«Қазақстан маған бақытқа толы жиырма екі жыл сыйлады». Жуырда бірнеше пабликте дәл осылай басталатын видео кеңінен таралды. Онда CBC TV Azerbaijan телеарнасының аға редакторы Мехрибан Касумова тікелей эфирде Қазақстан халқына ризашылығын білдіріп, ыстық сәлемін жолдайды. Мехрибан онда «Менде ешқашан өз үйімде емеспін деген сезім еш болған жоқ. Бейбіт аспан үшін Қазақстанға ризашылығымды білдіремін. Орта мектепті үздік аттестатқа, университетті қызыл дипломға бітіруім, ең маңыздысы кәсіби қызметтегі алғашқы қадамдарым. Мен Қазақстанға берген бұл білімі мен тәжірибесі үшін шексіз ризамын. Алғыс айту мерекесі – расымен Қазақстанға лайық мереке. Мақтауға тұрарлық мемлекет. Себебі бүгінде басқа он жылдықтағыдай мейірімділік, шыдамдылық, мультикультурализм дәстүрін сақтау оңай емес. Әлемде түрлі кикілжіңдер, әсіресе этникааралық қақтығыстар белең алған кезде мемлекет ішінде достықты сақтап қалу оңай емес. Мұнда халықтар достығын меңзеп тұрғаным жоқ. Қазақстан – біртұтас ел. Кезінде көп ұлт Қазақстанға жер аударылған. Алайда олардың ешбірі өздерін бөтен сезінбеген» деп ағынан жарылады. Осы ретте 1 наурыз Алғыс айту күні қарсаңында "Túrkistan" халықаралық газетінің тілшісі Мехрибанға хабарласып, әңгімелескен еді.
– Ең алдымен желіде көп таралған әлгі видеоның түсірілу тарихын айта отырсаңыз.
– 2 жыл бұрын Әзербайжандағы Қазақстан елшілігі Алғыс айту мерекесіне орай тілек жазуымды өтінді. Оларға мәтінді жіберген соң, өзіміздің телестудияда видео түсіргім келді. Оны түсіріп, YouTube-қа жүктедім. Сосын маусым айындағы авторлық бағдарламамда Әзербайжан-Қазақстан арасындағы байланысты талқылаған едік. Әлгі видеоны сонда қосуды жөн көрдім. Ол бағдарламада экономикалық қатынаспен қатар, екі ел арасында көпір болып жүргендер туралы айтқым келді. Сөйтіп, Қазақстанда туып-өскен адам ретінде өзімді кейіпкер етіп алайын деп шештім (күліп). Әлі есімде, тікелей эфирді тізгіндеп отырмын. Бейнематериалда мен туралы сюжет көрсетіліп жатыр. Ол видеоны бұған дейін сан рет көрсем де, студияда отырып көргенде көз жасыма ерік бердім. Бірер минуттан соң саясат туралы материалды салмақты кейіпте оқу үшін өз-өзіме келіп алуға тырыстым. Десе де, ол материалдың алғашқы сөйлемін оқыған кезде көзден жас ытқып шықты. Бұл сәтті ешқашан ұмытпаспын.
– Видеоның басында «Қазақстан маған бақытқа толы жиырма екі жыл сыйлады» дегенде толқып, көңіліңіз босаған секілді.
