Нұр-Сұлтан қаласында қандас жастарға арналған «Отандастар алаңы» ашылды

07 Тамыз, 2021


 
2021 жылдың 6 тамызында Нұр-Сұлтан қаласы «Отандастар Қоры» КЕАҚ кеңсесінде қандас жастардың әлеуметтік және шығармашылық бағыттағы жобаларын жүзеге асыратын алаңның ашылуы өтті. «Отандастар алаңы» деп аталатын жобаны жүзеге асыруына бірден-бір себепкер – «Жас қазақ» халықаралық жастар ұйымы.
Аталмыш ұйым 2021 жылғы 5 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының (@ns_jastary , @astana_jastary) ұйымдастыруымен өткен «Волонтерлық бастамаларды қолдауға бағытталған шағын гранттар» байқауының жеңімпазы атанып, 300 мың теңге көлемінде грантқа ие болды.

«Жас Қазақ» ұйымы 2020 жылдан бастап қарқынды түрде жұмыс істеп келеді. Басты мақсатымыз – әлемдегі қазақ жастарының ортақ платформасын қалыптастыру. Бүгінде Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Түркіменстан және бірқатар Еуропа елдерінде тұратын қазақ жастары ұйымның мүшесі. Жас қазақтың тағы бір мақсаты – қазақстандық жоғары оқу орындарына білім алуға келетін қандас жастардың жергілікті қоғамға бейімделіп, олардың әлеуметтік және шығармашылық қабілеттерін одан әрі дамытуға мүмкіндік беру. Отандастар алаңы қандас жастардың тұлғалық дамитын және достар табатын ортаға айналатынына сеніміміз мол. Осындай мүмкіндікті сыйлаған Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасына және Отандастар қорына алғысымызды білдіреміз» - дейді ұйым төрағасы Алжан Шарипов

Нұр-Сұлтан қаласында қандас жастарға арналған «Отандастар алаңы» ашылды