Қандас жастар Түркістанда бас қосты

23 Қыркүйек, 2020

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар қорының» қолдауымен «Жас қазақ» халықаралық жастар ұйымымен бірлесіп үшінші рет Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат ұйымдастырды. Айтулы іс-шара «Киелі Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асты. Соңғы жылдары шетелдегі қазақ жастарымен байланыс орнатылып, жүйелі жұмыс бір арнаға түсті.

Жобаның басты мақсаты – қандастарымызды Қазақстанның киелі жерлерімен таныстырып, қандастарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар туралы ақпарат беріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде білім, мәдени-гуманитарлық мүмкіндіктер жөнінде мәлімет жеткізіп, болашақта жиынға қатысқан этникалық қазақ жастарымен бірлесіп жұмыс істеуге, қарым-қатынасты нығайтуға жол ашу көзделген.

Әлемге таралған пандемия салдарынан биыл шетелден қандас жастар келе алмады. Сол үшін «Киелі Қазақстан» жобасына еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан студент жастар қатысты. Көршілес алыс-жақын шетелден келген 20 жас Түркістан облысы мен Шымкент қаласына саяхаттады.

Игілікті шара екі күнге жоспарланды. Алғашқы күні «Қандас жастармен – болашаққа» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, шараға қатысушылар атқарылып жатқан жобалармен танысып, ойларын білдірді. Шымкент қаласындағы көрікті жерлерді тамашалап, Сайрам тарихымен танысты.

Екінші күні қатысушылар киелі Түркістан қаласына барып тарихи орындарды аралап көрді. Шара соңында жастарға «Әлем қазақтары» деген кітап пен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Қандас жастар Түркістанда бас қосты