– Иә, қатты толқыдым. Бұл сөйлемді айтқан кезде жылап жібердім. Өзімді ұстай алмай қалдым. Алайда монтаж кезінде ол сәтті алып тастадым. Ұят болар деп ойладым. Бірақ артынша сол күйі қалдыра салу керек еді деп ойланып қалдым. Көп адам сіз секілді жылағанымды сезген секілді. Көпшілік әлгі видеоның астына «Дауысы дірілдеп тұр» деп жазыпты. Енді бірі сол видеоны көріп, өздері де көздің жасын сығымдап алса керек. Одан бөлек, мені жақсы түсінетіндер, бала кезден бірге өскен, қазір Германияда тұратын, мен секілді Қазақстанды айрықша жақсы көретін достарым да бір жылап алыпты. Әзербайжанда менде бәрі жақсы, алайда Қазақстанда болған бақыт жоқ дер едім. Мұнда тұрып жатқаныма 12 жыл болды. Әлі көп нәрсе қиынға соғады. Бар болғаны бойым үйреніп кетті. Басқа ештеңе емес. Шынымды айтсам, Бакуды еш ұната алмадым. Сөзсіз, әдемі қала. Құрметтеймін. Алайда, бұл менікі емес. Мен үшін менің кішкентай Қостанайым әлдеқайда әдемі әрі сүйкімдірек. Реті келіп тұрса, елге баруға тырысамын. Декретке шықпай тұрып, Қазақстанға жоспарланған іссапарларға мен ғана баратынмын. Елшілік менімен тығыз жұмыс істейді. Іс-шаралардан қалдырмайды. Ал жұмыстан тыс уақытта, Қазақстанға 2017 жылы еңбек демалысына шыққанда барғанмын.
– Қазақстанды айрықша жақсы көретініңіз білініп-ақ тұр. Әлеуметтік желідегі парақшаңыздың төбесіне «Мен Қазақстаннанмын» деп жазғаныңызды көрдім. Сосын тағы бір жерден «Менің Отаным – біреу. Ол – Қазақстан» деп жазғаныңызды көзім шалды.
– Иә, менің Отаным – біреу. Мен үшін кіндік қаны тамған жер, бақыттан бас айналатын сәт өткен жер Отан саналады. Біреулер тарихи Отан, кіші Отан деп айтып жатады. Алайда екі Отан болмайды. Мені осында қазақ қызы деп есептейді. Бір қызығы, Қазақстанда мені ешкім қазаққа ұқсатпаған. Онда мені түрік немесе өзбек қызы деп ойлайтын. Ал Әзербайжандағылар бет-әлпетіме қарап, «Қазақ қызына ұқсайсың» дейді. Олардың бұлай айтқаны құлаққа майдай жағады. Себебі менің жаныма жақын жандардың түгелі – қазақтар. Расында, мен әзербайжан қызына ұқсамаймын. Таза әзербайжан болсам да, бет-келбетім азиаттық типажға ұқсайды. Көпшілік «Бәлкім, климат әсер еткен болар» деп болжайды. Алайда жай ғана климат емес, ықпалын тигізген фактор көп. Қазақ тілін бала кезден білемін. 1-сыныпта ескі әнұранды жатқа айтқан мен ғана болатынмын. Сол кезде сынып жетекшім «Әне, қараңдар. Өзге ұлт өкілі осындай айтылуы қиын әнұранды жатқа біледі» деп мені үнемі өзгелерге үлгі қылып айтып жүрді.
– Сізге бәрінен бұрын, өзіңіз айтқандай, «кішкентай Қостанайыңыз» қымбат болса, елден көшуге не түрткі болды?
– Әлгі видеоның астында «Бәрі жақсы болса, неге көшті?» деген пікірлер жазылған. Ата-анамның Қазақстанда ешкімі жоқ. Олардың ата-аналары Грузияда тұрған. Олар – Грузияда туып-өскен әзербайжандар. Әкемнің әпкесі Қазақстанда, анығырақ айтсам Арқалықта тұрған. Әкем білім іздеп, әпкесінің қасына келген. Ойлана келе, Шымкентке училищеге тапсырған. Сол уақытта анамды Грузияға апарса керек. Ағам сонда дүниеге келді. Сосын әкеме Қазақстанда өмір сүрген ұнап қалып, ақырында Қостанай облысы Денисов ауданына қарасты Аят ауылына тұрақтаған. Мен сонда дүниеге келдім. Біз жер аударылып, қуғындалған емеспіз. Қарабақтық та емеспіз. Әкем оқу іздеп келіп, қалып қойған. Ол учаскелік полицей қызметінде 30 жылдай жұмыс істеді. Қазір – ҚР ІІМ зейнеткері. Ол да мен секілді – Қазақстан азаматы. Қазір екеуі Бакуде маған көршілес үйде тұрады. Біз бала кезден түптің түбінде Грузия немесе Әзербайжанға көшетінімізді санамызға сіңіріп өстік. Ата-анамыз бізді осыған дайындады. Дегенмен балалыққа салынып, «Ол уақыт қашан болар дейсіз?» деп жүре бердік. Алайда бір күні сол күн де келіп жетті. Нағашы әжем ауырып қалғанын естідік. Елде қалғанда анам анасының соңғы сәттерінде қасында бола алмайтын еді. Өйткені әжем біз көшіп келгеннен кейін 3-4 жылдан соң көз жұмды. Артынан атам да дүние салды. Егер біз көшіп келмегенде анам егде тартқан әке-шешесінің қасында болмағанына өмір бойы өкініп өтетін еді.
