Әлемдегі қазақ ұлттық мәдени орталықтарының жетекшілеріне

15 Желтоқсан, 2020

Құрметті қандастар!

Ардақты ағайын!

Сіздер арқылы алыс-жақын шет елдерде тұратын барша қаңдастарымызды Ұлы дала елінің ең үлық мерекесі - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Міне, біз биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына қадам бастық. Қазақы тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттар басында тұрмыз.

Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артқаны бесенеден белгілі. Біз осынау ұлы тағдырды қабыл алып, халықтың бірлігі арқасында сынақтардан сүрінбей өтіп келеміз.

Бүгінгі таңда Қазақстан тұғыры берік, тұлғасы биік ел болып, төрткүл дүние таныған мерейі үстем мемлекетке айналды. Бұл жетістікке Сіздердің де қосқан үлестеріңіз қомақты екені сөзсіз.
Сонымен қатар былтырдан бері жер-жаһандағы адамзат атаулыға қатер төндіріп, күллі әлемді күрделі күйге түсірген қауіпті індеттің өршіген кезінде әрқайсыңыздың жанашырлығыңызды жан-дүниемізбен сезіндік. Қайғыға душар болып, қара жамылған қаншама шаңыраққа қайырымдылықпен қарасқан тілеулес пейіл, ниеттес көңілдеріңіз үшін Сіздерге риясыз ризалық білдіріп, шексіз алғыс айтамыз.

Біздің тараптан шетелдегі және елімізге көшіп келген ағайынды қолдау бағытында атқарып жатқан ауқымды жұмыстарымыз да ешқашан тоқтамайды.

Сіздердің отбасыларыңызға, әрбір қазақ бауырымызға зор денсаулық, амандық-саулық және ізгі істеріңізге табыс тілеймін!

Ұлы Даланың ұлы тағдырын айқындаған Тәуелсіздік күні құтты болсын, ағайын!

Ізгі ниетпен,

«Отандастар қоры» КеАҚ Президенті

Н.Әбіқаев

Әлемдегі қазақ ұлттық мәдени орталықтарының жетекшілеріне