«Домбыра – қазақ халқының төл белгісі, ұлттық бренді». 2018 жылдың 13 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жарлығымен Ұлттық домбыра күні ресми түрде бекітілді. Осы мерекеге орай «Отандастар қоры» өкілдері қандасымыз Ұлар Хожайұлымен арнайы сұхбат жүргізіп, қазақтың қасиетті аспабы – домбыраның жасалу құпияларына терең үңілді.
— Бүгін біз сізбен кездескенімізге өте қуаныштымыз. Өзіңіз туралы айта кетсеңіз?
— 1986 жылы, ақпан айының 28-і күні Қытайдың Шыңжан өлкесінде Тарбағатай ауданы, Шағынтоғай деген ауылда дүниеге келдім. Бастауыш мектепті бітіріп, Үрімжіде – Қытайдағы қазақтар тығыз қоныстанған аймақтың орталығы – Күйтін қаласына оқуға түстім. Қазақ бөлімдері бар мектепте оқыдым. Қазақ ұлтының ұстаздарынан білім алдым. Колледжді аяқтап, 2023 жылы атамекенге оралдым.
— Жалпы домбыра жасаумен қашаннан бері айналысып келесіз? Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?
— Кәсіп ретінде айналысқаныма 20 жылға жуықтады. Бала кезімнен қызығушылығым болды.
— Үйіңізде шеберлер болды ма?
— Иә, менің әкем де шебер болған адам. Бала күнімде ағаштан бір нәрсе жасап көру қызық еді. Жуандау ағаш көрсем, кепкен болса, дереу қолыма шот, балта алып бір нәрсе жасап кететінмін. Мектеп кезінде көркем еңбек сабағында алғаш рет фанерадан домбыра жасап көрдім. Ол мектеп музейінде сақталып қалды.
— Сізге ұстаз болған кісі болды ма?
— Абай атындағы колледжде оқып жүргенде Жолаушы Әбілқасымұлы деген ағайдың аты шыққан еді. Оның домбыралары Қытайдағы белгілі күйшілердің қолында болды. 2017 жылы Ербол Әбен деген ағамен таныстым. Ол дәстүрлі емес, скрипка техникасын қолданатын әдіспен жұмыс істейтін. Қақпақтың қалың-жұқалығын, қай жері баритон, қай жері тенор шығаратынын біліп жасайды екен.
— Домбыра жасауға қандай ағаш түрлерін қолданасыз?
— Қол жетімді, сапалы ағаштар: қайың, қарағай қызыл ағаш. Мойынына – қарағай, шанаққа – қайың, қақпаққа – шәмшәт сияқты ағаштар қолданамын.
— Бір домбыра жасауға қанша уақыт кетеді?
— Домбыраға 3–4 күн аралығында уақыт кетеді. Шанақты жабыстыру үшін 3–4 сағат ұстау қажет. Ең ұзақ жасағаным – мойын мен шанақтың қиыстырылуы көп уақыт алады. Бұл процесті арнайы станокпен жылдамдатуға болады. 2013 жылы шанақты сапалы әрі біркелкі жабыстыру үшін арнайы құрылғы жасап шығардым. Екі жақты температураны бақылайтын датчик орнаттым. Ағаштың сыртқы және ішкі температурасы тең болуы керек, әйтпесе шанақ қисайып немесе жарылып кетуі мүмкін.
— Домбыраның дыбыс сапасына қандай факторлар әсер етеді?
— Ең маңыздысы – дұрыс кептірілген, сапалы материал. Құрастырылуы дұрыс болуы керек. Қақпақ пен мойынның байланысы, қалыңдық-жұқалық, перне орны, бәрі дыбысқа әсер етеді. Домбыра – жай аспап емес, ол – акустикалық жүйе.
— Қандай бағыттағы домбыраларды жасайсыз?
— Негізінен күйшілік бағыттағы домбыралар. Шертпе мен төкпе күйге арналған домбыралар бар. Арқаның жеті түрлі домбырасы, батыстың жұмыр домбырасы. Жұмыр домбыраны Ахмет Жұбанов стандарт үлгісіне түсірген.
— Домбыраны қалай күтіп, сақтау керек?
— Домбыраны құрғақ, температурасы тұрақты жерде сақтау қажет. Ылғалдылық шамамен 35% болғаны дұрыс. Күн астында не суықта қалдыруға болмайды. Ағаш жарылып, дыбысы бұзылады. Адам денесі сияқты, күтім керек.
— Қазір шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?
— Иә, Қытайда жүргенде де шәкірттерім болды. Қазір де үйретіп жүрмін. Қытайдағы домбыра жасаушы шеберлердің 70-80%-ы менің шәкірттерім.
— Домбыра жасауды дамыту үшін не істеуіміз керек?
— Ең алдымен үгіт-насихат керек. Қуанышқа орай, қазір жастар арасында қызығушылық бар. Сабақ ретінде мектептерде оқытылып жатыр. Бұл – ұлттық өнеріміздің дамуына үлкен үлес.
— Республика көлемінде шілде айының бірінші жексенбісі — Домбыра күні. Осы мерекеге қатысты тілегіңіз қандай?
— Арманым – осындай мерекеге қатысу болатын. Астанада болып, осындай шарада болу — үлкен бақыт. Домбыраны ұлықтап жүрген күйшілерге, бұл күнді белгілеген басшыларға алғысым шексіз. Қазақ пен домбыраны бөліп қарауға болмайды. Бұл — ұлттың мерекесі.
— Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра.
— Иә, бұл ұлттық қазынамыз. Мемлекеттік деңгейдегі науқандық мереке емес, жүректен шыққан ұлттық мейрам болсын. Бәріңізге шаттық пен береке тілеймін! Қазақстан жасай берсін!
Сұхбаттасқан: Айдана Керимбаева
Толығырақ: Otandastar Channel