– Сіз маған жіберген суреттерде сіздерді түгел ауыл, достарыңыз шығарып салуға келген секілді.
– Ол күн әлі есімде. 18 мамырда еңбек демалысы, артынан жұмыстан шығу туралы арыз жазып, Лисаковскідегі телеарнамен қоштастым. Дегенмен ол кезде еш жыламадым. Себебі елден түбегейлі көшкелі жатырмыз дегенге сенбедім. Әдетте, адам мұндайды ең соңғы сәтте ғана сезеді ғой. Сөйтіп, 2012 жылдың 2 маусымында жүгімізді жинап, жолға шықтық. Бізбен қоштасуға көршілеріміз, достарымыз келді. Достарымыз стансаға дейін барып, бізбен бірге пойыз күтіп отырды. Үйдің ауласынан шыға берген кезде көлікте отырған ағамның еңіреп жылағанын байқадым. Негізі, ағамды жылату оңай шаруа емес. Мен оның бұлай қатты жылағанын өмірімде екі-ақ рет көрдім. Бірінші рет оның ең жақын досы қайтыс болғанда тоқтамай жылағаны бар. Екінші рет біз ауылдан көшіп бара жатқан кезде. Оның көз жасын көл қылғанын көріп, мен де ағыл-тегіл жыладым (күліп).
– Сол кезде көлікте отырғанда «Кім бірінші қайтып оралады?» деп өзара бәс тіккен екенсіздер.
– Иә (күліп).Бәрі мені бірінші оралатыныма сенімді болды. Өйткені мен еш уақытта Әзербайжанға барғым келмеген. Ол кезде Әзербайжан туралы ештеңе оқымағанмын да, ешқандай байланысым жоқ еді. Мен тіпті, әзербайжанша сөйлемейтінмін. Үйдегілер әзербайжанша сөйлеседі, алайда орыстілді ортада өскен соң, ылғи орысша сөйлейтінмін. Жалғыз мен емес, сонда тұратын әзербайжандар да орысша сөйлейтін. 26 маусымда Әзербайжандағы бірінші жұмыс күнім басталды. Басында сайтта жұмыс істедім, алайда маған онда ұнамады. Ол уақытта қатты қиналдым. Себебі мен әзербайжанша аз сөйлейтінмін. Айналам, барлық туысым сол тілде ғана сөйлейді. Олардың кім екенін сырттай білетінмін, десе де мұнда өзімді артық адамдай сезіндім. Олар мені түсінбейді, мен оларды түсінбедім. Сыр шертетін достарым да жоқ. Расында қиын болды. Сосын орыстілді бір телеарнадан сынақ мерзімінен өту мүмкіндігі пайда болды. Астаналық телеарна болған соң, деңгейі жоғары, талабы қатаң шығар деп ойладым. Аймақтық телеарнадан келген мен өзімді маман ретінде дәлелдеу қиын болар деп болжадым. Алайда барлығы мен ойлағаннан басқаша болып шықты. Шынында, Қазақстандағы аймақтық телеарнада жұмыс істейтін кәсіби мамандар ешкімнен кем емес екеніне көзім жетті. Екі ортада үлкен айырмашылық байқалады. Осындағы мамандардың маған айтқан тапсырмасының бәрін Лисаковскіде жүріп-ақ үйренгенмін. Мен сынақ мерзімінен толық өткенім де жоқ, себебі мені бірінші материалды өткізгеннен соң, бірден жұмысқа қабылдады. Мен мұнда тек монтаждауды үйрендім. Ал қалған «іргетастың» бәрі аймақтық телеарнада қаланған. Осылайша, телевизия мені құтқарып қалды.
