АСТАНА. KAZINFORM. 1 мамыр – бірлік күні. Тар мағынасында алсақ, Қазақстанда өмір сүріп жатқан халықтың, өзге этнос диаспораларының өзара татулығын паш ететін дата. Ал кең мағынасында алсақ, өзін қазақ халқының бір бөлшегі деп есептейтін миллиондаған тағдырдың, сан түрлі ру мен этностың мүдделестік күні, тұтастық мерекесі.
Бүгінгі материалда түрлі себеппен шекараның сыртында жүрген отандастарымыздың ұлт бірлігіне қосып жатқан үлесі туралы мәлімет ұсынамыз.
Шекара сыртында қанша қазақ бар?
Әуелі шетелдегі исі қазақтың саны туралы бірер сөз. «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бізге берген мәліметі бойынша, Қазақстан аумағынан тыс жерде өмір сүріп жүрген қазақтардың саны 5 миллионға жетуі мүмкін. Ресми санатқа белгілі мәліметтерге сүйенсек, шеттегі қазақтардың жалпы саны 3 миллионнан асатыны анық.
«Отандастар» қорындағылар осыншама қазақ әлемнің 40-тан астам елінде ғұмыр кешіп жатқанын айтады. Қордың талдау және стратегиялық даму департаменті берген ақпарат бойынша, бүгінде Қытайда – 1,6 миллион, Ресейде – 591 мың, Өзбекстанда – 821 мың қазақ бар. Айта кету керек, олардың бәрі өздерінің тарихи мекенінде отырған, ежелден қазақ жері саналған, кейінгі 2-3 ғасырдағы геосаяси өзгерістердің салдарынан шекара сыртында қалып кеткен қандастар. Сонымен қатар, Моңғолияда – 121 мың, Қырғызстанда – 35 мың, Түркияда – 30 мың, АҚШ-та – 17 мың, Иранда – 10 мың және Түрікменстанда – 9 мыңға жуық қазақ диаспорасы тұрады.
«Өткен ғасырдың 50-жылдарында Алтай қазақтары Түркияға қоныс аударып, 60-70 жылдары Еуропа елдеріне тұрақтады. Солардан тараған ұрпақтың 17 мыңы Германияда, 2 мыңы Францияда, 1000-ы Ұлыбританияда, 300-і Аустрияда, 300-і Швецияда, 90-ы Бельгияда, 70-і Данияда, 30-ы Норвегияда тұрып жатыр», - делінген қордың мәліметінде.
Тағы да сол «Отандастар» қорының мәліметі бойынша, әлемнің әр түкпірінде 250 мыңға жуық Қазақстан азаматы өмір сүреді. Олардың бір бөлігі сыртта білім алу үшін жүрсе, тағы бір бөлігі ресми қызмет бабымен, қалған бөлігі екі қолға бір күрек іздеп жүр.
«Шетелдегі қазақстандықтардың (оқу, еңбек және т.б. себептер) нақты саны туралы ресми деректер жоқ. Алайда бізде бар мәліметке сәйкес, Ресейде – 60 мың, Түркия – 40 мың, Германия – 50 мың, АҚШ – 50-60 мың, Оңтүстік Кореяда – 10 мың, Польшада – 10 мың, Ұлыбританияда – 4 мың, Канадада – 3.5 мың және Швецияда – 1200 қазақстандық оқу, еңбек және басқа да себептермен тұрып жатыр», - делінген мәліметте.
Қордың санатында шетелдегі қазақстандықтар бас қосатын 200-ден астам бірлестік пен ұйым бар көрінеді. Оның ішінде Ресейде 100-ге жуық, Өзбекстанда 20-ға жуық, Еуропада 40-тан астам, Азия елдерінде 30-ға жуық және АҚШ пен Канадада 10-нан астам бірлестік жұмыс істейді.
