 келген. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңына сәйкес Жергілікті атқарушы органдар арқылы оралман куәлігін алған азаматтар Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіпте қабылдауы көзделген.
Ғ. Шымырбаевтың өз сөзінде, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, этникалық қазақтар үшін көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді одан әрі жеңілдету және оңтайландыру бойынша жұмыстарды ұдайы жүргізуде екендігін атап өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібінде белгіленген барлық мәселелер қаралып, комиссия мүшелері тарапынан «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасын талқылау барысында айтылған ұсыныстар тыңдалып, хаттамаға енгізілді.