«Отандастар қоры» жанындағы Қоғамдық комиссияның отырысы өтті

27 Қазан, 2020

2020 жылғы 27 қазанда «Отандастар қоры» КеАҚ жанындағы Қоғамдық комиссияның отырысы өтті.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, комиссия төрағасы Мұрат Бақтиярұлы, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Гүлжахан Бимендина, сондай-ақ Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері және т. б. қатысты.

Жиын барысында Ақмола облысы «Нұрлы көш» (Красный Яр) ауылындағы қандастарға салынған үйлердің заңдастыру мәселесі айтылды.

«Нұрлы Көш» бағдарлмасы бойынша Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Красный Яр ауылында 2009 жылы республикалық трансферттердің есебінен шамамен 1,5 млрд.теңге сомасына (1 466 млн. теңге) 138 екі пәтерлі тұрғын үйлер салынған болатын. 2011 жылы тұрғын үйлер «Есіл» ӘКК» ҰК» АҚ балансынан Көкшетау қ. әкімдігінің балансына берілді. Үйлердің жалға берілуіне байланысты, яғни оларға меншік құқығы жоқ, сондықтан тұрғындар жылжымайтын мүлікті күтіп-ұстауға қаржылай жүктемені алғысы келмейді», - дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев.

Бүгінгі таңда, осы бағдарламаның барлық қатысушылары Қазақстан Республикасының азаматтары. 

«Орын алған жағдайды шешу үшін, тұрғын үйлерді, сол үйлерде тұрып жатқан азаматтардың меншігіне беру барынша ұтымды, әрі экономикалық тұрғыдан алғанда тиімді болады. Алайда, қазіргі уақытта бағдарлама қатысушысына тұрғын үйді беру тетігі заңнамамен қарастырылмаған. Ол үшін, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға өзгерістер енгізу немесе жалға алу берешегін өтеу талабымен «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушылардың меншігіне тұрғын үйді беру қағидасын әзірлеу қажет», - деді жиын барысында әкім орынбасары.

Айта кетейік, Қоғамдық комиссия шетелдегі отандастарды қолдау, сондай-ақ тарихи Отанына оралған қандастарды бейімдеу және ықпалдасу жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруда жан-жақты қолдау көрсету мәселелері талқыланатын диалог алаңы ретінде әрекет етеді.

Осы орайда бүгінгі отырыс барысында Қазақстанның аймақтарындағы ауыл шаруашылық мақсатында қолдануға жарамды бос жер телімдерін қандастарға беру мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында қандастарымызды солтүстік өңірлерге көшіруге қатысты мемлекеттік саясатты жандандыру мәселелері айтылды.

Қоғамдық комиссияның қорытындысы бойынша шетелдегі отандастарды және Қазақстанға ерікті түрде қоныс аударған қандастарды қолдау  шаралары бойынша ұсыныстар берілді.

«Отандастар қоры» жанындағы Қоғамдық комиссияның отырысы өтті