Ал Сыртқы істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанның өзге мемлекеттеріндегі консулдықтарында 64 013 ел азаматы тіркелген, яғни «Отандастар» қоры айтқан 250 мыңнан астам адамның 64 мыңы ғана консулдық есепке тұруды құнттаған деген сөз.
«Отандастарымыз әлемнің әр түкпірінде жүргенімен, Кореядағы қазақтардікіндей ұйымшылдық жоқ деп ойлаймыз. Мұндағы әрбір қазақтың ұялы телефондағы желісінде осындағы қауымдастықтардың жұмысына арналған 5-6 чат бар. Ол чаттарда осы елге келген отандастарымызды ортаға қосып, жұмыс, үй мәселесін ертерек шешуге көмектесеміз. Тек қара жұмысқа тартып қана қоймай өзі ұнатқан салада кәсібін ашуға барынша қолдау жасаймыз. Кореяда еліміздің мейрамдарын жоғары деңгейде атап өтеміз. Мысалы, биыл «Армандас-ай» ортасының ұйымдастыруымен Наурыз мейрамын таза ауада, табиғат аясында тойладық. Түрлі кездесулер, нетворкинг кештер де жиі-жиі болып тұрады», - дейді Шынар.
Әлеуметтік желінің игілігі
Әлеуметтік желіні шолып отырып, Қазақстан азаматтарының Америка, Африка, Азия, Еуропа, Аустралия құрлықтарының бәрінде, тіпті мұхит аралдарында да тұрып жатқанына көз жеткіздік. Сол желідегі аккаунттар арқылы байланысқа шығып, өзара ұйымшылдықтары, бірлігі туралы бір ауыз пікір білдіруін өтініп көрдік. Африкадағы отандастарымыздың басқасынан бәрі үн қатты. Бәрінің бірауыздан айтатыны – «Төл мейрамдар барда, сырттағы қазақстандықтардың басы бірікпей қалмайды».
Әлемнің әр түкпіріндегі отандастарымызбен әңгімеде шетелдегі Қазақстан азаматтарының саны туралы ресми дерек пен нақты жағдайдың арасында айырмашылық бар екенін де аңғардық.
Мысалы, Оңтүстік Кореяда Бостон тіс емханасы сыртқы әріптестік бөлімінің Орталық Азия бойынша үйлестірушісі болып жұмыс істейтін Шынар Иманқұл есімді отандасымыз ондағы қазақстандықтардың саны 40 мыңнан асатынын айтады. Ал ресми деректерде бұл елдегі қазақстандықтардың саны 10 мың мен 32 мыңның арасында екені айтылып жүр. Олай болатын жөні де бар. Өйткені еңбек құны біздегіден әлдеқайда жоғары саналатын Кореяда заңды түрде жұмыс істеп жүргендер де, визасыз режим арқылы кіріп, сол жақта қалып қойған отандастарымыз да көп.
Ал Дәурен Әбдікерім дейтін отандасымыз ұйымшылдықтың арқасында қазақ менталитеті «Таңғы жұпар елінде» де насихатталып жатыр деп есептейді.
«Ұйымшылдықтың арқасында өз менталитетімізді бұл жақта да нақыштап жүрген жайымыз бар. Қазақ әнін, биін көрсетіп, концерттер ұйымдастырамыз. Қысқартып айтқанда, бұл жақтың мәдени өміріне беретініміз де, өзімізге синтездеп алатынымыз да көп. Біздің ұйымшылдығымыз - әсіресе Кореяға жаңадан келіп жататын қазақстандықтарға үлкен қолдау. Тіпті кейбіреуінің өтініші бойынша әуежайдан да күтіп аламыз. Пәтер жалдап, жұмыс табуына да көмектесеміз. Қысқасы, Корея жеріне аяқ басқаннан ортаға үйренгенше сүйемелдеп отырамыз. Өйткені алғаш келгенде бұл жақтың тәртібіне, климатына, ортасына бейімделу қиын болады. Тіл мәселесі тағы бар. Арамызда 5-6 жылдан бері жүргендер бар. Солар тілді жақсы білгендіктен көмегіне жиі жүгінеміз. Ондай көмектің азын-аулақ ақысы төленеді, ол жағын да айту керек. Интернет арқылы елдегі жағдайды сәт сайын бақылап отырамыз. Тіпті тасқын кезінде арамыздағы блогерлердің бастамасы бойынша Кореядағы қазақстандықтардың атынан көмегімізді жібердік. Осының бәрі өзара бірліктің арқасында болып жатыр», - дейді Дәурен.
