Анкарадағы қазақ ғалымына «Алаш» сыйлығы берілді

31 Мамыр, 2022

Анкарадағы Қажы Байрам Вели университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлжанат Құрманғали Ерджиласун «Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлы» медалімен марапатталды, деп хабарлайды «Түркия Радио Теледидар» ақпараттық агенттігі. 
Аталған басылымының дерегінше, «Qyr balasy» қоғамдық қоры Әлихан Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты Ғылыми кеңесінің шешімімен тағайындалған марапат түрік елінде қазақ тарихын зерттеп, насихаттап жүрген қазақ қызына табыс етілді.
Айта кетейік, Түрік елінің елордасында ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын Гүлжанат Құрманғали өзінің Түркияда жарық көрген «Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихнамасы: мифтер мен шындық» атты кітабында ұлы Алаш қайраткерінің шығармасына орын берген. Атап айтатын болсақ, ол қазақтың алғашқы Конституциясының авторы Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставы» деп аталатын 4 бөлім, 28 баптан тұратын еуропалық стильдегі құқықтық-саяси маңызы зор заң жобасын түрік тіліне аударған. Гүлжанат Ерджиласун ғылыми еңбегінде оны талдап, университеттердегі дәрістерінде оқытып, жас ұрпаққа насихаттау арқылы Алаш идеясының Түркияда таныстырылуына орасан зор үлес қосып келеді.
    «1914 жылы ауыр науқастан қайтыс болып, Алаш автономиясының жарияланғанын көре алмай кеткен Сырттанұлы - тіл жанашыры, ағартушы, публицист, түркітанушы, шығыстанушы. Алаш қайраткері заңгер ретінде тарихта қалған маңызды еңбегі - Қазақ елінің алғашқы конституциясын 1911 жылы Петерборг қаласында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен бүркеншік атпен жазып шыққан», - деп түйіндейді TRT

Анкарадағы қазақ ғалымына «Алаш» сыйлығы берілді