Осыдан дәл 33 жыл бұрын, яғни 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, шетелдегі қандас бауырларды тарихи отанына қайтару жұмыстары басталды. Бұл өз кезегінде көші қон процесін заңдастыруды талап етті.
Маңызды тарихи және саяси шешім қабылданып, халық санының және оның табиғи өсуін ұлғайту, елдегі демографиялық ахуалды сауықтыру мен этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтару мақсатында Қазақ КСР Министрлер Кабинеті 1991 жылы 18 қарашада «Басқа республикалық және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» Қаулыға қол қойып, қандастарды (ол кездегі атауы - Байырғы ұлт адамдары) тарихи отанына оралту процесі басталды.
Ол кезде мемлекетіміздегі қазақ халқының үлесі 40% болды. Репатриация, осы тұрғыда, титулдық ұлт өкілдерінің санын пайызбен көбейтуге, жас республиканың егемендігін одан әрі нығайтуға ықпал етуі керек еді.
Аталған құжат кешенді сипатты қамтып, қандастардың қоныс аударуына арналған бағытты іс жүзінде іске асыруға байланысты мәселелердің ұзақ тізбесін қамтыды.
Осы қаулы қабылданғаннан кейін басқа да тиісті нормативтік-құқықтық актілер, тұжырымдамалар мен бағдарламалар бірінен соң бірі қабылдана бастады.
Этникалық көші-қон мәселелерін сәтті шешуге ықпал ету мақсатында арнайы Агенттік құрылды. Бұл қадам көші қон мәселесінің мемлекетіміз үшін маңызды бағыттың бірі екенін көрсетті. Атап айтқанда, ҚР Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы Жарлығына сәйкес Агенттік тікелей Қазақстан ҚР Президентіне бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган болды.
Алғашқы көш Моңғолия, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Қытай Халық Республикасы, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан сынды елдерден бастау алды. Осы көш барысында әртүрлі кедергілер мен қиындықтар (автокөліктермен, теміржол, әуе және теңіз жолдарымен тасымалдау т.б.) болып, оларды абыроймен өткеріп, көш сәтімен атқарылды.
Біреуге мәлім болса, біреуге беймәлім, сол жылдары алғашқы көші-қон мәселесімен тікелей айналысып, Көші-қон комитетінде қызмет атқарған азаматтар - Марат Қонақбаев, Ғалия Құсайнова , Марат Тоқсамбаев сынды ел азаматтары еді. Олар көштің басы-қасында жүріп, талай тарихи оқиғаларға куә болған. Сол тарихи-қызықты оқиғалардың бірі, көш басталар уақытта Ираннан темір жол көлігімен келе жатқан қандастардың бірі пойыз ішінде қыз баланы дүниеге әкеліп, есімін (сірә, кездейсоқ емес болар) Жолдыгүл қойды. Көш кезінде бұдан да басқа қызықты әрі маңызды оқиғалар көп екеніне сенімім мол.
Сол жылдардағы мәлімет бойынша ҚР-нан тысқары жерлерде 4,1 млн. этникалық қазақ тұрса, ҚР аумағындағы қазақтардың саны - 8,13 млн., ал дүние жүзіндегі бүкіл қазақтың саны - 12,2 млн. адам болды. Демек, қазақтардың үштен бірі шет елде тұрды деген сөз.
Ал қазір ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 1991 жылдан бері елімізге 1 млн 120,7 мың этникалық қазақ оралды. Солардың еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде білім деңгейі бойынша 15,6% жоғары білімі, 34,4% арнаулы орта білімі, 41,2% жалпы орта білімі бар.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 қазанына дейін 16 408 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесіне ие болды.
Сондай-ақ Республикамыздың әр өңірінде қандастарға арналған 3 қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары, 6 уақытша орналастыру орталықтары бар. Заңнамаға сәйкес бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін алу мақсатында қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің уақытша тұруын қамтамасыз ету Орталықтың негізгі міндеті болып табылады.
Тәуелсіздік алғалы бері шетелдегі қандастарға деген ресми атау әртүрлі айтылып келді. Олар: Байырғы ұлт адамдары (1991 жылдан бастап 2007 жылға дейін), Оралман (2007 жылдан бастап 2020 жылдға дейін), Қандас (2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін). Қазір шетелдегі отандастарымызды қандас деп атап жүрміз. Тіпті болашақта осы бір атауларсыз-ақ, бөліп-жармай түбі бір қазақ деп аталамыз деген үміт бар.
Қазіргі таңда шетелдегі қандастарды тарихи отанына репатриациялау мәселесі бұрынғыдай белсенді түрде жұмыс істемесе де, өз жұмысын тоқтатқан жоқ.
Биылғы жылдың қарашадағы мәліметіне сәйкес, ҚР халық саны 20 млн. адам, ресми мәлімет бойынша оның ішіндегі қазақтар саны 68,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткішке көшіп келген қандастардың қосқан үлесі зор.
Бейресми мәлімет бойынша, әлемнің 40-қа жуық мемлекетінде 6-7 млн. жуық қандас тұрады екен. Сол қандастарды тарихи отанына қайтару бағытында мемлекетіміз үшін жұмыс істеу парыз деп түсінемін. Кем дегенде олармен байланысты үзбей әрдайым өзара тығыз қарым-қатынаста болып, тілі мен ділін және мәдениетін сақтауға бар үлес-жігерімізді қосуымыз керек.
«Әр қазақ менің жалғызым» демекші, осы ұранымызға іс-әрекетіміз де сай болсын десек, мемлекеттік тұрғыда, бар бағдарламаларды жақсарта түсіп, тағы да жаңа жобаларды әзірлеу қажет.
Сурет: ашық дереккөзден
Бертысов Нұрлан,
«Отандастар Қоры» КеАҚ контент-менеджері