– Көп журналист аймақтық БАҚ-та жинаған тәжірибесін әлі күнге дейін азық етіп жүргенін айтады.
– Дәл солай. Мен де сол азықпен жүрмін. Негізі, мен әу баста журналист болғым келмеген. Үйде үнемі жаңалықтар көретін ата-анам менің диктор болғанымды қалады. Алайда мен журналист емес, мұғалім болғым келді. ҰБТ-дан жоғары ұпай алып, Аят ауылындағы орта мектепті алтын медальға бітірдім. Бұл медаль көп мүмкіндікке жол ашары сөзсіз. Бірақ үйдегілер үйден алыс жерде оқуға рұқсат бермеді. «Ең жақыны – Қостанай. Сонда оқисың» деді. Бастапқыда 4 мамандыққа тапсыруға мүмкіндік бар еді, алайда қабылдау бөліміндегілер журналистика бөліміне тапсырсам, басқа мамандыққа тапсыра алмайтынымды айтты. «Бағың жанса, грантқа түсесің. Әйтпесе, ақылы бөлімде оқисың». Мұны естіген әкем «Өзің шеш» деді. Алайда, оған бір қарап, қағаздағы журналистика деген тұсты түртіп қойдым. Емтихан нәтижесі бойынша мен 112 ұпай жинадым. Алтын медальдің арқасында менен бір ұпай артық жинаған бір қыздан озып, грантты жеңіп алдым. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-дің гуманитарлық-әлеуметтік факультетіне оқуға түстім. 1 курста радиода, 2 курста сайтта өндірістік тәжірибеден өттім.
Онша қызыға қоймадым. Ал 3 курста Лисаковсктегі «Акцент» телеарнасынан өткен өндірістік тәжірибе санама сілкініс жасады. Телеарна ұжымы мені туғанындай қабылдап, көп нәрсені үйретті. Қарапайым, мейірімді адамдардың ортасында жүріп шыңдалу бір ғанибет болды. Содан кейін болашағымды телевизиямен байланыстырамын деп шештім. 4-курсқа көшкенімде телеарна басшылығы мені жұмысқа шақырды. Үздік студент болған соң, оқытушылар маған түсіністік танытып, жұмыс істеуіме мүмкіндік жасап берді. Сөйтіп, аймақтық телеарнадағы керемет кездерім басталды. Менің кәсіби маман болып қалыптасуыма өлшеусіз үлес қосқан сол кездегі «Акценттің» ұжымының алдында басымды иемін. Әсіресе, операторларға алғысым шексіз. Олар түсірілім кезінде «Мына жерде стэндап түсіруге болады», тіпті «Мына маманға мынадай сұрақ қою керек» деп маған көмектесіп жүретін. Жұмысты енді бастап жатқанда көп нәрсені біле бермейсің ғой. Алайда олар мұнымды келемеждеп, ешқашан бетіме басып айтпаған. Керісінше, үнемі қолтығымнан демеп жүретін. Редакторлардан мәтінді қалай жазу керек екенін үйрендім. Монтаждаушылар да көмегін аямады. Журналистер «Бәрін сызып, дайын күйінде апаруымыз керек» деп олар отыратын бөлмеге жақындауға қорқатын. Менің де бойымды үрей билейтін. Дегенмен түсіріп әкелген сюжетіңнің ойдағыдай шығуына бәрі бір кісідей болысатын.
