ҰЛЫЛАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

28 Шілде, 2020

Қандас бауырлардың қазақтың Ұлы тұлғаларына, жауһар туындыларына деген қызығушылығы мен оны насихаттаудағы табандылығы – алабөтен. Себебі, жанға – дәру, рухымызға демеу болған ұлы шығармалар мен еңбектер Өзбекстандағы қандастарымыздың да санасынан кеткен емес. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі пәрмен беріп, құрылуына зор үлес қосқан Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы бұл жағынан алдыңғы орында келе жатыр.

Өздеріңіз білесіздер, биыл адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы. Осыған орай, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы мазмұнды, мағыналы, көпшіліктің қызығушылығын тудырған бірнеше шара өткізді.

Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдыған орай шайырдың өлеңдері мен оған арналған поэзиядан талантты жастар арасында челлендж өтті. Челленджге еліміздің түкпір-түкпірінен өлеңнің қасиеті мен сөздің қуатын білетін жастар қатысып, өзінің өнерін көрсетті. Әсіресе, Науаи облысына қарасты Учкудук, Зарафшан қаласынан ниет білдірушілер көбейіп, челленджге белсенді қатысып, Абайдың жауһар туындыларын оқып берді. Мектеп оқушыларының Абайға арналған жүрекжарды өлеңдері көптің көңілінен шықты.

Челлендждің қорытындысы бойынша Ерболат Қуатбек 1-орынға ие болса, 2-орынға қандас бауырымыз Төлеген әл-Оразжани лайық деп танылды.

Абайдың Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтіп барысында әсіресе өзбек тілінде жарық көрген кітап игі бастама болды. Абай өзбек тілінде үн қатты.
Өзбекстанның белгілі ақын-жазушылары атсалысып, кітаптың құнды әрі дизайн жағынан келісті болып шығуына талмай еңбек етті.

Ал Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арнап Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы конференция ұйымдастырды. Оған белгілі ғалымдар мен әл-Фарабитанушылар қатысып ауқымды пікірлер мен талқылаулар айтылды. Әбу-Насыр әл-Фарабидің өлмес шығармалары мен ғылыми трактаттары – өшпес мұра.

Бұл – Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының жасаған шаралардың бір парасы ғана. Алдағы уақытта да ұлыларды насихаттау жолында ауқымды шаралар өткізетін болады.

Клара САДЫРБАЕВА, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының төраға орынбасары

ҰЛЫЛАР ҰЛЫҚТАЛДЫ