«Сарыкөбелек сағыныш» атты халықаралық жыр мүшәйрасы өтеді

07 Қазан, 2020

Тәуелсіздік мерекесіне орай ақын, сағыныштың символына айналған шайыр-жырау, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жәркен Бөдешұлының шығармашылығына арналған «Сарыкөбелек сағыныш» атты халықаралық жазба ақындар мүшәйрасы өтеді.

Мүшәйраны Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» КЕАҚ және «Alash-CUP» қайырымдылық қоры бірлесіп ұйымдастырып отыр.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Адам баласы - шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені. Талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп атап өткендей, туған жерге сағыныш - ет жүректі пенденің жүрек түкпіріндегі лүпілі. Ал оның ақындар санасын бұлқындырып, жыр болып өрілмеуі мүмкін емес. Осы тұрғыдан қарағанда шетелден келген, туған жері жаттың меншігінде қалған қазақ ақындарының жан сезімі айтпаса да түсінікті. Туған жерін жарты ғасыр жырлаған Жәркен ақынның «жауыр болған» сағыныш дерті жырқұмар талай жастың жүрегін шымшылаған ғажайып сезімге ұласқаны анық. Бұл шараның мақсаты - жас ұрпақтың санасында Жәркен Бөдешұлының шығармашылығын насихаттау, жастар шығармашылығына қолдау көрсету», - дейді жоба авторы, «Отандастар қорының» менеджері Талапбек Тынысбекұлы.

Мүшәйраға 40 жасқа дейінгі ақындар екі өлеңімен қатыса алады.

Бірінші өлеңі ақын Жәркен Бөдешұлының шығармашылығына, ақындық болымысына, тұлғалық келбетіне арналуы міндетті.

Екінші өлең сағыныш, туған жер тақырыбында болмақ.

Шығармалар бірінші желтоқсанға дейін t.talapbek@mail.ru электронды поштасына қабылданады. Мүшәйра қортындысы қазылар алқысының шешімімен Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланып, жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өткізілмек.

«Сарыкөбелек сағыныш» атты халықаралық жыр мүшәйрасы өтеді