Бірақ Лисаковскіде 8 сағатты қамтитын 1 ғана эфир болатын. Оның өзін алдын ала түсіретін. Ал Бакуде бәрі басқаша. Тікелей эфирде жұмыс істеймін. Министрлермен сұхбаттасамын. Іссапарға жиі шығамын. Мен Әзербайжан үшін қолымнан келгеннің бәрін істеп жатырмын деп ойлаймын. Менің барлық жұмысым Әзербайжанның ілгерілеуіне бағытталған. Әсіресе, Қарабақ туралы көп бағдарлама әзірледім. Журналист тарапынан не керек, соның түгелін істедім. Мен өз халқымды жақсы көремін, қатты құрметтеймін. Алайда мен үшін Отан ол – Қазақстан. Кез келген көзі ашық, көкірегі ояу, парасатты адам мені түсінеді деп ойлаймын. Мен жергілікті емеспін. Кіндік қаным тамып, өсіп-өнген жерге «байланып» қалғанмын. Бәлкім, Бакуге мен сәби болғанда көшіп келгенімізде, барлығы басқаша болар ма еді. Дегенмен мен Қазақстанда тудым, онда мектеп, университет бітірдім. Еңбек жолым сонда басталды. Әзербайжанға көшіп келгенде 22 жасқа толдым. Саналы жас. Бәрін білемін, бәрі есімде. Жоғарыда айтқанымдай, телевизияға деген асқан сүйіспеншілігім болмағанда ештеңеге қарамай Қазақстанға оралар едім. Дегенмен ағамның Қазақстанға оралғаны маған әсер етпей қоймады. Егер ол Әзербайжанда қалғанда, мен елге қайтып кетер едім. Алайда ол көшіп кеткен соң, Бакуде тұратын «ата-анам менен басқа кімге керек?» деп ойладым.
– Ал ағаңыздың Қазақстанға оралуына ата-анаңыз қарсы болмады ма?
– Мұнда мемлекеттік қызметте жұмыс істеу үшін азаматтық алуың керек. Ол үшін 7 жыл осында тұруың қажет. Ал ағам әкем секілді полицей болғысы келді. Осында жұмыс істеп көрген еді, алайда мұнысынан түк шықпады. Сондықтан Қазақстанға оралып, сонда білімін жетілдірді. Қазір Екібастұзда тұрады. Полиция майоры. 2019 жылы Екібастұзда топырақ астында қалған 8 жастағы баланы аман алып шыққан болатын. Бұл ерлігі үшін ол мемлекеттік марапатқа лайық деп танылды. Интернеттен Тахир Касумов деп іздесеңіз, ол туралы көп дерек шығады.
– «Әкем де мен секілді Қазақстан азаматы» деп қалдыңыз. Сонда сіз 12 жыл ішінде азаматтық ауыстырмадыңыз ба?
– Ауыстырған жоқпын. Жыл сайын миграциялық процестерден өтіп, біраз қиналамын. Көпшілік «7 жыл өтті ғой. Азаматтық неге алмай жүрсің?» деп сұрайды. Алайда мен азаматтық ауыстырудан үзілді-кесілді бас тарттым. Қолымда қалған жалғыз құнды нәрсе – Қазақстан төлқұжаты. Оны ешқашан ауыстырмаймын. Сол себептен 12 жыл бойы миграция бөлімі талап ететін анализдерді тапсырып, құжат жинап, шапқылап жүремін. Әлбетте, бұл – машақаты көп іс. Дегенмен азаматтықты ешқашан ауыстырмаймын. Тұрмыс құрған кезде ауыстырып алуға болатын еді. Алайда оны да істемедім. Сол кезде күйеуім қатты таңғалған. «Жоқ, болмайды» дедім (күліп). Бұл – жай ғана төлқұжат емес. Бұл – мен үшін құны жоқ зат. Ауыстырсам, Қазақстанды сатып кеткендей сезінемін. Өзімді сатқын секілді елестетемін. Бәлкім, бұл айтқаным сіздерге күлкілі естілетін шығар. Мұны естіген осындағы туыс-таныстарым күледі. Оларға «Сендер мені түсінбейсіңдер» деймін. Қазақстаннан кетсем де, байланысым үзілген жоқ. Мендегі жалғыз байланыс түрі – сол төлқұжат. Сондықтан оны ауыстыруға жүрегім дауаламайды. Қолымнан келмейді.
– Ара-тұра елге оралу туралы ой маза бермейтін шығар...