АҚШ-та өмір сүріп жүрген отандасымыз Жұлдызай Исмаилованың сөзінше, Америка елінде қазақстандықтардың нақты санын да дөп басып айту қиын. Өйткені заңды жүргендер де, заңсыз жүргендер де баршылық.
«Орта есеппен 100 мыңдай қазақ бар деп естідік. АҚШ қазақтарының бірлігі дегенде өзара байланысып тұратын WhatsApp пен Телеграмдағы ортақ чаттар еске түседі. Мұнда қоныс аударған адам бірінші сол чаттарға қосылады. Сол жерде бір-бірімізге қолдан келгенше көмектесеміз. Банк картасын ашу, жүргізуші куәлігін рәсімдеу сияқты күнделікті тіршілікке қажет шаруаның бәрінде жол көрсетіп, жөн сілтеп отырамыз. Тәуелсіздік күні, Наурыз мейрамы бүкіл штаттарда тойланады деп айта аламын. Мұндағы 50 штаттың бәрінде қазақ диаспоралары мен қазақстандықтардың қауымдастықтары бар. Наурыздан бастап, айт мерекелерінің бәрін ұмыт қалдырмаймыз. Ауыз ашар жасап, Құрбан айтты бірге қарсы аламыз», - дейді ол.
АҚШ пен Еуропадағы қазақстандықтардың ұйымшылдығын Қазақстан халқы COVID-19 пандемиясы кезінде анық көрді деуге болатын шығар. Елде өкпеге жасанды жолмен дем беретін аппарат тапшы болған кезде АҚШ пен Еуропадағы отандастарымыз қандастармен бірлесіп көмек қолын созғанын бүкіл БАҚ жарыса жазды.
Сол кезде BIRLIK қазақ-швейцар қауымдастығының тең төрағасы ретінде көмек ұйымдастырған отандасымыз Руслан Тоқболат Еуропадағы қазақтар қандас немесе қазақстандық деп бөлінбей, барынша жақын араласып тұратынын айтады.
«Бұл елде қиын кезеңдерде Түркиядан пана тауып, кейін Швейцарияға қоныс аударған қандастарымыз бар. Негізі Швейцариядағы қазақтардың шамамен 95 пайызы - Қазақстаннан бертін барған жерлестер. Олардың көбі жұмыс бабымен, тұрмыстық жағдайымен, білім іздеп келгендер. Бірақ біз бұрын келгендер немесе кейін келгендер деп бөлінбейміз. Барлық жерлестер мен қандастардың басын қосуға тырысамыз, солармен бірге қызмет атқарып, достықта өмір сүріп жатырмыз», - дейді Руслан.
Бұған дейін жазған материалдардың бірінде Индонезияның Бали аралында тұрып жатқан 500-ге жуық отандасымыздың өзара татулығы туралы айтқан едік.
Қорытып айтқанда, жаһандану етек жайған сайын қазақстандықтар кәсіп пен білім іздеп аттанатын елдердің картасы кеңейіп келеді. Өзара бірлік пен төл мәдениетке деген ықыласы, жерге деген сағынышы барда бұл отандастарымызды қазақ әлемінен ешбір күш, ешбір жайлы тұрмыс пен алаңсыз өмір ажырата алмас.
Авторы: Есімжан Нақтыбай
Дереккөз: kaz.inform.kz