«Отандастар қоры» өкілдері С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да оқитын қандас студенттермен кездесті

14 Сәуір, 2022

2022 жылғы 13 сәуір күні «Отандастар қоры» КеАҚ (әрі қарай – Қоғам) өкілдері Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқитын қандас студенттермен кездесті.

Кездесуде Қоғамның құрылудағы мақсат-міндеттері, қолға алған қызметтері туралы «Отандастар қорының» ресми өкілі Жұмағазиев Нұрымжан атап өтсе, Қандастарды қолдау департаментінің бас менеджері Еркебұлан Меңлібаев көші-қон мәселелері бойынша сөз сөйледі. Студент жастарға алдағы уақытта Қазақстанда қалған жағдайда азаматтық алу жолдарының мән-жайын кезең-кезеңімен түсіндірді.

Сондай-ақ «Отандастар қорының» жанынан құрылған «Жас қазақ» халықаралық жастар ұйымы туралы Лашын Жанарбек презентация жасап, жастар ұйымының жобаларымен таныстырды. Ал «Отандастар қорында» білім бағыты бойынша жауапты менеджер Бердірахманова Еңлік стипендиялық бағдарламаға құжат тапсыру, Қазақстанда магистратура бойынша білім алу туралы ақпараттармен бөлісті.

Университет ұжымы тарапынан кездесуге қатысқан Жастар саясаты департаментінің директоры Ахметов Әділет Мырзаханұлы оқу ордасының атынан «Отандастар қорына» ризашылық білдіріп, ұсынылған жобаларды жүзеге асыруға университет тарапынан қолдау көрсететіндігін жеткізді.

Екіжақты кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей спикерлерге қойып, тиісінше жауап алды.

«Отандастар қоры» өкілдері С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да оқитын қандас студенттермен кездесті