– Бұл турасында үнемі ойланамын. Жүрек түбінде бір үміт бар. Бірнеше жыл бұрын барғым келген. Қазақстандағы Әзербайжан елшілігі жұмысқа шақырған болатын. Елші мені тыңдап болған соң «Мехрибан, бәрібір сіздің орныңыз Баку секілді. Алдағы уақытта екі ел арасындағы достықты бұрынғыдан бетер күшейте аласыз. Миссияңыз әзірше сонда. Тұрмыс құрасыз, балалы боласыз» деген еді. Күйеу демекші, үйдегілер «Кімге күйеуге шыққың келеді, өз еркің. Бірақ бастысы – ол әзербайжан болуға тиіс» деп санамызға құйған. Ал Әзербайжанда туып-өскен күйеуімнің Қазақстанға көшуі екіталай. Себебі ол – бір үйдің жалғыз ұлы. Ал ата-анам осында көшіп келгендеріне өкінеді. Мұны кейін мойындады. Осы ретте айта кетерлігі, қазақтар Бакуды сондай қатты жақсы көреді. Әлеуметтік желі арқылы танысқан қазақтар осында келгенде төбесі көкке бір елі жетпей жүреді. Мен керемет гид болмасам да, қала туралы бар білгенімді айтып беремін. Олар Бакудың әдемілігін, теңіз жағалауында орналасқанын, аспанмен тіресіп тұрған биік ғимараттарын айтып, таңырқап жүреді. Білмеймін, бірақ менде таңырқау жоқ. Есімде, 22 жасқа толғанымда көңілімді көтеру үшін Бакинский бульварына ертіп келген болатын. Алайда мен көпшілік тамсана қарайтын ондағы көрініске қызыға қоймадым. Құр жүрдім де қойдым. Ол кезде жаным торығып, депрессияда жүрген едім. Мұнда келгенде бірнеше азық-түлікке аллергиям пайда болды. Анализ жасап, тексерген дәрігер менің көңіл күйімді көріп, «Онда солай жазайық. Әзербайжанға аллергиясы бар екен дейік» деп қалжыңдайды (күліп). Көп жылағаннан, үстім бөртіп, денем қызарып кететінді шығарды.
– Осы уақытқа дейін көп кейіпкермен сұхбаттастық. Алайда туған елге, оның топырағына деген асқан сүйіспеншілікті сізден айрықша байқадым. Арада 12 жыл өтсе де, көп құндылықты, соның ішінде төлқұжатымызды көздің қарашығындай сақтап, бағалы жәдігер іспетті қарап келе жатқаныңызға қайранмын.
– Мендегі махаббат ерекше. 2017 жылы Қазақстанға еңбек демалысына бардым дедім ғой. Сол кезде менде онда туыстарым жоқ болса да, «Қайда тоқтаймын?» деген ой мүлде болған жоқ. Сол барғанда екінші анамдай болып кеткен сынып жетекшім Мария Сұлташқызының үйінде тұрақтадым. Ол кісі туған күнімде түнгі он екіде құттықтауды әдетке айналдырған. Бала кезден бірге өскен құрбым Мадина да солай. Әлі күнге дейін мені сол кісілер бірінші болып құттықтайды. 3 жасымнан бері бірге ойнап-өскен сыныптасым мен барғанда басқа қалада болса да, «Елге келдің бе? Біздің үйге баршы. Анам сені тосып отыр» деп хабарласты. Лисаковскіге барғанымда телеарнада бірге істеген Дина құрбымның үйіне тоқтадым. Айтып тұрмын ғой, менде «Ыңғайсыз емес пе? Қалай болар екен?» деген ой болған жоқ. Себебі олар – отбасымның мүшесі секілді, жаныма ең жақын жандар. Әзербайжанда достарым аз. Алайда арадағы қарым-қатынас Қазақстандағыдай деп айтпас едім. Сол демалыстағы жарқын сәттерді видеоға түсіріп, YouTube-қа жүктеген едім. Оны көрген сайын, еңкілдеп жылаймын. Солай жылап отырғанда балаларым аң-таң болып, қарап отырады. Сосын лезде жаба саламын. Қарамауға тырысамын. Өйткені ол видеоны қарау оңайға соқпайды. Мен «Бізде Әзербайжанда...» деп айтуды енді үйрендім. Ал оған дейін «Біздің Қазақстанда...», «Ал бізде Қазақстанда былай..» деп айтатынмын. Мен Жаңа жылды түнгі онда қарсы аламын, себебі ол уақытта Қазақстанда уақыт түнгі он екі болады. Бәрі «Әлі екі сағат бар ғой» деп таңғалса да, «Бола берсін. Есесіне, Қазақстанға Жаңа жыл келді» деймін (күліп).
