Қандастар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің онлайн кездесуі өтті

11 Тамыз, 2021

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Отандастар» қоры алаңында мемлекеттік органдар мен қандастардың арасында онлайн-кездесу өтті.

Қандастардың өзекті сұрақтарына ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті және «Отандастар қоры» КеАҚ басшылығының өкілдері жауап берді.

Кездесу барысында көші-қон процесі кезінде құжаттарды рәсімдеу, карантиндік шектеулер кезеңінде олардың шетелден Қазақстанға келу тәртібі, виза алу үшін шақыруға қойылатын талаптар, Қазақстанға қоныс аударғысы келетін этникалық қазақтардың ұлтын айқындау тәртібі және т.б. сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар шетелден қоныс аударған этникалық қазақтардың еңбек өтілін есепке алу, жеке шаруашылық жүргізу мақсатында ауыл шаруашылығы жерлерін және жайылымдық жерлерді ұзақ мерзімге жалға алу мәселелерін көтерді.

Қандастар мемлекеттік органдардың өкілдерінен өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға жауап алды.

Қандастар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің онлайн кездесуі өтті