«Отандастар қоры» шетелдегі қандастарға қазақ тілінен сабақтар ұйымдастырады

22 Қаңтар, 2021

2021 жылғы 22 қаңтарда «Отандастар қоры» мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы арасында кездесу өтті. Іс-шараға «Отандастар қоры» КеАҚ Вице-президенті Мағауия Сарбасов, Жобалар координаторы Дидар Болат, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме басқармасының басшысы София Омарова, Бас менеджер Нұржан Сейсенбек және екі ұйымның өкілдері қатысты.

Кездесу аясында «Отандастар қоры», «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен шетелдегі қандастар мен отандастарға арналған қазақ тілін үйрету жобасы талқыланды.

Жобаның басты мақсаты – шетелдегі этникалық қазақтардың білім алуына және тілін сақтап қалуына жағдай жасау, қазақ тілінің таралу аймағын кеңейту, шет елдердегі қазақтар арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру.

Шеттегі қандастарымызға қазақ тілін оқытатын ортақ әдістемелік арқылы 3 бағытта («Абай институты» порталы, «Онлайн» форматтағы курстар, «Офлайн» форматтағы курстар) бірдей оқытылады. Аталған тіл оқыту бағыттарға әдістемелік қолдау көрсетіп, бағдарламалар дайындауға атсалысқан – Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ғылыми-практикалық орталығы.

Айта кету керек, курс соңында барлық бағыттың нәтижесі «Қазтест» жүйесі арқылы анықталып, қатысушыларға тіл білу деңгейіне қарай сертификаттар тапсырылады. 11-18 жас аралығындағы қатысушылардың сертификаттары «Отандастар қоры» КЕАҚ пен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ ұйымдастыратын балалар лагеріне тегін қатысуға мүмкіндік береді. 

«Отандастар қоры» шетелдегі қандастарға қазақ тілінен сабақтар ұйымдастырады