– Қиырда тұратындар «Туған жердің қадірін шекара асқанда ғана түсінесің» дегенді үнемі айтады. Бәлкім, біз сіздің бойыңызда тулаған сезімді сыртқа шыққанда ғана сезерміз.
– Дәл солай. Сыртқа шығып, саяхаттаңыз. Қыдырыңыз. Алайда түбінде Қазақстанға оралыңыз. Сонда тұрыңыз. Әлеуметтік желіде көп пікір оқимын. Қолда бардың қадірін білмейтіндер жетіп артылады. Болмашы нәрселерге налиды. Мына жақта көкейді тесіп жатқан мәселелер болып жатса, арғы бетте бір-бірін сынап әлек. Анау айтқандай маңызды нәрсеге көңілі толмайды. Қайыра айтқанда, көп нәрсені бағаламайды. Қазақстан – өте тыныш, бейбіт ел. Бауырлас ел. Мен одан басқа осындай елді білмеймін. Әзербайжан да мультикультурализмді алға тартса да, мұнда Қазақстандағыдай әсер жоқ. Қазақстанда расымен көп ұлт татулықта тұрады. Діні, ділі басқа болса да, көршілермен барлық мерекені бірге атап өтеді. Біздің ауылдағы көршілеріміз туғанымыздай болып кеткен. Анам әлі күнге дейін оларға хабарласып, шүйіркелесіп отырады. Ол тіпті өз туыстарымен олай сөйлеспейтін шығар. Анам мен көршілер бір-бірін іздеп, сөйлеспесе тұра алмайды. Ал бұл жайдан жай бола салмайды ғой. Көршің жақсы адам болмаса, 12 жыл бойы сені іздей ме?!
– 1 наурыз Алғыс айту күнінде кімге алғыс айтар едіңіз?
– Ең алдымен, Әлия, сізге алғыс айтқым келеді. Өз жұмысыңызды істеп қана қоймай, арадағы тылсым күшті түсіне білгеніңіз, әлгі видеодан менің елге деген сүйіспеншілігімді сезіп қойып, маған хат жазғаныңыз үшін сізге алғыс білдіремін. Сізбен әңгімелесіп, көңілім бір жадырап қалды. Жалпы, әр қазақстандықпен сөйлескенде, осындай ерекше күйге бөленемін. Содан соң елде мені жақыннан танитындардың түгеліне алғыс айтқым келеді. Бұл сұхбатты оқыған кезде, өздері түсінер. Себебі маған жылуын төккен адамдардың бәрін тізбектеу мүмкін емес. Жақын құрбыларыма, Фрунзе атындағы орта мектептің ұстаздарына, ең сүйікті, ең керемет «Акцент» телеарнасының қызметкерлеріне ризашылығымды білдіргім келеді. Бүгін Әзербайжанда осындай білікті журналист атанып, өз ортамда сыйлы болып жүргенім үшін ол кісілерге алғысым шексіз. Түптеп келгенде, мұның бәрі Қазақстанның арқасы. Мен «Қазақстанда көп ұлт жоқ. Қазақстанның өзі – тұтас ұлт» дегенді үнемі айтамын. Елде жүргенде ешкімді ұлтқа бөлмеген, қазір де солай деп ойлаймын. Сондықтан айрандай ұйып отырған Қазақстан халқына айрықша алғысымды жеткізсем деймін. Маған отбасы бола білгендеріңіз үшін мың алғыс сіздерге! Мен – сезімтал адаммын. Қазақстан туралы әңгіме қозғалса болғаны, көңілім босап сала береді. Тіпті, қазір де көңілім жібіп отыр (дауысы дірілдеп). Баршаңызға рахмет!
– Қайта сізге рахмет! Елін, жерін сүйетін ару сіздей-ақ болсын!
Әңгімелескен – Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