Жекенге еріп қазақ малшыларының көші-қонымен танысайық – «Халық газеті»

31 Мамыр, 2022

Қазіргі уақытта заман талабына сай Қытайдағы қазақ бақташылары бұрынғыдай түйемен көшіп-қонып жүретін көшпелі дәстүрді артқа тастағаны белгілі. Дегенмен, осы күнге дейін қазақтың көші-қон мәдениетінің мұрагері ретінде түйемен көшуді жалғастырып жүрген қандастарымыз да бар. Солардың бірі - Жекен Расбайұлы. 
«Халық газеті» ақпараттық порталында Жекеннің көші-қоны туралы видео ақпарат жарияланған екен. Қытайлық қандасымыз бұл видео ақпаратта қазақтың киіз үйді жығу, түйеге жүкті арту ережелерін қысқаша таныстырған. Сондай-ақ, Ж. Расбайұлы ұлтымыздың дәстүрлі көші-қон дәстүрі заман ағымынан қалып қоймай, жалғаса берсе деген арманы бар екенін айтады. Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, көші-қон Шыңжаңдағы қазақ малшылары үшін күнделікті тұрмыстың бір бөлігі еді. Қазіргі уақытта қазақ малшыларының сол көшіп-қону әдет-ғұрыптары автономиялық өлке деңгейіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. 
«Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Көкағаш елді мекенінде тұратын Жекен Расбайұлы өмірінің көп бөлігін отбасымен бірге қыс қыстау, жаз жайлауда өткізген, қазақтың көші-қон мәдениетінің мұрагері. Бүгін Жәкен Расбайұлы отбасы мен төрт түлігін, жайлаудан күзеуге қарай көшіреді. Қазіргі таңда көптеген малшылар көші-қон үшін моторлы көлік пайдалана бастаса да, Жекен осы бір дәстүрлі көшіп-қону мәдениетін қорғау қажет деп санайды», - деп жазады Қытайдың «Халық газеті».

Жекенге еріп қазақ малшыларының көші-қонымен танысайық – «Халық газеті»